student boy learning and reading book

Бүгінде қоғам арасында «Балалар кітап оқымайды» деген түсінік қалыптасқан. Оған техника және ғылым дамыған уақытта гаджеттердің пайда болуы мен әлеуметтік желілердің көбеюі әсер етсе керек. Дегенмен, арамызда кітап оқуға құштарлық танытып жүрген бүлдіршіндер де бар. Олар қандай кітаптар оқиды? Кітап оқуда неге баса мән береді? Бұл сауалдар төңірегінде кішкентай оқырмандар арасында сауалнама жүргізуді жөн санадық.

Аружан, 8 жаста:

— Маған кітап оқыған ұнайды. Әсіресе, ертегілерді көп оқимын. Сабақтан тыс уақытта мектеп жанындағы кітапханаға барып, жиі кітап алып тұрамын. Онда кітаптар өте көп. Кітапты оқыған соң түсінгенімді анама әңгімелеп беремін. Мәселен, жуырда «Қызыл телпек» ертегісін аяқтадым. Оқиға желісі ұнады.

Маржан, 15 жаста:

— Күнде кітап оқуға тырысамын. Өйткені, оның пайдасы мол. Соңғы рет жазушылар Дулат Исабеков пен Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелерін, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын оқыдым. Қазіргі уақытта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқуды қайта бастадым. Жалпы, қолым қалт еткенде бұрын оқыған кітаптарымды қайталап оқып шығамын. Өйткені жақсы жазушының шығармалары әр оқыған сайын жаңа қырынан ашыла түседі. Кей жерлерін өзіме түртіп аламын. Барлығына кітап оқуға кеңес беремін.

Інжу, 14 жаста:

— Біріншіден, көркем шығарманы оқу адамның қиялын дамытып қана қоймай, өзгелердің ішкі сезімін тереңірек түсінуге көмектеседі. Ойлау жүйесі артады. Сондай-ақ, айналада орын алып жатқан оқиғаларға сәйкес өзіндік көзқарас қалыптасады. Екіншіден, шығарма кейіпкерлерімен бірге уайымдап, бірге қуанамыз. Бойымызда қайырымдылық, жанашырлық сезімдері дамиды. Үшіншіден, сөздік қорымызды байытамыз. Әдемі сөйлей білу де — өнер. Сондықтан қызықты әрі пайдалы кітаптарды көбірек оқу керек. Оқыған кітабымызды достарымызбен немесе ата-анамызбен бөлісеміз. Сондықтан достарымды кітап оқуға шақырамын. Бүгінге дейін «Абай жолы», «Көшпенділер», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ұлпан», «Ақбілек» романдарын оқыдым. Ойыма көп дүниені түйгендей болдым. Себебі авторлар болған оқиғаны үлкен шеберлікпен жеткізе алған. Ал бүгінде жас қаламгер Бейбіт Сарыбайдың шығармаларын оқып жүрмін.

 

Сауалнаманы жүргізген — Айдана Боранбаева.