Әр адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар. Бірақ еткен еңбегі, тартқан зейнеті, алған асуы, жеткен биігі әркімнің өмірінде әрқилы. Ұзақ уақыт Ақтоғай ауданының мемлекеттік қызмет саласының суығына тоңып, ыстығына күйіп, өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысқан азаматтардың бірі, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жақсыбек Тілеуғабылұлы Алин 70 жасқа толып отыр.
Жақсыбек Тілеуға- былұлы Павлодар облысы, Краснокутск ауданының Краснокутск ауылында 1953 жылы 11 маусымда дүниеге келген. 1972 жылы Павлодар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оқыған төрт жылдың қатарынан төрт жазында студенттік құрылыс отрядының құрамында болды. Ол кезде студенттік құрылыс отрядына кез келген оқу орнының студентін қабылдай бермейтін. Жауапкершілігі жоғары, қолынан іс келетін жас- тарды ғана таңдап алатын. Құрылыс отрядының құрамында болу әрбір студенттің арманы болды десек, артық айтқандық емес. Белсенділігімен көзге түскен кейіпкеріміз екі рет отряд комиссары, бір рет құрылыс отрядының командирі болды. Әрі сол жеткен жетістігімен шектеліп қалмай, өжеттігінің арқасында институттың белсенді жұмыс атқарған кәсіподақ комитетінің мүшесі болып сайланды. Институт қабырғасында жүрсе де, 1976 жылы Кеңес Одағының Коммунистік партия мүшесіне кандидат болып қабылданды. Бұл дегеніңіз, коммунистердің оған артқан үлкен сенімі еді.
1977 жылдың қыркүйек айында өткен пленумда Жақсыбек Тілеуғабылұлының жас та болса, бас болуға басшылық қызметке лайықты екенін таныған комсомол мүшелері Қазақстан Лениндік Коммунистік Жастар Одағы комсомолының Краснокутск райкомының екінші хатшысы болып сайлануын бірауыздан мақұлдады. Бұл қызметті 1980 жылдың тамызына дейін абыроймен жалғастырды.
Әңгімеміздің кейіпкері 1980-1983 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етіп, 1983- 1991 жылдары «Рассвет» кеңшарының партия ұйымының хатшылығы қызметін абыроймен атқарды.
Жақсыбек Алин аса жауапты да күрделі басқарушылық қызметті атқара жүріп, Семей мемлекеттік зооветеринарлық институтын сырттай оқып, мал шаруашылығына қажетті зооинженер мамандығын игерді. Ұзақ жылдар бойы партиялық басқарушылық қызметті абыроймен атқарып шыққан ол ауыл шаруашылығы саласына ойысады. Өзі бірталай уақыт бойы еңбек еткен Рассвет совхо- зында зоотехник, бас зоотехник болып, совхоздың мал шаруашылығын нығайтуға ерекше көңіл бөлді.
Бас зоотехник қызметін атқарып жүрген жерінен қай істі бастаса да, ұршықтай иіріп әкететін қабілетін басқа да игі істерге жұмсасын деген болар, 1993 жылы Шідерті совхозына басшылық етуге шақыртылып, осы қызметті 1996 жылға дейін бала кезінен бойына біткен адалдығымен, еліне шын жанашыр азамат ретінде мінсіз атқарды.
1996 жылдың 15 сәуірінде Ақтоғай ауданы әкімінің шешімімен Қожамжар селолық округіне әкім болып тағайындалды. Бұл уақыт нарықтық экономикаға көшу үрдісі қарқынды жүріп жатқан кезең болатын. Аумалы-төкпелі уақыттарда шалт қимылдап, батыл қадамдарға барып, дұрыс шешім қабылдай білді. Жақсыбек Тілеуғабылұлы әкімдік қызметте жүрген жылдары қаншама әлеуметтік мәселелерді шешіп, халық алғысына бөленген еді.
1996 жылдан бастап 2009 жылға дейін Қожамжар ауылдық округінің әкімі болып, кейін Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы белесінен өтіп, бүгінгі таңда құрметті демалыс деген кезеңге жетіп отыр.
Жақсыбек Тілеуғабылұлының сан жылғы еңбегі еленбей қалған жоқ. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы екенін де атап өткен жөн.
Оралхан ҚОЖАНОВ.