Павлодар-Астана тас жолының бойында жолаушылар үшін екі намазхана ашылды. Ғибадат жасайтын орындар Ақсу қаласы ауылдық аймағына қарасты Төртқұдық ауылының тұсында орналасқан. Яғни, екі намазхана жолдың екі жақ бағытында орналасыпты.

 

Намазханалардың ашылу салтанатына Қазақстан Мұсыл-мандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілі, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қатысып, атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Астана және Павлодар жолдарының бойында екі намазхана ашылып жатыр. Осыған мұрындық болып, қолдау көрсеткен барша жаны жомарт азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Ол кісілерге Алланың разылығы мен жақсылығы болсын. Әсіресе Екібастұз қаласының жамағаттары үлкен қолдау көрсетті. Мұнда жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған, — деді Жолдас имам.

Бас имамның айтуынша, намазханада дәрет алатын және бірнеше адамға арналған намаз оқитын орын бар. Бұл алыс жолдан келе жатқан адамдар үшін намаз оқып, ғибадат жасаумен қатар, демалып, аяқ суытып алуына болатын орын екенін айтады. Ал намазхананың күтіп, қарау жұмыстары мешіттер мен «ҚазАвтоЖол» мекемесі бірлесіп жүргізсе, тазалық жұмыстарын мешіт имамдары қадағалайтын болады.

Дінімізде намазхана ашып, жолаушының ғибадат құлшылық жасауына мүмкіндік жасаудың сауабы өте зор. Себебі, алыс жолға шыққан әрбір адам — мүсәпір дейді. Яғни, алыс жолдан қажығанда осында тоқтап, намазын оқып, дұғасын жасайды. Ал жолда жүрген пенденің дұғасы ең тез қабыл болатын дұғалардың қатарында екені белгілі.

Тілеуберді САХАБА.