«Достық үйінің» жанынан құрылған облыстық татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы «Сабантой» мерекесін жыл сайын атап өтеді. Биыл да дәстүрлі мейрам өз жалғасын тапты.
Тарихы мың жылдан асқан бұл мереке өңірімізде Тәуелсіздік алған жылдардан бері татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйытқы болуымен өткізіліп келеді. Осы кезең ішінде «Сабантой» этникалық бірлестіктің шағын мерекесі деңгейінен облыс жұртшылығының ырысты ынтымағы мен өзара түсіністігін өзге қырынан дәріптейтін мерейлі мереке болып қалыптасты.
Аталмыш шара барысында «Татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рустам Мазгутов жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мерекеде қоғамдық бірлестіктің белсенділері қатарындағы жас отбасыларға, жаңа туған сәбилерге, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне арнайы дайындалған сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, ұлттық дәстүр мен мәдениетті насихаттауға, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға зор үлес қосқан бірлестік мүшелеріне құрмет көрсетілді.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Қымбат Дощанова оларға «Қоғамдық келісім» респуб-ликалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Элина Масагутованың, облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдумановтың және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Алғыс хаттар табыстады. «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысы бойынша өкілеттігінің төрағасы Рамиль Смаилов та қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген жастарды құттықтап, Алғыс хатпен марапаттады.
Мереке барысында қонақтарға татарлар мен башқұрттардың ұлттық тағамы «чак-чак» тәттісі таратылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Сондай-ақ, қызықты этноойындар ұйымдастырылып, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.
Өз тілшіміз.
Суреттер облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясынан алынды.