Өңірдегі кішігірім айдындар мен еріген қар суы бар аймақтарда шыбын-шіркейдің алғашқы дернәсілдері пайда бола бастады. Осы және өзге де жайттарды ескерер болсақ, олар ертерек қанаттанып, қатары көбеюі әбден мүмкін. Сондықтан аймақта дезинсекциялық шаралар күшейтіліп, қансорғыштарға қарсы күрестің жаңа стратегиясы әзірленді. Ал мамандар оның санын азайтуға бағытталған жұмыстардың негізгі кезеңіне кірісті.
Соңғы күндері ауа райы күрт құбылып, жиі өзгеріп тұр. Табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін судың көлемі де бірде артып, бірде азайды. Сол себепті әу баста қабылданған дезинсекция жоспарына өзгерістер енгізуге тура келді.
Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, Павлодар және Ақсу қалаларының, Павлодар ауданының 77 мың гектар жайылма алқабын әуеден өңдеу үшін 130 мың литр көлемінде биопрепарат суспензиясының 30 пайызы дайындалды. Ғылыми сүйемелдеу тобы жағалау бойында орналасқан барлық аудандағы Ертіс өзенінің жайылмасына фенологиялық мониторинг те жүргізілді. Соның барысында 19 сәуірде Павлодар ауданының Заря ауылының маңындағы еріген қар суы жиналған аумақта, ал 20-21 сәуірде барлық жағалау аймақтарында дернәсілдер байқалды. Олардың даму деңгейі әр жерде әр түрлі болып отыр.
Оған қоса, Семей қаласындағы жағдайға байланысты Шүлбіден жіберілетін судың көлемі секундына 3500 текше метрден 3200 текше метрге дейін төмендетілді. Ал 18 сәуірде ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы нәтижесінде судың көлемін біртіндеп секундына 50 текше метр көлемінде қосып, секундына 3350 текше метрге дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Қазгидрометтің дерегі бойынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы тауларда қар жамылғысының шамамен 51 пайызы бар. Ол бірден қатты ерісе, бүйірлік су ағыны ұлғайып, су жіберілу кезеңі ұзаққа созылуы мүмкін. Бұл шіркейдің жаппай ұрықтану қаупін арттырады.
Осы жайттарды ескерген аймақ басшысы Асайын Байханов жақында өткен жиында бірқатар нақты тапсырма берді. Айталық, нүктелер арасындағы қашықтықты қысқарту арқылы биологиялық препаратты құю нүктелерінің саны 8-ден 10-ға дейін артпақ. Сондай-ақ, әуеборттарын 10 бірлікке дейін ұлғайту қажет екенін атап өтті. Мәселен, бүгін Павлодар қаласына қарасты Атамекен кентінің әуе айлағына барлық АН-2 әуеборттары бір мезгілде келеді деп күтілуде.
Жалпы, облыс орталығындағы дезинсекциялық шаралардың сапалы түрде өтуіне баса мән беріліп отыр. Павлодар қаласында барлығы 8783 гектар, Жаңаауыл мен Зеленстрой шағын аудандарында қосымша 50 гектар аумақ өңделеді. Бүгінде «Бактицид» бактериологиялық препаратының қажетті мөлшері дайын. Өңдеу жұмыстарын жүргізуге қажет техника мен адамдар саны да жеткілікті.
Су айдындарында 15 сәуірден бастап мониторинг, энтомологиялық тексерулер жүргізіліп, шыбын-шіркей-лердің өсуін бақылау нүктелері анықталды. Ғылыми топтың көрсеткіштері бойынша бару қиын жерлер әуеден өңделетін болады. Олар — Зеленстрой шағын ауданында жиналған су, екінші Павлодардағы технологиялық колледждің жанындағы қазаншұңқыр, Усолка шағын ауданындағы дренаждық арық, оңтүстік су қабылдау, АЭА, Успен көпірі аудандары, «Қазақстан алюминийі» АҚ зауытының маңы, Жаңаауыл шағын ауданы.
Ал мамыр айында мердігер «дымқыл тұманмен» тосқауылды өңдеуді бастайды. Мамандар жертөлелерді өңдеуді де назардан тыс қалдырмайды. Осы уақытқа дейін тұрғындардың өтініштері бойынша 65 жертөле өңделді. Жедел әрекет ету үшін 87075956447 нөмірі бойынша жедел желі ашылды.
— Облыс орталығының барлық бақылау нүктесін тексеру қажет. Ерте кезеңде таяз су қоймаларын және жеке секторды, негізгі жасыл аймақтарды өңдеуге кірісу керек. Сондай-ақ, саяжай учаскелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет, шыбын-шіркейлердің өсуіне мүмкіндік бермеуіміз тиіс, — деді А.Байханов.
Айта кетейік, облыс бойынша өзенді өңдеу жұмыста-рының болжамды мерзімдері де анықталды. Соған сәйкес, бірінші кезеңді 16-17 мамырда, екінші кезеңді 26-27 мамырда, үшінші кезеңді 10-15 маусымда өткізу жоспарда бар. Дей тұрғанмен, су шаруашылығы жағдайын ескере отырып, өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Өз тілшіміз.