ҚР Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын дамыту бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Төтенше жағдайлардың қаупі туындаған кезде халыққа көмек көрсетудің тиімділігін арттыру» барысында Павлодар ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды.

Аудан әкімі Николай Дычко жаңа өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, тілсіз жаумен күресіп жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Аталған өрт сөндіру бөлімінде 38 өрт сөндіруші қызмет атқарады.

— Жаңа өрт сөндіру кешенінің ашылуы төтенше жағдайларды жоюда Павлодар ауданының өрт сөндіру бөлімшелері қызметінің жеделділігін, тиімділігін арттырады. Мемлекеттің басты басымдығы және Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің негізгі міндеті ең алдымен аймақтың аумағында өрттен қорғау және сөндіру, сондай-ақ, авариялық құтқару жұмыстарын қамтамасыз ету болып табылады. Аталған өрт сөндіру бөлімі заманауи өрт сөндіру техникаларымен толықтай қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру машиналарына арналған жылы бокс қарастырылған, — деді аудан әкімі.

Өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдық округтер мен жалпы аудан тұрғындары үшін техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан қауіпсіздіктің ұзақ мерзімді кепілі болатыны сөзсіз. Бөлім жұмысы Павлодар ауданының ауылдық округтерінде орналасқан өрт сөндіру бекеттерінің жұмысымен үйлестірілген.

 

А.МҰҚЫШЕВ.