Биыл аймақта 1657 мың гектар алқапта егін егіледі. Бұл аумақ былтырғыдан 20,3 мың гектарға артық. Ағымдағы жылы да алқаптарды әртараптандыруға мән беріледі. Мәселен, дәнді дақылдар алқабын 11,5 мың гектарға азайтып, оның орнына жоғары рентабельді әрі әлеуметтік маңызы бар дақылдар дәнін себу көзделген.
Нақтысы, майлы дақылдар егісін 13,7 мың гектарға еселеу жоспарланып отыр. Соның ішінде күнбағыс алқабы 9,6 мың гектарға, жасымық егісі 2,6 мың гектарға, қарақұмық 5,8 мың гектарға арттырылмақ. Жалпы, биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Шүкірова аппараттық жиында баяндады.
Президент елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыруды тапсырғаны белгілі. Міне, осы межені еңсеру аясында еселі, жүйелі еңбек атқарылмақ. Малдың жем-шөп базасын нығайту мақсатында алқапты 12,4 мың гектарға ұлғайту жоспарланған. Айта кету керек, дәнді дақылдар, картоп пен көкөніс, бақша өнімдерінің көлемі облысымыздың ішкі қажеттілігін толық қанағаттандыруға қауқарлы.
Былтырғы құрғақшылыққа байланысты биылғы егісті тұқыммен қамту мәселесі өзекті. Ағымдағы жылы аймағымызға 174,4 мың тоннұқым қажет. Бүгінде 168,8 мың тоннасы бар. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдардың 5,6 мың тонна тұқымы жетпейді. Оны өзге сауда көздерінен сатып алу жоспарланған. Басқарма өкілі жаздық тұқымның қазіргі таңда тек 30 пайызы тексеруге тапсырылғанын мәлім етті. Яғни, диқандар дәнді тексеруге тапсыру жұмысын баяу жүргізуде. Осы ретте, облыс әкімі Асайын Байханов құзырлы органдарға істі жеделдетуді тапсырды. Жанаржағармайды уақытылы алу, минералды тыңайытқыштармен
Жиында дала жұмыстарына шаруалар техникасының 98 пайыз дайын екені айтылды. Биыл 2,1 млрд теңгеге 560 техника сатып алыныпты. Көктемгі егіс жұмыстарына республикадан 25,7 мың тонна арзандатылған дизельді отын бөлінген. Бұл өткен жылғыдан 1,9 мың тоннаға артық. Қазіргі таңда шаруалар 16,6 мың тоннасына шарт жасасқан.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру бағыты да баяндалды. Агрокредиттік корпорация арқылы «Кең дала», «Агробизнес» бағдарламалары арқылы жеңілдікті несие қарастырылған. Мәселен, алғашқысы бойынша аймағымызға 2,8 млрд теңге бөлініпті. Одан бөлек, облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттен 7,2 млрд теңге қарастырылған. Оның бір бөлігі несиенің сыйақы мөлшерін нарықтық мөлшерлемеден 5 пайызға азай-туға субсидия түрінде үлестірілмек. 2,6 млрд теңгесі былтырғы жағдайдан кейін фермерлердің қаржылық жай-күйі мәселесін шешуге, нақтысы, олардың төлем қабілеттілігі критерийлерінен өту мүмкіндігін арттыру үшін кепілдік беру тетігіне жаратылмақ.
Көктемгі егіс жұмыстарының сәтті өтуі үшін диқандар ауа райымен санасатыны анық. Бұл ретте, синоптиктер мамыр айында ауа райы құбылмалы болатынын айтты. «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Галина Шпактың мәлімдеуінше, мамыр айының алғашқы онкүндігінде, екінші онкүндіктің ортасында, үшінші онкүндік соңында температура +27-ден +32 градусқа дейін көтеріледі. Ал суық ауа толқыны екінші онкүндік пен айдың соңында болады деп болжануда.Аймақ басшысы А.Байханов ауыл шаруашылығы басқармасы ауа райы болжамын ескеруі тиіс екенін атап өтті. Себебі, кейбір дақылдар суыққа төзімсіз екенін еске салды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.