Өзін құрметтейтін, шығармашылығын қадағалап жүретін замандасыңның әр жаңа туындысы, жаңа жетістігі сені де шабыттандырады. Үнемі ізденісте жүретін сондай қаламгермен пікірлескенде, оның ғана емес, өзіңнің де қарым-қабілетіңді, жазу шеберлігіңді, білім деңгейіңді анықтап, бағамдауға мүмкіндік туады.
Кейінгі бір жылда «Қасіретті КарЛаг», «Ұлы дала» секілді республикалық бірнеше әдеби байқауда топ жарған Нұрбек Кеңесбай поэзияда, прозада, аудармада талғамға татымды туындыларымен қуантты, балаларға арналған шығармаларымен де сүйсінтті. Өзіне де, жазуына да жауапкершілікпен қарайтын қаламдасымның шығармашылық шеберханасына барлау жасап көрген едім. Барлау нәтижесіне бірге куә болайық, қадірлі оқырман!
– Нұрбек, ақындық мінез деген не?
– Ақындық мінез дегенді түсін-дірудің өзі қиын сияқты. Себебі әр ақынның өзіндік мінезі болады. Мысалы, әлемдік поэзия тарихындағы құбылыс саналатын, бостандықты сүйген, екіжүзділікті жек көрген Байрон, саяси тұрғыдан, барлық авторитарлық жүйенің қас жауы, тұлғалық жағынан, шектен шыққан индивидуалист болған екен. Бірақ Байрондағы сол индивидуализм оның туа біткен қасиетті мінезі саналып, бүкіл Еуропаны аузына қаратқан асқақ рухты «менге» айналдырды.
Қазақ зиялыларының көбі кірпінің инесіндей көрген, университет берген төсбелгіні кеудесіне емес, балағына тағып жүретін Өтежан Нұрғалиев мінезінің «біртүрлі» болғаны туралы көп айтылады. Себебі, қиямпұрыс, қыңыр-қырсық болған екен. Оны біреулер қолдан жасап алған жалған мінез дейтін көрінеді. Меніңше, мұндай «біртүрлі» мінез қолдан жасалса да Өтежанға жарасатын сияқты. Өтежан сияқты 8 мыңнан астам сирек кездесетін кітап жинап, оны кемірумен күн кешсем, мен де Пушкинді жоққа шығарар едім… Есенғали Раушанов та өзімен білімі деңгейлес адам болмаса, іштесіп сөйлеспеген деседі. Мұқағалидың да өз ортасын «мүйіздеп» алатын асау мінезі болған екен. Соған қарағанда, ақындық мінез деген – өзінің біліміне, ішкі қуатына сенгеннен кейінгі, дүйім жұртқа «біртүр-лілеу» болып көріну шығар деп түсінуге де болатын сияқты.
Ал енді ақындық мінез деген – хан алдында қасқайып тұрып оның айыбын бетіне басу болса, онда Асан Қайғыша: «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің!»; Жиенбетше: «…Менімен, ханым, ойнаспа! Менің ерлігімді сұрасаң, жолбарыс пен аюдай. Өрлігімді сұрасаң, жылқыдағы асау тайыңдай»; Махамбетше: «Хан емессің, ылаңсың, Қара шұбар жылансың…» деп ойқастау керек шығар! Ақындық мінезді дәл осындай болу керек деп түсінсек, онда «тұлпарға мінген ұлы даланың, тарпаң мінезді ұлы» Маралтай Райымбекұлы «Кие» деген поэма жазбас еді…
Сондықтан «ақындық мінез» деген абстрактілі ұғымға жан-жақты қарау керек. Нағыз ақындардың ғажап поэзиясынан ғана сезіліп тұратын рух, сол ақынның мінезі болуға тиіс.
– Әдебиетке насихат
қажет пе?
– Әдебиеттің негізгі миссиясы – насихат, бірақ насихатталғанның бәрі – әдебиет емес, әдебиеттің қызметі – адамзатты тәрбиелеу, бірақ тәрбиенің бәрі – әдебиет емес.
Әдебиетті озық өркениетке жетудің бірден-бір құралы ретінде насихаттау керек. «Қазақ әдебиетіне жарнама жетіспейді» деген сөз көп айтылады, ол — рас. Жарнаманың бәрі ақпараттық дүниелерге ауысқан сайын, көркем әдебиет көбіне керек болмай қалды. Бұл жерде сан мен сапа мәселесі тұр. Егер біздің халқымыздың саны Бразилиядағыдай 200 миллионға жақындаса, онда бізден талай-талай Пауло Коэльолар шығар еді. Мұны айтып отырғаным, осы жазушының «Алхимик» дейтін аллегориялық романы дүние жүзіне 65 миллион данамен таралып, 68 тілге аударылып, ХХ ғасырдың құбылысына айналған екен. Бұл жерде PR-акциялардың жемісті еңбегі жатыр. Сол романды ертеде оқығам, мифтік, магиялық сарыны басым, әншейін бір қойшының қиялы. Ал қойшының қиялы дәл қазақ жазушыларына жат дүние
емес деп ойлаймын… Ондай шығарманы кез келген қазақ жазушысы жаза алар еді.
