Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін елімізде дамыту үшін түрлі тетіктер қолға алынып жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Мәселен, төртінші деңгейлі бюджет арқылы ауылдық елді мекендердің кішігірім мәселелерін өздігінен шешуіне мүмкіндік берілді. Міне, ол қаражатты қажетке жаратуда әкімдерге ауылдықтармен ақылдасудың да жолы заңмен қарастырылды. Нақтысы, жергілікті қауымдастықтар құрылып, ауылдықтардың арасынан таңдалған он мүше өзі тұратын елді мекенде оң өзгерістер орын алуына атсалысады. Ауылдастарының бұйымтайын жеткізіп, түйткілдерді шешуде жергілікті билікке ойын айтады.

Немқұрайлық танытпауға тырысамыз

Осындай қоғамдастыққа он жылға жуық мүшелік болып келе жатқан Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде жергілікті қоғамдастық мүшесі Алтын Жүсіпова айына кемінде екі рет әкімдікте кездесуге қатысатынын айтады. Қажет болса, қосымша жинала қоюға да әрдайым әзірмін, дейді.

— 1984 жылдан бері кентте тұрамын. Елді мекеніміздегі әрбір мәселемен етене таныспын. Негізгі міндетіміз – жергілікті билікпен бірлесіп, кентіміздің көркеюіне үлес қосу. Жылдар бойы күрмеулі мәселелердің шешілуіне атсалысамыз. Біздің қауымдастығымыз он адамнан тұрады. Кентке қарасты Шөптікөл, Сұлужон, Үшқұлын ауылдарынан бір-бір өкілден бар. Қалғанымыз Майқайыңның өзіненбіз. Көбі — зейнеттегі азаматтар. Яғни, елді мекендердің жағдайымен жақсы таныс, — дейді Алтын Сағидоллақызы.

Айта кетейік, қауымдастық мүшелері төрт жылда бір рет сайланады. Ауылдастары өздері дауыс беріп, таңдау жасайды. Алтын Жүсіпова осымен екінші мәрте сайланып отыр. Ол ылғи белсенділік танытып, кенттегі кез келген жөндеу жұмыстарының барысын бақылауда ұстауды азаматтық ұстанымы, қауым-дастық мүшесі ретінде міндеті санайды. Сондықтан әрбір жағдайға немқұрайлық танытпауға тырысады.

— Мәслихат депутаттарымен кентімізде жөнделіп жатқан жол, нысандардағы жұмыстармен танысамыз. Құрылыс, жөндеу жұмыстарындағы олқылықтарды тізіп, акт жасаймыз. Шыны керек, мердігер фирмалар жол жөндеуге келгенде сапаға көп мән бермейді. Кемшіліктері кейін шығып жатады. Мұндайда тағы да акт жасап, әкімдікке тапсырамыз. Кейбірі «кейін қалпына келтіреміз, жөндейміз деп уәде етеді». Сол уәде толық әрі сапалы орындалса деген тілегіміз бар, — дейді А.Жүсіпова.

Қауымдастық мүшелері ауылдық елді мекендегі жарығы жанбай қалған, қоқысы шашылған тұстар болса, фотоға түсіріп, биліктегілерге қаперге алуға жолдап отыратын көрінеді. Яғни, кенттегі келеңсіздіктерді жан-жақтан түзеп, барынша дереу ретін келтіруге қолғабыс жасайды.

— Қауымдастық мүшесі екенімізді ескеріп, тұрғындар бұйымтайларын айтады. Әкімдік-тегілерге жеткізуімізді өтініп жатады. Әрине, әрбір өтінішті жерге қалдырмаймыз. Өйткені, халықтың өкілі ретінде сайлан-ғаннан кейін жауапкершілікті ұмытпаймыз. Ауылдастарды туған өлкеміз үшін маңызды іске ұйыстыруға күш саламыз. Көп іс халықтың береке-бірлігімен, ұйымшылдығымен бітеді. Мәселен, жуырда кентіміздегі ардагерлер кеңесінің бастамасымен ауылдың зиратының маңы толық тазартылып, ретке келтірілді. Мұндай шаруалар ауызбіршіліктің арқасында атқарылады ғой, — дейді ол.

