Павлодар қаласында полицейлер тоғызыншы қабаттан секірмекші болған ананы ажал аузынан құтқарып қалды. Тұрғынның мұндай әрекетке баруына босанғаннан кейінгі күйзеліс себеп болған.

Облыстық полиция депар-таменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Естай көшесі, 101/2 мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тоғызыншы қабатынан секірмекші болған әйелді көрген адам дереу полицейлерге хабар берген. Мәлімет түскен бойда учаскелік полиция инспекторлары Әсет Құрманғалиев пен Ілияс Қамерден жедел түрде аталған мекенжайға жүгірген.

– Оқиға орнына жеткен кезде тоғызыншы қабатта тұрған әйелге даладағы тұрғындар бұл әрекеті дұрыс емес екенін айтып жатты. Біз дереу көтеріліп, әлгі әйелді қорқытып алмай сөйлесуге тырыстық. Бұл жағдайға не себеп болғанын да сұрадық. Сұрақтарға жауап беріп жатқан кезде қасына жақынырақ барып, ақырын жерге түсіріп алдық, – деді полиция капитаны Әсет Құрманғалиев.

Тәртіп сақшысы әйелге қолын созғанда ол өзін жаман анамын деп атап, жылаған. Инспекторлар оны жұбатып, туған-туысқандары үйде күтіп отырғанын айтып райынан қайтарған. Белгілі болғандай, әйелдің бір баласы бар екен.

— Тұрғындарға көмектесу – басты міндетіміз. Әлгі әйелді қорқытып алғанымызда немесе бір секундқа кешіккенде өмірін құтқара алмас едік. Абырой болғанда, оқыс жағдай орын алмады, — дейді Ә.Құрманғалиев.

Полицейлер әйел адамды дәрігерлерге тапсырды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.