Screenshot

Жақында Павлодар облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары мен салаға жауапты мемлекеттік орган өкілдері бас қосқан жиында жер салығына қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Шаруалар Павлодар қаласының бас жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін салық пен халықтың арасы тым алшақтап кеткенін айтады. Атап өтсек, нормативтік-құқықтық актілердің өзгеруіне байланысты енді олар жер салығын екі есе төлеуге міндетті. Алайда фермерлер жер учаскелеріне базалық салық мөлшерлемесінің өзгеруімен келіспейді. Түйткілдің шешімі не болмақ?

Айта кетейік, елді мекендердегі жер учаскелері үшін базалық салық мөлшер-лемесі ауданның бір шаршы метріне қарай белгіленеді. Осылайша, Павлодарда ауыл шаруашылығы жері үшін базалық салық сомасы 1 шаршы метрге 9,65 теңгені құрады. Сондай-ақ, Павлодар облысы мәслихатының 2020 жылғы 30 қарашадағы шешімімен жер салығының мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден 30 пайызға өсті. Нәтижесінде жер салығының құны 1 шаршы метр үшін 9,65 теңгеден 12,55 теңгеге дейін артты. Жер телімдерін жалға алу ақысы да он есеге көтерілді. Бұл ретте, бұрын базалық мөлшерлеме 1 гектар ауылшаруашылық жеріне 2 сапа пункті бойынша анықталып, 3 теңгені құраған. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді елді мекендер шекарасына қосқаннан кейін базалық мөлшерлеме бір шаршы метрге 9,65 теңгені немесе гектарына 96 500 теңгені құраса, кейіннен оның 30 пайызға көтерілуіне байланысты 125 450 теңгені құрады.

– Заңда қарастырылған қандай да бір жолмен аталған мәселені шешу қажет. Бұл жерде не салық мөлшерлемесін төмендету, не шекараны жылжытып, елді мекендердің жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге ауыстыру қажет. Бұрынғы жалға алушы жер телімін жыл сайын 9700 теңге жалдау ақысын төлеген. Келісімшартты жаңартып, жер пайдалану құқығын алған кездегі жалдау ақысы 23 090 000 теңгені құрады. Бұл жер қатынастары бөлімінің келісімшарт жасасу кезінде бізге жасаған есептеулеріне байланысты, – деп шағымданды «Кронос-Павлодар» ЖШС өкілі.

Ал «Ертіс Агро» ауыл шаруа-шылығы кәсіпорнының өкілі Тимур Аспановтың айтуынша, 2018 жылға дейін Салық кодексінде норма 378-бап болған, онда ол елді мекеннің жері ме, әлде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ме, санатына қарамастан, төлем гектарына байланысты есептелетін. Соңғы жылы салық кодексіне өзгертулер енгізіліп, елді мекендерге қарасты жер шекарасы айқындалды. Яғни, облыстық мәслихат депутаттары бұрынғы ауыл шаруашылығы жерлерін қалаға қосу туралы шешім қабылдады. Бұл аудандастыру коэффициентіне сәйкес қалаға жақын орналасқан шаруа қожалықтары үшін айтарлықтай ауыртпалық тигізуде.

– Қазір кәсіпкерлер жер салығы бойынша гектарына 125 000 теңге төлейді. Яғни, іс жүзінде шаруалар шығынмен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл мәселе үш жылдан бері айтылып, облыстың түкпір-түкпірінен арыз-шағымдар түсіп жатыр. Бастапқыда мәселе көтерілгенде, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жауапты басқармаға, сондай-ақ, жер қатынастары бөліміне жүгінген. Олар құжатты қайта жасауға қаражатымыз жоқ деп ақталған еді. Содан бері бұл түйткіл әлі де шешімін таппай келеді, — деді Т.Аспанов.

Павлодар облысының «Ата-мекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов қалаға жақын орналасқан шаруа және
фермер қожалықтарына тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекендердің жерлері санатына жатқызылып, бұл жағдай жер салығы сомасының өсуіне алып келгенін айтады.

— Жалпы, 2012 жылдан 2019 жылға дейін жергілікті атқарушы билік органдарының бірлескен қаулысымен және өкілді органдардың шешімімен Павлодар облысында 58 ауылдық елді мекен жойылды. Олардың облыс бойынша таратылуына байланысты кейбір келешегі жоқ
ауылдар жақын маңға қосылды, ал шаруа және фермер қожалықтарына тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекендердің жерлері санатына жатқызылды, – деді Е.Әбенов.

Облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Нұржан Мұқанов 2018 жылы Салық кодексіне өзгерістер енгізілген кезде, онда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бонитет баллы бойынша, яғни гектар үшін салықты есептеуге көмектесетін бап алынып тасталғанын түсіндірді. Сондықтан егер шаруалардың жерлері елді мекендердің шекарасында орналасқан болса, олар енді жер салығын гектарына емес, әр шаршы метрге төлеуі керек.

— Аталған мәселе бойынша көптеген шаруа қожалықтарынан шағымдар келіп түсті. Түйткілдің шешімін жан-жақты қарастырып, зерделеуіміз керек. Бұл ретте біздің бірнеше ұсынысымыз бар. Бірінші, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режимін қолдана алады. Яғни, олар арнайы салық режимін өзгерту үшін уәкілетті органға (өз ауданы немесе қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына) жүгіне алады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін үлкен жеңілдік сияқты. Егер олар арнайы салық режимін қолданатын болса, оларға салықтың басқа түрлері қолданылмайды. Мәселен, көлікке, қоршаған ортаға эмиссияға, жер салығына және басқа төлемдер, – деп атап өтті Н.Мұқанов.

Шенеуніктің екінші ұсынысы – бұрын жойылған немесе басқалармен біріктірілген ауылдардың шекарасынан тыс жерлерді белгілеу. Яғни, елді мекеннен тыс жердегі аумақтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы санатқа жатқызылып, кәсіпкерлік үшін пайдаланылатын болады. Үшіншісі – Салық кодексіне қайта өзгерістер енгізіп, кәсіпкерлердің елді мекендердегі жерлерге төлемін бұрынғыдай, бонитет баллымен есептеу қажет.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палата-сының директоры Ерқанат Әбеновтің пікірінше, үш нұсқаның ішіндегі ең дұрысы және ақылға қонымдысы – шекараны өзгерту. Жиын барысында палата директоры алгоритмді түсіну және әзірлеу қажет екенін, оны қалай және қандай мемлекеттік органдар жасайтынын атап өтті.

Отырыс барысында тараптарды тыңдаған кеңес бас жоспарды өзгерту жолымен жүру өте ұзақ, ал Салық кодексін өзгерту одан да ұзақ уақытты қажет етеді деп шешті. Мәслихат аймақтарды қайта қарап, салық коэффициентін төмендетуі ғана мүмкін. Дегенмен, жүйені барлығына бірдей өзгертуге тура келеді. Өйткені белгілі бір санаттар үшін жеңілдіктер қарастырылмайды.

 

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.