Жоғарыда атап өткеніміздей, дербес бюджетті қажеттіліктерге бөлу кезінде де әкімдер қауымдастық мүшелерімен ақылдасып, кәдеге жаратады. Яғни, ауылдықтармен бірлесіп, ең маңызды мәселелерді таңдап, әр жылдың жоспарына енгізеді. Міне, мұндай жұмыстар Майқайың кентінде де жүргізілетін көрінеді. Мысалы, былтыр кенттің дербес бюджетіне 100 млн теңгеден астам қаражат түскен. Қаржыны елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге жұмсаған.

— Көп жағдайда әкімдіктегілер бізді үнемделген қаражатты қандай мақсатқа жұмсауды ұйғарып отырғанын келісуге шақырады. Мәселен, биыл үнемделген қаржыға кентке кіреберіс арканы жөндеуге бағыттауды ұсынды. Келісімімізді бердік. Себебі, кез келген мейман кіреберістегі көрініспен елді мекенді есіне сақтайтыны, қонақты қабылдайтын қақпа ретінде көрікті болғанын қалаймыз, — дейді А.Жүсіпова.

Кейде дербес бюджеттегі қаражат елді мекенде істемей қалған жарықшамдарды ауыс-тыруға жұмсалады. Мұны да әкімдік қауымдастық мүшелері-
мен келіседі. Бір сөзбен айтқанда, әрбір теңгенің ауылдың түйткілді түйінін шешуге бағытталуына қырағылық танытады.

 

Көмегі көп

Жалпы, мұндай қауымдастық-тардың маңызын әкімдер де жақсы біледі, сезініп келеді. Ақсу қала-сына қарасты Қызылжар ауылдық округінің әкімі Дәулет Әбілдинов кез келген мәселені келісе шешкен жөн деген пікірде. Сондықтан ауылға қатысты әрбір істе қауымдас-
тық мүшелерімен кездесіп, ой қосуларын сұрайтын көрінеді.

— Айына кемінде бір рет кездесіп тұрамыз. Біздің округтің жергілікті қауымдастығы 8 азаматтан тұрады. Округке қарасты 5 елді мекен бар. Әрбірінен өкілдер сайланған. Өткен жылдың желтоқсан айында сайланды. Халық өздері ұсынған азаматтар. Сондықтан ауылдастарының мүддесін қорғап, ортақ мәселеде ой қосады. Әр салада қызмет етеді. Аға буын да, орта буын да, жастар да бар. Мұны да ескердік, — дейді Дәулет Жұмабайұлы.

Былтыр бұл округтің дербес бюджетіне 6 млн 401 мың теңге түсіпті. Бұл қаражатқа Сарышығанақ ауылында автобус аялдамасы орнатылған. Қызылжар, Сарышығанақ, Суаткөл, Бөріктал елді мекендерінде ауылішілік жолдарды тегістеуге жұмсалған. Әкімнің айтуынша, дербес бюджет түсімі ауылдарды абаттандыруға бағытталады. Міне, осы қаржыны бөліп, кәдеге жарату кезінде қауымдастық мүшелерінің пікірі ескеріледі, олармен келісіледі. Биыл аталмыш округ қазынасына жоспар бойынша 7 млн 800 мың теңге түсуі тиіс. Алайда, округ әкімі Д.Әбілдинов жоспар асыра орындалатынына сенімді. Себебі, бүгіннің өзінде түскен қаржы 6 млн теңгеден асқан. Айтуынша, түсімнің ұлғаюына жеке кіріс салығының, көлік санының көбеюі, тұрғындардың жер алып, үй тұрғызуы да мүлік салығының артуы да септігін тигізуде.

Қызылжардың тумасы, қазіргі таңда жергілікті қауымдастық құрамында жүрген Асқар Қаржаспаев та ауылының көркеюіне көмек қолын созуға әрдайым асық. Ол әкімдік жинай қалса, алып ұшатынын айтады. Өйткені, мұндай кездесулерде ауылдастарының жылдар бойы көтеріп жүрген мәселелерін шешудің жолдары қарастырылады. Өткен жылы ауылының үш көшесі асфальтталып, біраз көшенің қазақша атауға ие болуына атсалысқан. Алдағы уақытта да уақыт тауып, қоғамдық істен қалыс қалмауға дайын.

 

Түйін:

Қазақта «келісе пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Әр істі ақылдаса отырып, жан-жақты талқылау арқылы жүзеге асырудың нәтижесі де ойдағыдай болатыны анық. Ал әр ауыл тұрғындары өзін толғандырған түйткілдерді ортаға салып, билікпен бірлесіп, шешімін табудың даңғылына түсті. Бұл ретте, жергілікті қауымдастықтардың маңызы жыл өткен сайын біліне бастағандай.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