Бұл жерде айтпағым: біздің әдеби орта PR-менеджментке дайын емес, біздегі шыққан кітапты сатып алатын оқырмандар саны, мықты PR жасайтын әдеби агенттердің де мүддесінен шыға алмайды. Демек, жарнама болса да өтеуі ақталмайды. Сондықтан біздегі үлкен мүмкіндіктің бәрі уақыттың еншісінде. Ал қазірге, сіз бен біз оқып болған, талғамды өсіруге жарап тұрған көркем әдебиетті айналамызға насихаттай жүрсек жетіп жатыр.
– Қаламгердің шындық үшін күресі қандай болуы керек?
– Қаламгер дейтін қастерлі атақты арқалап жүрген адамдар — сол ұлтты тұтастай жөнге сала алмаса да, белгілі дәрежеде руханиятына үлес қоса алатын топ деген сөз. Айтары бар адамдардың сөзі дуалы келеді, сөзіне ел тоқтай біледі, сондықтан ол шындық үшін ғана күресуге тиісті. Ал шындық осы екен деп, топты ортада ел назарын өзіне аудару үшін аттандап шыға келу қаламгерге тән қасиет емес. Қаламгердің мақсаты — жазу, ұлтты тәрбиелеу. Сондықтан қаламгер үшін шындықпен күресудің формасы тым өрескел болмауы керек дер едім.
– Қандай тақырып-
та шығарма жазғың келеді?
– Мен соңғы екі жылдан бері балалар әдебиетіне назар аудара бастадым. Біраз жазғаным да бар. Бізде де Марк Твеннің «Томның шытырман оқиғалары», Андерсеннің ертегілері, Джон Кэтрин Роулингтің «Гарри Поттері» жазылуға тиіс қой. Болашақта сондай әлемдік дүниелерді жазғандардың қата-рынан мені көрсеңіз, қашан айт-
тың демеңіз…
Ғылыми фантастика қызықтырып жүр соңғы кездері. «Қайта тірілген Аттила және оның Марсты бағын-дырған ұлы – Тәңірқұт» дейтін 25 бетке таяу тырнақалды ғылыми фантастикамды да жазып қойдым. Бір түсінгенім, бұл тақырыпқа өте көп ізденіс қажет екен. Шексіз қиялыңнан тыс, геометриялық, физикалық, химиялық білімің һәм жаратылыстанудан сауатың болуы керек екен. Ғылыми фантастика баланы ғылымға жетелейді, жаңалық ашуға шақырады. Сол барыста келтірген дәлелдерің ғылыми болуы керек. Біз – ертегімен өскен балалармыз, кешке дейін Керқұла атты Кендебайға ілесіп шаба бергеннен гөрі, дезоксирибонуклеин қышқылын пайдалана отырып тиранозаврларды қайта тірілтіп, біздің балалар оларды ХХІ ғасырдың ең ыңғайлы көлігі ретінде биік-биік қабаттардың арасында мініп жүруі керек қой!
– Арманың не? Қорқынышың қандай?
– Тұлғалық өсу барысында адамда арман деген таусылған ба?! Заман талабына сай, оның үрдісіне ілесу барысында бәрі болғың келеді әрине. Бірақ әркімде ішкі «мені» қалаған арманы болады ғой. Менің ең басты арманым – балаларын жақсы тәрбиелеген әлемдегі ең мықты әке болу. Қорқынышым да сол – балаларын дұрыс тәрбиелемеген әлемдегі ең сорлы әке боп қалу. Бұл жерде менің ұрпақ болашағына қатты алаңдайтынымды сезіп тұрсыз деп ойлаймын.
– Кітап сату «Сөз сату» емес пе?
– Жоқ. Жазған кітабыңыздың берері мол екеніне сенсеңіз сатыңыз. Ол — «сөз сату» емес.
Ел сіздің кітабыңыздан рухани байлық алу үшін сізге ақшалай төлем жасасын. Көбі ақша табу үшін бизнеске кетіп жатқанда, сіз қара қаламды қайқайта ұстап, бар қызықтан баз кешіп, жазу үстеліңізде отырдыңыз, сол барыста сіздің бала-шағаңыз кейде тоқ, кейде аш болды. Көркем дүниеңіз жазылып бола салып, «ұлт руханияты үшін» деп елге тегін тарата салу — үлкен қателік.
