Қоғамда көлікті мас күйде айдаған және жол-көлік оқиғасына себепкер болғандар бірінші кезекте жүргізуші куәлігінен айырылады. Осы мәселеге байланысты тұрғындар тарапынан шағым көп түскен. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары жол ережесін бұзған көлік жүргізушілеріне жазаны жеңілдетуді ұсынып отыр. Егер жол-көлік оқиғасы кезінде адам денсаулығына ешбір зиян келмесе, көлік иесін жүргізуші куәлігінен айырудың қажеті жоқ. Олар тек айыппұл төлеуге міндеттеледі. Темір тұлпар рөліне мас күйде отырғандар да жеңіл жазамен құтылуы мүмкін. Бастысы, адам өміріне қауіп төндірген басқа да күрделі себеп болмауы тиіс. Жалпы, жүргізушілерге жазаны жеңілдету дұрыс па? Бұл жағдай жол-көлік оқиғаларының көбеюіне әкелмей ме? Қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселені «Алаңда» саралап көрдік.

 

Сергей ПОНОМАРЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты (пікір ғаламтордан әзірленді):

— Қоғам тарапынан Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің талаптарының қатаңдығына қатысты шағым көп. Осы мәселеге байланысты бірқатар құқық бұзушылыққа жазаны жеңілдетуді ұсындық. Әсіресе, жол-көлік оқиғасы кезінде ешбір адам жапа шекпесе, денсаулыққа зиян келмесе, жүргізушіні көлік басқару құқығынан айырмаған жөн. Жүргізуші айыппұл төлеуге міндеттелуі керек. Мұндай жағдайда осындай жаза жеткілікті деп ойлаймын. Ал күрделі себеп болса, жеңіл жаза қарастырылмайды.

Жылдамдықты  60-тан тым жоғары асыратындарға айыппұл көлемі өсіріледі. Сонымен қатар, ақылы автотұраққа қарызды өтемегендерге қолданылатын жауапкершілік алынып тасталады. Өйткені бұл қызметтер азаматтық-құқықтық сипатқа ие. Еліміздегі айыппұл көлемі өте көп. Теңгеге шаққанда, Ресей Федерациясында 3 мың теңге болса, Белоруссияда 5 мың теңге, бізде 17 мың теңге. Мұндай көлемдегі айыппұл адамдарды шаршатып жібереді. Сондықтан оның көлемін азайтуды да ұсындық.

 

Бақберді АБРАЕВ, құқық қорғау саласының ардагері, полиция полковнигі:

— Құқық қорғау саласында талай жыл еңбек еттім. Жүргізушілердің оң жамбасына келетін заңның талаптарымен келіспеймін. Егер жол-көлік оқиғасы кезінде ешкім зардап шекпесе, кісі өлімі немесе жарақат алу фактілері тіркелмесе, жүргізуші айыппұл арқаласын. Бірақ мұндай жеңіл жаза көлікті мас күйде айдайтындарға мүлде қарастырылмауы тиіс. Темір тұлпар рөліне арақ ішіп отырғанының өзі – қылмыс!

Статистикаға сүйенетін болсақ, жыл сайын ішімдікке тойып алатын адамдардың қатысуымен 500 жол апаты тіркеледі. Салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600-і түрлі дене жарақатын алады екен. Депутаттар осыған қарамастан жүргізушілерге жазаны жеңілдетуді сұрап отыр.  Ішімдік ішіп көлікке отырғандар жол-көлік оқиғасына себепкер болмай-ақ, жүргізуші куәлігінен айырылуы тиіс. Егер жазадан айыппұлмен ғана құтылса, заңға пысқырмайтын болады. Арақ ішетіндердің ішінде есірткі қолданатындар да бар. Сондықтан бұл мәселеде ойланудың еш реті жоқ.

Мас жүргізушілерге жаза қатаңдалса да, әлі күнге дейін тәртіпке бағын-байтындар тіркелуде. Сондықтан жол-көлік оқиғасы мәселесінде жазаны жеңілдету қажет емес. Адам өлімін азайту үшін керісінше, қатаңдатылуы тиіс.

 

Олжас ЗАЙМОЛДА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Депутаттардың ұсынысы қабылданса, жүргізушілердің қуанары сөзсіз. Себебі, қоғамда қаншама отбасы көліктері арқылы нан тауып, отбасыларын асырап жүр. Такси қызметімен несиесін төлеп жүргендер жетерлік. Көлік — біреулер үшін қосымша табыс табудың да амалы. Көлік жүргізу куәлігінен айырылғандардың темір тұлпары айып тұрағына тоғытылады. 7 жыл көлік рөліне отыра алмайды. Былтыр досымның әкесі ішімдік ішіп рөлге отырғаны үшін 15 тәулікке қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды. Қазір немерелерін оқуға да таси алмай үйде отыр. Бір танысым екі баласына алимент төлейді. Өткен айда ғана 15 күндік қамаудан босап шықты. Ол да 7 жыл көлігіне отыра алмайды. Темір тұлпарымен балаларын мектепте тасып, такси қызметін атқаратын. Қазір басқа жұмыс іздестіруде. Екі жағдайда да жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. Екеуін де жол полициясы тоқтатты. Ешкім жапа шекпеді. Әрине, ішімдік ішіп алып, көлік басқару дұрыс емес. Дегенмен, егер оның зардабы ауыр болмаса, куәлігінен айырмай, айыппұл төлеу арқылы жаза тағайындаса. Осындай жағдайларда бір, екі емес, жеті жылға куәліктен айыру дұрыс емес. Ішімдік ішіп рөлге отырғандарға 15 күндік жазаның өзі жеткілікті. Сондықтан депутаттардың ұсынысын қолдаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.