Биыл аймағымызда аз қамтылған, пәтер кезегінде тұрған тұрғындарды баспанамен қамту ісі айтарлықтай ілгерілемек. Ол үшін облыстық қазынаға құйылған қосымша қаржы көзінен 815 жалдамалы пәтер сатып алу көзделген. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында мәлім болды.
Диқанға демеу
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарма-сының басшысы Ирина Назарчук мәслихат депутаттарының назарына облыс бюджетін нақтылауға қатысты жобаны ұсынды. Мұнда ҚР Үкіметінің ағымдағы жылы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын орындау шаралары қарастырылған.
Нақтысы, аталмыш басқарма аудан-қала әкімдерімен, өзге де басқармалармен бірлесіп, бюджеттің шығыс және кірісіне талдау жасап, нәтижесінде 22,2 млрд теңге көлемінде қаржы көзі табылған. Анықтай айтсақ,
14,1 млрд теңге мемлекеттік құнды қағаздар шығарудан, 4 млрд теңге корпоративтік табыс салығы бойынша нормативтер енгізу, жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша контингенттің, салықтық емес түсімдердің көбеюі есебінен түсіп отыр. Одан бөлек, 4,1 млрд теңге қосымша қаржы қазынаның шығыс бөліктерін ішкі қайта бөлу нәтижесінде қалыптасып отыр. Міне, осы қаржы толығымен Мемлекет басшысы мен Үкіметтің алға қойған міндеттерін іске асыруға бағытталмақ.
Мәселен, 12,8 млрд теңгеге облыста тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз тобына 815 жалдамалы пәтер сатып алынады. 1,3 млрд теңге Павлодар қаласында Достық шағын ауданында тұрғын үй құрылысына жұмсалады.
— Алғаш рет өңір тұрғындарының әлеуметтік әлжуаз топтары көп көлемде баспаналы болады. 815 пәтер дайын күйінде жалдамалы пәтер ретінде үлестіруге сатып алынады. Оның 500-ге жуығы облыс орталығынан, қалғаны, яғни, 40 пайызы аудан-қала ауылдарынан, шағын қалалардан алынады. Бүгінде облыста 24 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Кезек жылдар бойы жылжымай келеді, — деді аймақ басшысы Асайын Байханов.
Қосымша қаржының 7,2 млрд теңгесі көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына қарастырылып отыр. 919,6 млн теңге аймағымызда 124 жаңа жобаны қаржыландыруға бағытталмақ. Яғни, шағын және орта бизнес несиелерінің пайыздық мөлшерлемесі қосымша субсидияланады. Мұндай қадам кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру мақсатында жасалмақ. 196,1 млн теңге Шарбақты ауданында 6 мектептің ағымдық жөндеу жұмыстарына жұмса-лады. Атап өтсек, биыл аталмыш ауданның Арбиген, Заборовка, Шалдай, Сосновка, Алексеевка, Александровка елді мекендерінің білім ошақтары жөнделеді. Бұл мектептердің жағдайын жақсарту мәселесін депутаттар көтерген.
— Аймағымызда елдегі экономикалық саясатты іске асыру үшін бірқатар жұмыстар қолға алынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес ауыл шарушылығын дамытуға ден қойылады. 7,2 млрд теңге бөлініп отыр. Оған 350 шаруашылықтың несиелік мөлшерлемесі субсидияланады. Агроөнеркәсіп субъектілері кепілдік қорымен қамтылады, — деді облыс әкімі.
Бюджетті нақтылауға қатысты ұсыныстар облыстық мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты. Жобаның әр тармағы тұрақты комиссияда жан-жақты талданған. Осылайша, енгізілген өзгерістермен облыстық бюджеттің нақтыланған көлемі 471,5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 65,3 млрд теңгесі — республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер мен несиелер.
