Көлік салығын жеке азаматтар сәуір айының біріне дейін толық төлеуі тиіс. Бұл мерзімнен кешіккендердің қарызына өсімпұл қосылады. Өкінішке қарай, берешегі жылдан жылға өтіп, бүгінде бірнеше миллион теңгеге жеткендер де аз емес. Аймағымызда бүгінде көлік салығы бойынша қарызы 2-8 млн теңге аралығындағы отыз тұрғын тұрады. Бес жылда 8 млн теңгеден астам берешегі қалыптасқан азамат та бар.

Ол азамат кезінде шаруа қожа-лығымен айналысқан кәсіпкер көрінеді. Қазіргі таңда қолында ешбір көлігі жоқ. Қарызын өтеуге де шамасы келмейді. Осылайша, жыл сайын берешегі өсуде. Бұл жөнінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Қазіргі таңда аймағымызда 130 мыңнан астам азаматтың атында 202 мың 360 көлік тіркелген. 13 мыңнан астам тұрғын жеңіл-дікке ие. Яғни, олар 188,8 млн теңге салықты төлеуден босатылады. 193 көлікті бәзбіреулер айдап әкеткен. Сондықтан, қылмыстық іс кезеңінде көлік иесіне салық есептеу тоқтатылады. Кейін мәселе шешілген соң салық төлемін есептеу жалғасады.

– Жыл сайын жеке сот орындаушылармен, әкімшілік полициямен бірлесе жүргізетін жұмыстары-мызға қарамастан қарыз көлемі азаяр емес. Қазіргі таңда облыста 9 705 азаматтың 654 млн теңге көлемінде берешегі бар. Бұл дегеніңіз, жалпы көліктен түсуі тиіс соманың 27 пайызын құрайды. Олардың 80 пайызының қарызы 3-5 жылға созылып келе жатыр, – дейді Ерболат Исламұлы.

Олардың кейбірінде көліктің өзі болмағанымен, аттарында жазылып тұрғандықтан салық есептеле береді. Көлік иелерінің кейбірінің қайда тұрып жатқаны белгісіз көрінеді. Енді бірі бас бостандығынан айырылып, мерзімін өтеуде. Ал көлік салығын оларға сол күйі есептеу тоқтатылмайды.

– Көлік салығын төлеу мерзімі аяқталған соң жүйе автоматты түрде борышкерлерге электронды хабарлама жіберіледі. Борышкерге жағдайды өзгертуге 30 күн уақыт беріледі. Осы аралықта төлеуі тиіс. Ал келіспейтін болса, құзырлы органға барып өз уәжін білдіреді. Жасыратыны жоқ, кейде базада қателік кетеді. Мұндайда азаматтың атында көліктің бар-жоғы әкімшілік полиция арқылы анықталып, жүйеде түзету енгізіледі. Электронды байланысы жоқ тұрғындарға ескретуді тапсырыс хатымен жергілікті мекенжайына жібереміз, – дейді департамент өкілі.

Отыз күн өткен соң көлік иесінен еш әрекет болмаса, салықтық бұйрық шығарылады. Бұл бұйрықты орындауға тағы 5 күн беріледі. Осы мерзімде нәтиже болмаса, іс автоматты түрде жеке сот орындаушылар палатасына жөнелтіледі. Бүгінде палатаға 216 салықтық бұйрық жіберілген. Салық органы өздігінен тек өсіпұл есептейді. Сонымен қатар, көлік салығы бойынша қарызы бар азаматтарға банктер де шот ашу, карточка алу және тағы басқа операциялар жасауына рұқсат етпейді. Борышкерді басқаша жауапқа тарту тетігі жоқ. Қарызды қайтару ісімен жеке сот орындаушылары мен әкімшілік полиция айналысады. Салық органы қарызы өте көп азаматтардың тізімін әкімшілік полицияға жіберген. Олар иелігіндегі кибер-шериф көліктері жүйесіне енгізіп қояды. Көліктің нөмірі бойынша тоқтатып, қарызды қайтартуға әрекет етеді. Е.Ғаббасовтың айтуынша, мұндайда көп азамат көлігін айыптұрағына жеткізбей, борышынан құтылады. Полиция департаменті мен жеке сот орындаушылар палатасымен бірлесіп, салық органдары 50 бірлес-кен рейд өткізіпті. Нәтижесінде 30 мың теңгеден астам қарызы бар 137 азамат бюджетке 14 млн теңге берешегін қайтарған. Кейде азаматтардың зейнетақысынан ұстап қалу арқылы да төлету жұмысы жүргізіледі. Бірақ, мамандар мұндай жолмен қарызды өтеу мүмкін еместігін алға тартуда. Себебі, ұсталған сома өсімпұлдан аспауы мүмкін.

Ерболат Исламұлының айтуынша, бүгінде көлік салығының базасы облыста ұлғаюда. Өйткені, салық мөлшерлемесі АЕК және көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты есептеледі. Сәйкесінше, АЕК өсуіне байланысты жыл сайын салық сомасы ұлғаяды. Биыл АЕК мөлшері – 3450 теңге. Сонымен қатар, көлік санының артуы да жалпы салық түсімінің өсуіне әсер етуде. Өткен жылы облыста 9 мыңнан астам шетелдік автомобиль заңдастырылған.

2023 жыл үшін көлік құралдарына 131 мыңнан астам жеке азаматтан салық түсімі -3 млрд 95 млн теңге.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.