«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көріп, ауылға оралған жас дәрігердің бірі – Айдан-ақ Амантайқызы. Ол бүгінде Павлодар ауданына қарасты Новоямышев ауылында жалпы тәжірибе дәрігері болып табысты еңбек етуде.
«Бәрін кадр шешеді» деген сөздің мәні күн өткен сайын артып келеді. Әрі маман иесінің білім мен білігіне қарай салмақты бола түскендей. Бұл сөз денсаулық сақтау саласына қатысты айтылғанда екі есе жауапкершілік жүктейді. Өйткені қазір кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі — отандық медицинада шешілмеген мәселенің бірі.
Әзірге жас маманды ауылға жетелеп апаратын жалғыз «күш» — «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы. Біздің кейіпкеріміз де — осы бағдарламаның игілігін көргендердің қатарынан.
Айдан-ақ Амантайқызы — Семей мемлекеттік медицина университетінің түлегі. Оқу орнын үздік тәмамдап, 2022 жылы жолдасымен Павлодар ауданына қарасты Новоямышев ауылына қоныс аударып, жергілікті амбулаторияға жалпы тәжірибе дәрігері болып жұмысқа орналасты.
— Бұл – жолдасым екеуіміздің ортақ шешіміміз. Ол Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебінде ұстаздық етті. Ал мен облыстық балалар емханасында еңбек етіп жүрген едім. Жас отбасы болған соң үйлі болу, қаржылық жағдай маңызды ғой. Сондықтан «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының игілігін көрмекке бекіндік. Екеуіміз де — ауылдың баласымыз. Бізге бұл таңсық емес, — дейді жас маман.
Ауылға барған соң аудан әкімдігінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бір реттік көтермеақы берілген. Одан бөлек, жас маман ретінде әкімшіліктен үй ұсынылыпты. «Дипломмен –
ауылға!» бағдарламасы аясында үй сатып алуға да қаражат беріледі. Әзірге жас отбасы бұл мүмкіндікті пайдаланбаған екен. Бірақ жоспарда бар дейді. Бұдан бөлек, Айдан-аққа Павлодар аудандық емханасы тарапынан 1,5 млн теңге көлемінде көтерме ақы беріліпті. Жолдасы Ақжол көрші Тұзқала ауылындағы мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Бұл елді мекен Аққулы ауданына қарайды. Ол да аталған аудан басшылығы атынан 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтермеақы алыпты.
Алғашында ауылға қоныс аударған жас маманға облыстық денсаулық сақтау басқармасы атынан да 1,5 млн теңге көлемінде көтерме ақы беріледі делінген. Алайда, бұл мәселе әлі күнге дейін созбаққа салынып, уәделері орындалмапты.
Жас маман ретінде барған маған ауыл тұрғындарының сенімі күш берді, дейді дәрігер.
— Ауылдың тынысы қандай кең болса, ауыл адамдарының пейілі де сондай кең. Ауыл дәрігері мұндағы әрбір жанұяның бір жақын адамына айналып кетеді. Дәрігер ретінде күн мен түннің қай бір мезгілінде болмасын көмекке мұқтаж жанның қасынан табылуға тырысамын. Жалпы, жас мамандарға ауылға баруға жүрексінбеңіздер дегім келеді. Әр нәрсенің бастауы ауылда. Тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік, —
дейді Айдан-ақ Амантайқызы.
Жас та болса, еңбек жолында ел көңілінен шығып үлгерген ауыл дәрігері ақ желеңді жандар кәсібін шын сүю керек деп санайды. Сонда ғана дертке дауа іздеген адамға ықыласпен көмек көрсетіп, жаралы жанды жылыта біледі.
Айдана ҚУАНЫШЕВА