Академик Әлкей Марғұланның қолжазба мұрағатын ғылыми тұрғыдан зерттеп, жылдар бойы жасырылған құпияның бетін ашу — бүгінгі зерттеушілерге жүктелген үлкен аманат. Бүгінде осы бағытта зерделі зерттеумен айналысып жүргендердің бірі – тарихшы Еңлік Әбеуова.
— Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық универ-ситетінің жанындағы археологиялық зерттеулер институтында «Марғұ-лантану» оқу-зерттеу кешені жұмыс істейді. Осы кешеннің жұмысының негізгі бағыттарының бірі – акаде-миктің ғылыми мұрасын жинау,
жүйелеу және жан-жақты зерттеу.
— Атап айтар болсақ, соңғы жылдары академиктің қызы Дәнел Әлкейқызымен өзара байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Ол кісі бізге академиктің жеке мұрағатында сақталған бір-қатар құнды құжаттарын, қолжаз-баларын, археологиялық сызбаларын, карталар мен кітаптарын табыс еткен еді. Бүгінде сол материалдарды ғылыми тұрғыда зерттеп, жүйелеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, Әлкей Хақанұлының өзінің бірқатар ғылыми еңбегін де біз сақтап отырмыз. Сонымен қатар, академиктің қолтаңбасы қойылған шәкірттерінің кітаптары бар. Мысалы, Әлкей Марғұлан белгілі тарихшылар Кемел Ақышевтің, Болат Көмековтің ғылыми жетекшісі болған. Сол кісілер шәкірті ретінде жарыққа шыққан еңбектерін көрсеткенде қолтаңба қойып беріп отырған, — дейді Еңлік Қабыкенқызы.
«Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінде сақталған құнды құжат-тардың қатарында ғалымдардың еңбегіне, ғылыми жұмыстарына жазған рецензиялар бар. Академик Әлкей Марғұлан тарихшы-зерттеуші ғана емес, ұлағатты ұстаз ретінде де көп еңбек атқарған. Яғни, көзінің тірісінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың ғылым кандидаты немесе докторлық диссертациялар қорғауына қолдау көрсеткен. Міне, сол шәкірттерінің ғылыми диссертацияларына өзі рецензия жазып беріп отырған. Одан бөлек, Шоқан Уәлиханов туралы киноға жазылған пікірінің қолжазба нұсқасы да бар. Ал археологиялық сызбалардан академиктің Қазақстан аумағында жүргізген қазба жұмыстарының орындары көрсетілген.
— Биыл Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар ұйымдас-тырылуда. Яғни, түрлі конференциялар, «дөңгелек үстелдер» өткізіліп, академиктің еңбегі барынша кеңінен насихатталуда. Биылғы мерейтойға орай мамыр айында Марғұлан университеті басшылығының қолдауымен «Марғұлантану» ғылыми журналы жарыққа шығады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 23-25 мамыр аралығында «Марғұлан оқулары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтетін болады. Негізі, мұндай ауқымды халықаралық конференция әрбір он жыл сайын ғалымның туған жері – Ертіс-Баян өңірінде өтіп тұрады. Мысалы, бұған дейін 2004, 2014 жылдары өткен еді. Биылғы конференцияға
елімізге белгілі тарихшылар, археологтар келеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, алыс-жақын шет мемлекеттерден де қонақтар арнайы келетін болады, — деді ол.
Тілеуберді САХАБА