Біздің облыста еріген қар суынан туындаған қауіптің беті сейілді. Енді облыс жұртшылығы су тасқынынан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарына гуманитарлық көмек жинап, күн сайын бірінші кезекте керек тауарларды жөнелтіп жатыр. Оған қоса,  өңір құтқарушылары мен аймақ азаматтары Ақмола облысына аттанып, су астында қалған ауылдардағы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуда.

 

Өткен аптада Павлодар облысынан Батыс Қазақстан облысына арнайы техника жіберілді. Сонымен қатар, табиғи апат орын алған орындарда бөгеттерді нығайту үшін құтқарушылар жолға шықты.  Облыстық төтенше жағдайлар депар-таменті мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, 13 техника мен 13 адамнан тұратын көмек күші құрылды. Мамандар мен арнайы техникалар авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге тартылып, өңірдің қауіпті учаскелерінде қажетті көмек көрсетеді. Еріген суды сорып, траншеялар қазады, қап дайындап, бөгеттерді нығайтатын болады.

Бұдан бөлек, павлодарлық құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысында да су тасқынымен күре-суді жалғастыруда. Ол жерде облыстық төтенше жағдайлар департа-ментінен 53 адам және 10 техника жұмыс істеуде.

Мұндай асардан қарапайым тұрғындар да қалыс қалған жоқ. Облыс жұртшылығы қолдан келгенше көмек көрсетіп, зардап шеккен өңір тұрғындарына керек тауарларды жинауда.

Айталық, 12 сәуірде Жастар бастамаларын дамы-ту орталығынан екі «Газель» көлігімен Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарына жөнел-тілді. Онда 13 тоннадан астам гуманитарлық көмек тиелді.

Апта басында гуманитарлық көмекті тиеген кезекті жүк көлігі Солтүстік Қазақстан облысына жетті. Бұл істің басы қасында «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелді  тұрғанын атап өткен жөн. Игі бастаманы «JEBE» қоғамдық бірлестігі де қолдады.  Сондай-ақ, Екібастұз ауылдық
аймағы, Қалқаман, Ақжол, Береке, Достық, Үштерек ауылдарынан жиналған 40 жігіт Қызылжарға арнайы   барып, су тасқынына қарсы іс-шараларға көмектесті. Гуманитарлық көмекті жинауда Моңғолиядағы қазақтар да қаржы-
лай қолдау көрсеткен.

– Барлығы 40 тонна көмек тиелді. Оның ішінде киім-кешек, азық-түлік, гигиена заттары мен өзге де қажеттіліктер бар. Үш моторлы қайық, күрек, арба және басқа да құралдарымыз бар. Оның бәрін екі фураға тиедік. Колонна құрамында 40 жігіт мінген автобус бар. Азаматтар зардап шеккен ауылдарға көмектесуге барды, – деді Маханбет Амангелді.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласына 15 сәуір күні 4 жүк көлігі жолға шықты. Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалдарында ашылған көмек нүктелерінде 20 тонна көмек жиналған. Оған облыстық мәслихат депутаттары, белсенді жастар, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындары, Ассамблея мүшелері, т.б. қол ұшын созды. Табиғи апат орын алған аймақ жұртшылығына азық-түлік, жылы киімдер, қажетті құралдар жөнел-тілді.

Бұрнағы күні Павлодар мұнай-химия зауыты 20 тонна гуманитарлық көмек жинады.

Кеше облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Солтүстік Қазақстан облысына 60 тонна гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктері жолға шықты.

Екі 20 тонналық жүк көлігі «AMANAT» партиясы облыстық филиалынан жолға шықса, үшінші жүк көлік Екібастұз қаласынан қосылды. Су тасқынынан зардап шеккен өңірге мұндай қолдауды жергілікті тұрғындар, кәсіпкерлер, партия өкілдері, Ауған соғысының ардагерлері, еріктілер, жоғары оқу орындарының студенттері, «Ертіс» футбол клубының мүшелері көрсетіп отыр. Облыстық мәслихат депутаты Айдар Құрымбаев жергілікті тұрғындардың белсенділігіне риза-шылығын білдірді.

– Аймақ тұрғындарының су тасқынынан зардап шеккен көрші облысқа көмек беруде бірлесіп қол ұшын созып жатқандары қуантады. 3 жүк көлігін еріктілер, жастардан құралған 10-ға жуық адам шығарып салады. Гуманитарлық көмектің ішінде көрпе-жастық, матрас, резеңке етіктер, бір рет қолданылатын ыдыстар, азық-түлік сынды қажетті заттар бар. Алдағы уақытта осындай көмек тағы да көрсетіледі деген ойдамыз, – дейді Айдар Құрымбаев.

Жалпы, көрші облыстарға Павлодар облысынан барлығы 150 тоннадан астам көмек көрсетілді. Әлі де облыстың шағын және орта бизнес, мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындары мен тұрғындары тарапы-нан Қостанай облысы үшін көмек жинау жалғасуда.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген – Константин Музалевский, Есенжол Исабек.