15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай «Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі өңірлік орталығы» КММ-де мерекелік іс-шара өтті. Оған аталған мекеме тәрбиеленушілері мен ата-аналар белсенді қатысты.

Бірден айта кетерлігі, бұл орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларынан шыққан, қараусыз қалған, жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған.

— Қазіргі таңда мекемеде 3-18 жас аралығындағы 56 бала бар. Біздің орталық түрлі қиын жағдайға тап болған балаларды алғаш болып қабылдап, олардың статусы анықталғанша қызмет көрсетеді. Яғни, кейбіреуінің құжаттарын реттеп, ата-анасына қайтарсақ, енді біреуін қамқоршыларына, бірін балалар үйіне орналастырамыз. Осы бағыттағы жұмыстар аяқталғанша барлық бала орталығымызда тұрады. Мамандарымыз құқықтық, медициналық, әлеуметтік қызмет көрсетеді, —
дейді мекеме директорының орынбасары Көркем Сағиева. Оның айтуынша, осында балалар 6 айға дейін тұрып, ары қарай «жылы орнын» табады. Мұндай қамкөңіл жеткіншектердің әр күнін көңілді өткізіп, қуаныш сыйлаудың маңызы зор, дейді орталық мамандары. Осы мақсатта отбасы күні қарсаңында тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарына арналып мерекелік кеш өтті.

Шараның басты мақсаты – «Отбасы» ұғымының мән-маңызын түсіндіріп, әр адамға шаңырақтың қадір-қасиетін бағалай білу керектігін ұғындыру. Сондай-ақ, ата-аналардың өз құқықтарын қалпына келтіруге көмектесіп, балаларымен қайта қауышуларына жағдай жасау.

Айтулы мереке қарсаңында тәрбиеленушілер ән шырқап, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, түрлі спорттық жарыстар мен эстафеталық ойындар ұйымдастырылды. Ал ата-аналар баласын қайтарып алу, бала асырап алу, қамқоршылыққа қабылдау тәртібі, басқа да мәселелер бойынша түрлі сала мамандарынан кеңес алып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап тапты.

 

Оңалған БАҚЫТ, тәрбиеленуші:

— Мен Ақсу қаласына қарасты М.Омаров ауылынан келдім. Осы мекемеде тұрып жатқаныма 5 айдан асты. Тамағымыз тоқ, киіміміз бүтін. Қазір 6-сыныпта оқимын. Сабағымды мекеме ішіндегі сыныпта жалғастырудамын. Десе де, отбасының орны бөлек екенін түсіндім. Ата-анаммен бірге тұрғым келеді, оларды сағынамын. Амандық болса, көп ұзамай өз үйіме барамын деген үміттемін. Қазір мұндағы қызметкерлер көмектесіп, құжаттарымды ресімдеп жатыр.

 

Адлен СЕРІКТЕС, тәрбиеленуші:

— Мен 3-сыныпта оқимын. Осы орталықта тұрып жатқаныма біраз уақыт болды. Тәрбиешілер ұнайды. Мұндағы бізге көмектесіп жүрген барлық апайға алғыс айтамын. Маған анам жиі келіп тұрады. Жақында үйге баратынымды естіп, қуанып жүрмін. Барлық бала бақытты болса екен деп тілеймін.

 

Н.АҚЫТЕГІ,

Суреттерді түсірген – Е.Исабек.