Әлемде кітап сатып, байығандар жетеді. Мысалы, Э.Л.Джеймс дейтін әйел жазушының «Сұр түстің 50 түрі» дейтін романының тек АҚШ-та ғана 15,2 млн данасы сатылып, жазушы Дэн Браунның «Да Винчи коды» кітабының 36 жыл сақталған рекордын жаңартқан екен. Демек, ол жазушы ретінде табысқа жетті. Рухани дүниесі өзіне қызмет етті, табыс әкелді. Әрине, шығармасы соған тұрды.
Сол сияқты адал еңбегіңіз саудаға түсіп жатса, мен «сөз сатып жатырмын» деп ойламау керек.
– Уақытыңды қалай үнем-дейсің?
– Ауыр дене еңбегімен де, кәдімгі қағазбасты жұмыстармен де азды-көпті айналысып көрдім ғой, сондықтан бос уақыттың қандай құнды болатынын жақсы білемін. Ал қазірге бос уақыттан басқа ештеңе жоқ менде.
Мүмкіндігімше уақытты бос өткізбеуге тырысамын. Артық екі сағат ұйықтап тұрсам, өзімді кінәлі сезінетін күй туады. Кеш жатып ерте тұру – бұрыннан келе жатқан әдетім. Осы барыста өзіме пайдалы дейтін кітаптарды оқуға, балаларымның сабағына қарайласуға тырысамын. Ақпарат көздеріндегі, әлеуметтік желідегі уақыт алатын жеңіл-желпі дүниені қарамауға тырысып келем. Тіпті, қарамайтын кезге жетсем мақта-
нып айтар едім.
– Уақыт кілті бақыт құлпын аша ала ма?
– Біз бәрін уақыттың еншісіне сілтей саламыз ғой, «Бәрін уақыт көрсетеді» дей береміз. Ал уақытында түк тындырмасақ, уақыт бәрібір ештеңені көрсетпейді. Бальзак 20 жасында ресми жазушы ретінде тоқсаннан астам шығарма жазып, екі мыңнан астам әр түрлі кейіпкерді сомдаған екен. Шығармашылық кестесі: Түн ортасынан түске дейін жұмыс істеу, яғни дөңгелек креслода 12 сағат отыру болған. Күніне көп болса 4 сағаттан ұйықтап, жарты сағат тамақ ішкен соң жазуына қайта отырады екен. Ал Шекспир театр актері ретінде жұмыс жасай бастаған кезде Еуропада оба індеті басталып, театрлар жабылуға мәжбүр болған. Шамадан тыс экономикалық күйзеліске ұшыраған сол екі жыл ішінде Шекспир көп кітап оқуға, әртүрлі кезеңдердегі жазбаларды жүйелеуге және жаңа пьесалар жазуға уақыт бөлген екен. Британ экономикасы қалпына түсіп, спектакльдер қайтадан өркендей бастағанда, Шекспирдің пьесалары сахнадан түспейтін болған. Демек, табысқа жеткендердің бәрі көктен түсіп, іштен біліп туған жоқ, уақытпен жарыса жүріп өз дегендеріне жетті. Сондықтан, «Уақытын игере білетін адам бақытқа жете алады» деп сеніммен айтуға болады.
– Маңдайдағы көзің көргенді жүрек көзің көре ме?
– Маңдайдағы көз нені көрмейді, кей сәтте көз көргенді жүрекпен түйсінуге тырысам. Ал Абай айтқандай «Жүректің көзі ашылып, хақтықтың сәулесі түсіп» жүрген жоқ. Шығармашылық адамы үшін көзден гөрі жүректің көргені абзал, жүрек көзін аша түсу жолындамын.
– Адамның бойындағы шынайылық қоғамға не береді?
– Ізгі қоғам үшін әр адамның шынайы болуынан келетін зиян жоқ. Бір елдің шынайылығы мен адалдығы сол елдің имиджін қалыптастырады. Шынайылық бар жерде игілік шексіз болады. Тұтастық категориясының өзі – «шынайылық» және «сенім» деген екі ұғымнан тұрады. Ғылыми моральдық категория ретінде «шынайылық» пен «сенім» — қоғамның айнасы.
Жеке адамдар үшін шынайылық – басқалармен қарым-қатынас жасаудың негізі және тұлғалық дамуының алғышарты. Ол – әлеуметтік-моральдық қағида және норма. Шынайылық – адамдардан өз іс-әрекетін ақиқат пен прагматизм қағидасымен бағалауға және барлық сәтте білім мен әрекетті біріктіру көзқарасымен қарауды талап етеді. Адамның мінез-құлық сапасының деңгейі оның іс-әрекеті мен сөзінің сәйкестігіне байланысты. Шынайылық болған жерде даму болады, өзгеріс болады. Ал кері кеткен қоғамға шынайылық жақпайды, бұл өте қорқынышты.
– Нұрбек, әдеби әңгіме барысында айтқан ойлы пікірің, парасатты пайымың үшін алғыс білдіремін.
Әңгімелескен — Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.