«Бастау» жобасы кәсіп ашқысы келетін аудан жастарына мол мүмкіндік сыйлап отыр. Аталған жобаның жемісін көріп отырғандардың қатарында Данагүл Жиенханова да бар.
Бүгінде жас кәсіпкер аудан орталығында сұлулық салонын жалға алып, қыз-келіншектерге түрлі шаш үлгісін жасап, бетін әрлеуде. Данагүл алғашқы келушілерді үйінде қабылдай бастағанын айтады.
— Аудан орталығында қыз-келін-шектерге қызмет көрсететін сұлулық салоны қажет екенін білдім. Жинаған ақшама макияж жасауға арналған косметика сатып алдым. Келушілерді үйде қабылдап, табыс таба бастадым. Тұтынушылардың саны арта бастаған уақытта құрбымнан «Бастау» жобасы жайлы естідім. Талаптарын білу мақсатында аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, шарттарымен таныстым. Мамандар маған толық ақпарат беріп, құжат тапсыруымды сұрады. Аз уақыттың ішінде бизнес-жоспар әзірлеп, бағымды сынап көрдім. Конкурс нәтижесінде 1 млн теңге көлемінде грантқа ие болдым, — дейді жас кәсіпкер.
Данагүл Жиенханова аталған сомаға үйіне жақын жерде орналасқан ғимаратты жалға алады. Қаражаттың біраз бөлігін бет әрлеуге, шаш үлгісін жасауға қажетті құрылғылар мен косметика алуға жұмсайды. Екі жылдың ішінде тұрақты тұтынушылардың арқасында табысы да өскен. Жас кәсіпкер мереке, той-томалақ кезінде аптасына 150 мың теңге көлемінде табыс табатынын жасырмады.
— «Бастау» жобасы кәсібімнің өрге басуына мол мүмкіндік сыйлағаны сөзсіз. Маған стимул берді десем қателеспеймін. Себебі грантты ұтып алған кезде бет әрлеу ісінен бөлек, қасты сәндеу, шаш үлгісін жасау сынды қызметтерді меңгердім. Арнайы оқуларға қатысып, біліктілігімді арттырдым. Қазір өзгелерді осы іске баулитын деңгейге жеттім. Арнайы оқу курстарын өткіземін. Қайтарымсыз грант болмағанда мен жеке кәсіпкер атанбас едім. Өйткені мұндай соманы ешкім тектен-тек бере салмайтыны ақиқат. Сондықтан кәсіп бастағысы келетін жастарды осы жобаға қатысуға шақырамын, — дейді Д.Жиенханова.
Данагүл Жиенханова мемлекет тарапынан беріліп отырған қолдау бірінші кезекте ауылдағы жастарды еңбекпен қамтитынын айтады. Бұл ретте көптеген қатарласы аталмыш бағдарлама шеңберінде мал шаруашылығын қолға алған. Кондитерлік өнімдерді ұсынып жүрген құрбылары да бар.
— «Бастау» жобасы туралы естіген кезде кез келген адам бизнес-жоспар құрастырудан қорқады. Бұл жағдай өзімнің де басымнан өтті. Бірақ өзіңе деген сенім барда ештеңеден қорықпай, алға қарай талпына беру қажет екен. Бастысы, құжаттарды жинап, өтініш жазса болғаны. Жергілікті мамандар бизнес-жоспарды құрастыруға өздері көмектеседі, бағыт-бағдар береді. Оның да еш қиындығы жоқ. Сол себепті жұмыссыз отырған жастарды тәуекелге барып, жоба мүмкіндігін пайдалануға шақы-рамын, — дейді Д.Жиенханова.
Айдана ҚУАНЫШЕВА. Ертіс ауданы.