Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында бірқатар құжаттарға енгізілген өзгерістер бекітілді. Солардың бірі жерлеу және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастыру қағидаларына байланысты болды. Сессияға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек қатысты.
Облыстық дін істері басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың мәлімдеуінше, бұл шешім жобасы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің бұған дейінгі қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізуіне орай аймағымыздағы құжаттарды да сәйкестендіру мақсатында қолға алынып отыр. Яғни, 2019 жылы жерлеудің және зираттарды күтіп ұстауға қатысты қабылданған үлгілік қағидаға өзгертілді. Шешім жобасы құзырлы мекемелермен келісілген.
Басқарма басшысының айтуынша, аталған актіні қабылдау қайтыс болғандарды жерлеу жүйесін оңайлатуға, санитарлық нормалар мен зираттарды абаттандыруды қамтамасыз етуге ықпал етеді. Соңғы өзгерістерге сәйкес, зираттардағы бос орындар бұдан былай жер кадастрында көрсетіліп тұрады. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер өздеріне қарасты әкімшілік аумақтағы жерлеу орын-дарының айналасын тиісті талапқа сай ұстауы тиіс.
Сессияда облыстық мәслихат депутаттарын сайлауға қатысатын бір мандатты аумақтық сайлау округтерінің округтік сайлау комиссияларының құрамы бекітілді. Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко 9 округте бос орын қалыптасқанын атап өтті. Міне, сол орындарға саяси партиялардан, қоғамдық бірлестіктерден ұсыныстар қабылданған. Айта кету керек, мұндай округтік комиссия бес адамнан құралады. Олар бес жылға сайланады. Әрбір саяси партия бір өкілден ұсына алады. Саяси партиялардан ұсыныс болмаған жағдайда қоғамдық бірлестіктер тартылады. Тоғыз орынға бұған дейін сол округтік сайлау комиссиясынан шығып кеткен саяси партияның, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері сайланбақ. Әрбір ұсынылған үміткерге қатысты барлық тексерістер жүргізілген.
Отырыста облыстық жер комиссиясының да құрамы бекітілді. Бұл комиссия құрамы 12 айдан кейін қайта қаралып, өзгеріп отыратын көрінеді.
Облыстық қоғамдық кеңестің де құрамы өзгерді. Нақтысы, Еламан Қабділәшім және Сымбат Тайнов өздері берген өтініштеріне байланысты кеңес құрамынан шығарылды. Олардың орнына қатарға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалының директоры Ерқанат Әбенов пен Д.Махмудов атындағы трамвай басқармасының басшысы Муслим Махмудов қабылданды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.