Биыл жалпыға ортақ декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Алғашқы кезеңде мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілгендер, ірі банктік, сақтандыру және құнды қағаздар нарықтарының қатысушылары кірсе, екіншісінде, былтыр мемлектетік мекемелердің қызметкерлері мен олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор жұмысшылары мен олардың жұбайлары тапсырды. Биыл декларация тапсыратындар қатарына заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары кіріп отыр. Демек, үш кезеңді қоса алғанда, есеп өткізетіндер саны едәуір өсті. Бұл жүйеге жүктеме түсірмей ме? Тапсырушылар нені ескеруі тиіс? Осы жөнінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасовпен тілдескен едік.
— Ерболат Исламұлы, үшінші кезеңде декларацияны биыл 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек. Қазіргі таңда бұл жұмыстың қарқыны қалай?
— Бизнес өкілдерінің, әзірше, декларация тапсыруы өте баяу өтіп жатыр. Есеп өткен жылғы кіріске қатысты. Сондықтан, қыркүйек айын күтпей қазірден бастап тапсырғандары жөн. Себебі, бәрі жаппай қыркүйекте құжат тапсыруға ағылса, жүйеге жүктеме түсіп, қиындықтар туындауы мүмкін. Себебі, үшінші кезеңде қатарға қосылған заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайларынан бөлек бірінші және екінші кезеңге кіргендер де декларация тапсыруды жалғастырады. Бұл дегеніңіз, есеп беруі тиіс азаматтардың саны артты. Ал бәрі бір уақытта есеп беруге ұмтылса, қабылданған құжатты жүктеу жағы күрделеніп, өңдеу ұзақ уақыт алуы ықтимал. Сол себепті бизнес өкілдерін күзді күтпей, қазірден бастап белсенділік танытып, декларация тапсыруға шақырамыз.
— Қазіргі таңда жыл басынан бері қанша азамат декларация тапсырды?
— Облысымызда 2024 жылдың басынан бері 3 мыңнан астам жеке тұлға активтері мен міндеттемелері туралы 250-нысанмен декларация тапсырды. 10 мыңға жуық адам кірістері мен мүлкі туралы 250-нысанмен есеп берді.
— Есеп берудегі қолданылатын декларация нысандарына жекелей тоқталсаңыз?
— «Кіріспе декларацияда», яғни, 250-нысанда жалпыға ортақ декларацияға ену кезіндегі мүлік пен міндеттемелер бойынша барлық мәліметтер көрініс табады. Бұл алғаш есеп беруге аяқ басқанда бір рет тапсырылады. Яғни, мұнда бұған дейін, нақтысы, 2023 жылдың 31-іне дейін жинақталған активтер мен міндеттемелер көрсетіледі. Ол дегеніңіз, шетелдегі жылжымайтын мүлік, жер телімі, көлік, арнайы техника, әуе және су кемелері, шетелде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес, шетелдік барлық банктік салымдардың жиынтық көлемі 1000 АЕК-тен асатын ақша көрсетілуі тиіс. Ал Қазақстанда және шетелдегі тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы шарттар, құнды қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын, зияткрелік меншік объектілері, авторлық құқық, 10 мың АЕК дейінгі қолма-қол ақша, жеке тұлғаның нотариалдық куәландырылған займ шарттары есепке алынады.
Одан кейін жыл сайын кірістер мен мүлік туралы 270-нысанды декларация тапсырылады. Жыл сайынғы декларацияда барлық кіріс көрсетіледі. Яғни, қызметкердің еңбекақысы, зейнетақылық төлем түріндегі кірісі, жеке тұлға салықтық кезеңде алған дивиденді, сыйақысы, ұтысы, стипендиясы да ескеріледі.
— Декларацияны тапсыру жолдарымен бөліссеңіз?
— Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы — cabinet.salyk.kz, еGOV-та moldir.qoldau.kz, е-Salyk Azamat, eGov mobile, Halyk мобильді қосымшалары арқылы тапсыруға болады.
— Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны қайда тапсыру керек?
— Жеке тұлғалар тұрғылықты мекені бойынша тапсырады. Ал жеке кәсіпкерлер мен жекеменшік практикамен айналысатын тұлғалар есепті кәсібі орналасқан мекенжай бойынша тапсырады.
— Уақытылы тапсырмағандарға қандай шара қолданылады?
— Декларация тапсырмаған-дарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірінші рет ескерту жасалады. Екінші рет есепті құзырлы органға ұсынбағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал мәліметтерді толық көрсетегендер үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Облыс тұрғындары жалпыға бірдей декларацияға қатысты сұрақтарына жауапты 1414 орталығы немесе облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жеке тұлғаларды әкімшілендіру және жалпыға бірдей декларациялау бөлімінен 8 (7182) 535572 телефоны арқылы ала алады.