«Jylyjai» сөзін естігенде, кім-кімнің де көз алдына жайқалған қияр мен қызанақ, қызғалдақ пен раушан гүлі елестей кетеді. Әйтеуір, жайқалған жасыл желек көрінеді. Бірақ, бүгін біз сөз етпек жылыжайдың жөні бөлек. Мұнда сіз ойлағандай жеміс-жидек, өсімдік өспейді. Есесіне, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, түрлі саланың жұмысын жеңілдететін жобалар туындайды. Сол жобаларды заман талаптарына сай түзетін сайыпқырандар шығады.
Теория тәжірибемен бекітіледі
Павлодар қаласындағы ақпараттық технологиялар колледжі базасында ашылған Jylyjai IT-паркіне енсеңіз, бірден саланың озық техникаларына тап боласыз. IT бағытқа аңсары ауған әр адамды бірден баурап ала кететіні сөзсіз. Ал сол техникалардың қыр-сырын, тәжірибеде қолданудың айла-тәсілін тереңдей меңгерген азамат бүгінгі нарықта орнын ойып алары анық. Бір байқағанымыз, алған теориясын бірден практика жүзінде бекітіп алуға мүмкіндік бар. Сонысымен де, жастарға жайлы жағдай жасап, әу баста өзіне берілген «Jylyjai» атауын ақтап тұрғандай көрінді.
Жақсыны көрмекке деп, IT-паркті аралауға кірістік. Жаныма ерген колледж директорының ақпараттық технологиялар жөнін-дегі орынбасары Әйгерім Хаипергина «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп таныстырып өтті. Шынымен, IT-мамандарға жылыжайлық жағдай жасалғаны байқалды. Алдымен, сайттар мен мобильді қосымшалар жасалатын зертханаға кірдік. Қаз-қатар тізілген көлемді компьютерлерге үңілген жастардың келіп-кеткен адамға қарайтындай мұршасы жоқ. Бәрі де сантүрлі технологиялармен сайт, мобильді қосымшалар құрудың қыр-сырын меңгеруге «кіріп» кеткені көрінді. Сандық бағдарламалық басқару зертханасында студенттер Worldkills сынды халықаралық, республикалық сайыстарға сақадай сай болу үшін білімдерін шыңдайды.
Оқумен бірге табысы бар
3D прототиптеу зертханасында өнеркәсіптік кластағы принтерлерге көз түседі. Оның әрқайсысы қандай қажетке жарайтынын ақпараттық пәндер оқытушысы Борис Григорьев кеңінен әңгімелеп берді.
— Бұл принтерлердің қамту аумағы өте ауқымды. Бірі биіктігі 60 сантиметр, ені мен ұзындығы 30 сантимертрді құрайтын 3D пластик бұйымдары шығаруға мүмкіндік берсе, енді бірі 1 текше метрлік өнім өндіре алады. Жоғары температурада пластиктен түрлі өнімдер өндіріледі. Яғни, белгілі бір заттардың прототип үлгісі жасалады, — дейді Борис Вячеславович.
Мұнда да мамандар тапсырыспен бұйымдар жасайды. Мәселен, автокөліктердің, квадракоптердің пластик бөлшек-теріне, тегершіктерге, безендіру бұйымдарына тапсырыс жиі түсетін көрінеді. IT-мамандар CAD-жүйелерінде бұйымды модельдейді, веб-слайдтарға жүктейді, принтермен басып шығаруға баптайды.
Одан әрі өндірістік цехтағы лазерлі станоктарға таңданыс танытпауға тағы болмады.
— Терезелерге металл торлар шығаратын кәсіпорынмен шарт жасастық. Олар тапсырыс береді, біздің студенттер жасайды. Қажетті материалды кәсіпорын өзі жеткізіп береді. Ал студенттер торлардың өлшемін бағдарламалап, арнайы бағдарламаға енгізеді. Яғни, автокадтың темірді қандай өлшемде кесіп беретінін алдын ала компьютерде белгілеп береді. Бұл цехта 40 шақты студент істегісі келді. Бірақ, толық іріктеуден кейін екі жасты таңдадық. Бүгінде олар оқып қана қоймай, айына 150-200 мың теңге табыс тауып жүр, — дейді Әйгерім Юрьевна.