Жабағыға екпе жасалады
Сессия отырысында талқыланған тағы бір мәселе – аймақтағы эпизоотиялық ахуал. Яғни, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздік жайы айтылды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айдар Уәлиевтің мәлімдеуінше, жыл басынан бері жануарлардың аса қауіпті ауруларының бес ошағы тіркелген. Мәселен, Екібастұзға қарасты Қоянды ауылында жылқы малының лимфангиті, ал Баянауыл ауданының Торайғыр, Құндыкөл, Күркелі ауылдық округтерінде ірі қара малының бруцеллезі анықталған. Бүгінде жағдайды оңалту шаралары қолға алыныпты.
Осы ретте, мамандар диагностикалық жұмыстарға ден қойған. Биыл жыл басынан бері 191 мыңнан астам бас ірі қара мал тексеріліп, олардың ішінен 840 баста сарып ауруы тіркелген. Ал аймақ бойынша тексерілген 200 мыңнан астам ұсақ малдың 54-інде оң нәтиже көрсетілген. Аурудың алдын алу үшін құзырлы орган мамандары тұрғындарға малға екпе салдырудың маңызын түсіндіруде.
Жылқы түлігінің арасында тіркелетін сақау ауруының алдын алу үшін де тиісті шаралар жасалуда. Мысалы, биыл 25 млн теңгеге аталмыш ауруға қарсы 124 904 доза вакцина сатып алынған. Екпе салу мамырда басталады. Аймағымызда 263 мың бас жылқы малының барын алға тартқан облыстық мәслихат депутаты Махамбет Амангелді ауруды толық ауыздықтау үшін бір жылда барлық басқа екпе салуды қамтамасыз ету үшін қаржыны көбейтуді ұсынды. Яғни, осылай ғана сақау ауруды оқшаулау мүмкін деп пікір білдірді. Бұл ретте облыс әкімі Асайын Байханов жылқыға сақау ауруына қарсы екпеге қатысты жағдайға тоқталып, мән-жайды түсіндірді.
— Өте маңызды мәселе көтеріп отырсыздар. Жылқының қазақ үшін орны бөлек қой қашанда. Сақал ауру ежелден келеді, бірақ, бұл онымен күреспеу керек дегенді білдірмейді. Жалпы, бұл ауруға қарсы екпе құлын, тай, жабағыға ғана салынады. Сондықтан, сатып алынған доза жеткілікті болар. Егер басқарма тағы қажет десе, қаржы қарастыруға дайынбыз. Бюджетті нақтылау кезінде мәсе-лені шешуге болады, — деді облыс әкімі А.Байханов.
Құзырлы басқарма басшысы ветеринарлық пункттердің жағдайына да тоқталды. Айтуынша, аймақта 133 пункт бар. Оның 45-і ғана жеке өз ғимаратында орналасса, қалғаны өзге мемлекеттік ұйымдармен бірге бір шаңырақ астында. 129 ауылдық округтің тек 55-інде ғана ветеринарлық алдын алу шараларын жаппай өткізуге жағдай жасалған. Яғни, көбінде іші бөлінген қашалар, малды фиксациялап ұстайтын жағдай жоқ. Үй-үйді аралап, тиісті шараларды атқару ветеринарлардың жұмыс өнімділігіне кері әсер етеді, деді А.Уәлиев.
Отырыста айтылған тағы бір мәселе мал қорымдарына қатысты болды. Бүгінде аймақта 239 мал қорымы болса, соның тек 33-і ғана ветеринарлық талаптарға сай, қалғаны пайдалануға жарамсыз қарапайым шұңқырлар көрінеді. Қазіргі таңда 10 сібір жарасы көміндісінің қоршауын жөндеу қажет. Облыстық мәслихат депутаты Болат Аманжолов мал қорымдарының жай-күйімен танысу үшін өзі төрағалық ететін тұрақты комиссия мүшелері Успен және Шарбақты аудандарын аралағандарын атап өтті. Қос аудан басшылары мәселені реттеуге күш салуға дайын екендерін білдірген. Ал мәслихат тарапынан қолдау қажет болса, оған да халық қалаулылары қолғабыс жасауға әзір.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.