Салауатты өмір салтын ұстану — ұлт болашағының кепілі екені сөзсіз. Сондықтан да болар, елімізде жас ұрпақтың спортпен айналысуы үшін жан-жақты жағдай жасалуда. Яғни, жыл сайын спорттық нысандар бой көтеріп, түрлі үйірмелер ашылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар Баянауыл ауданында да өз деңгейінде жүзеге асып жатқанын айрықша атап өткен жөн.
Қазіргі таңда ауданда 55 спорт нысаны, оның ішінде 2 стадион, 2 кешен, 1 хоккей корты, 28 спорт залы, 22 алаң бар. Сонымен қатар, аудан орталығында және Майқайың кентінде 2 спорт мектебі жұмыс істейді. Қос мекеме балалар мен жасөспірімдердің шынығып, бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Мамандардың айтуынша, мұнда қазақ күресі, грек-рим және еркін күрес, дзюдо, самбо, бокс, волейбол, баскетбол, шайбалы хоккей, шахмат, тоғызқұмалақ, асық ату, ат спорты, садақ ату, шаңғы, футбол, үстел теннисі сынды спорттың 18 түрі бойынша 1 мыңнан астам бала шұғылдануда. Бұдан бөлек, ауданға қарасты 10 ауылдық округте мемлекеттік тапсырыс бойынша 5 жеке кәсіпкер спорттық үйірмелер ашып, 400-ге тарта жеткіншекті қамтып отыр. Атап айтар болсақ, «Алаш Дзюдо клуб», «ДОС», «Теміршотов», «Мұзафар», «Школа КЕО» деген атаумен тіркелген жеке кәсіпкерлер ауыл балаларының он шақты спорт түрімен айналысуына жағдай жасауда.
Ерекше айта кетерлігі, ауданда жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастыру да дәстүрге айналған. Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің мәліметінше, былтыр осындай 130-ға жуық спорттық шара өтіп, оған 10 мыңнан астам адам қатысқан. Осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыруға және баянауылдық спортшылардың командаларын түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға дайындау үшін 2023 жылы жергілікті бюджеттен 16,3 млн теңге жұмсалған. Соның нәтижесінде, өткен жылы аудан спортшылары республикалық жарыстардан 19 алтын, 15 күміс, 23 қола медаль, ал облыстық байқаулардан 37 алтын, 42 күміс, 51 қола медаль еншілеген. Солардың бірқатарына тоқталар болсақ, Мұхтар Дәлелханұлы «Қазақстан барысы-2023» республикалық турнирінде 3-орын, белбеу күресінен ҚР чемпионатында 1-орын, қазақ күресінен ҚР чемпионатында 3-орын иеленді. Гір спортының шебері Танат Бердалин Өзбекстан мемлекетінде өткен әлем чемпионатында 2 орынды, Қырғызстан мемлекетіндегі Азия біріншілігінде 2 орынды олжалады. Ал асық атудың хас шебері Қуаныш Қабылда Румынияның Константа қаласында ұйымдастырылған халықаралық турнирде 2-орынға ие болды. Қасиетті Баян өңірінде бұдан басқа да республикалық, әлемдік чемпионаттарда ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкке көтеріп жүрген спортшылар аз емес.
Аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі мамандарының айтуынша, бүгінде өңірде жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны 8 мың адамға жуықтаған. Алдағы уақытта да аудандықтардың спортқа деген қызығушылығын арттыру үшін жаңа нысандар ашылмақ екен. Мәселен, бүгінде Баянауылда спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының жобасы іске асырылуда. Сол бойынша жүзу бассейні мен ойын залдарын салу қарастырылған. Бұл өз кезегінде өңірде спортпен жүйелі түрде шұғылданатын тұрғындардың артуына септігін тигізеді, дейді мамандар. Сонымен қатар, болашақта қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында аудан орталығында қашықтығы 3 шақырым, ені 6 метрді құрайтын шаңғы роллер трассасының құрылысын салу жоспарланған. Демек, алдағы жылдарда баянауылдықтарды жағымды жаңалықтар күтіп тұр. Бұл – спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға бет бұратындар қатарын арттырмақ.