Табыс демекші, Jylyjai-дың жайлылығын сезініп, бар берген білімді бойына сіңіре білген жас өрендер бүгінде өзгелерді үйретіп те кіріс көзін тапқан. Нақтысы, IT-паркте прототиптеу, графикалық дизайн, компьютерлік сауаттылық, робототехника, веб-әзірлеу бағыттары бойынша ақылы курстар өткізіледі. Міне, осы курстарға келушілерге колледждің түрлі халықаралық, республикалық IT-саласындағы жарыстарда жеңіске жеткен жастар сабақ береді. Бұл білім ошағында жастарды жарыстарға көптеп жіберуге мән берілетіні байқалады. Себебі, сол сайыс-тарда шеберліктері шыңдалады. Былтыр Даниил Барт Worldkills республикалық чемпионатында веб-әзірлеме бағытында колледж- дер арасында үздік деп танылған.
Сайттың осал тұсын табады
Елімізде ақпараттық мәліметтердің «қолды» болған жағдай-ларынан кейін кибер-қауіп-сіздікке мән беріле бастағаны белгілі. Міне, осы бағыт егжей-тегжейлі түсіндірілетін желілік және жүйелік әкімшілік зертханасы да қызығушылық тудырды. Заманға сай серверлік және басқа да технологиялар жастардың киберқауіпсіздікті егжей-тегжейлі түсінуіне жол ашуда. Нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, бүгінде білім ордасының үшінші курсында оқитын Мұса Төлеу дәл осы киберқауіпсіздік бойынша республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Өткен жылы Ресейде өткен Brics байқауында 2-ші орынға ие болған. Ресейде ұйымдастырылған халықаралық Worldkills сайысында алдына жан салмай, бірінші орынды қанжығалап келген. Міне, осындай жетістіктерді ескерген Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы университет ректоры колледждің үш студентіне грант тағайындапты. Сол гранттың бірі Мұса Төлеуге бұйырыпты. Олар екі жыл оқып келген соң өздері білім алған колледжде үш жыл ізбасарларын дайындайды.
— Ақпараттардың шығып кетуі кейінгі кезде жиі орын алғанын көріп жүрміз. Сондықтан өз басым еліміздің бұл саладағы инфрақұрылымын барынша қауіпсіз еткім келеді. Азаматтар өздерінің жеке деректеріне алаң-дамайтындай жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге үлес қосқым келеді. Соған жету үшін қазір барлық жағдай жасалған. Ұстаздарымыздың үйреткенін нақты іс жүзінде бекітіп аламыз, —
дейді Мұса есімді болашақ маман.
Қазіргі таңда ол білгенін коммерциялауды да меңгеріп алыпты. Яғни, тапсырысқа сайт, мобильді қосымшалар жасайды. Сайттарды тесттен өткізіп, оның қай жері осал екенін тауып береді.
— Сайттарды түзу кезінде барлық қауіпсіздік шаралары ескерілмесе, ақпараттың шығып кету қаупі болады. Сондықтан тестілеу кезінде қай тұста «саңылау» барын анықтап береміз. Тапсырыс берушіге барынша бекемдеу керек жағын түсіндіріп, бәрін есеп күйінде қолына ұстатамыз, — дейді М.Төлеу.
Түйін:
IT-салаға қызығатын қыз-ұлдардың қатары өскені байқалады. Былтыр бір орынға 10 баладан таласқаны –
соның айғағы. Әлбетте, бәсеке болған жерде сапа болады. Осылай, жайлы жағдай жасау, түрлі жарыс- тар арқылы IT-дің кіл мықтылары шынығып шығары сөзсіз. Осы міндет мүддесінен шығуды мақсат еткен Павлодардағы «Jylyjai» IT-паркі бүгінде IT-секторды дамытуға ниетті IT-мамандар шоғырланатын орталыққа айналу үстінде. Аймағымызда IT-қозғалысты барынша белсендендіруге бағыт алғаны байқалды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