Әбілхан Қастеев — түрлі жанрдағы картиналардың мол мұрасын қалдырған бірегей суретші. Олардың бір бөлігі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің алтын қорына енді. Жуырда белгілі қылқалам шеберінің мерейтойына орай аталған тарихи орда аймағымызға көшпелі көрмемен келді.

Айдана БОРАНБАЕВА

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрмемен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Бейісованың сөзінше, бұл көрмеге Әбілхан Қастеевтің 120 және Қостанай облысының 135 жылдығына орай осы өңірдің белгілі суретшілерінің 30-дан аса жұмысы қойылған. Сонымен қатар, көрмеде Н.Торшин, Г.Соков, С.Шалунова, Н.Халифаева, О.Кусков секілді қостанайлық суретшілердің Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығындағы туындылары ұсынылды.

— Қазақ бейнелеу өнерінің тұңғышы, қырық жасында Қазақстанның халық суретшісі атанып, Суретшілер одағы басқармасының төрағасы болған Әбілхан Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл толады. Қылқалам шеберінің аты-жөні өнерден алыс адамдарға да таныс. Ол — Қазақстанның бейнелеу өнері тарихындағы жарқын құбылысқа айналған, болашақ ұрпаққа негіз қалап кеткен атақты суретші. Әр туындысында туған жері мен адамдардың бейнелерін шабыттана суреттеген. Сондай-ақ, бұл картиналарда ХХ ғасырда болған барлық маңызды тарихи оқиғаны бейнелеп, тың дүниелерді көрсетуге ұмтылды.

Оның ежелгі қазақ өмірінің тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен сусындаған ұлттық бояуға қанық суреттері бірінен кейін бірі көз алдыңызға келе береді. Суретшінің әр туындысы ерекше. Оны ешбір қылқалам шебері қайталай алмасы анық, — дейді ол.

Әбілхан Қастеев қазақ сурет өнерін қалыптастырып қана қоймай, жаңа бағытта дамуына ерекше үлес қосты. Оның суреттері қазақ жерінде ғана емес, күллі әлемде танымал болды. Әбілхан Қастеевтің «Тігін тігу», «Мектепке», «Автопортрет», «Көк көйлектегі қыз», «Әпкенің портреті» және портрет жанрындағы туындылары қазақ сурет өнерінің дамуына үлес қосты. Онымен қоса, «Ғани Мұратбаев», «Абай Құнанбаев», «Жамбыл Жабаев» «Амангелді Иманов», «Шоқан Уәлиханов», т.б. тарихи тақырыптағы «Түрксіб», «Сарбазы Амангелді», «Келін» картиналары арқылы ұлттық бояуларды анық көруге болады. Суретші қазақ халқының өмірі мен тұрмыс-тіршілігін суретке түсіріп, ұлттық дүниетаным аясында тың композициялық шешімдер таба білген. «Киіз үйдің ішін безендіру», «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Құрдастар», «Келін қарсы алу» және т.б. туындылары арқылы халық қазынасын ашық көрсетіп, заман тынысына сай кезеңдерді суреттей алды.

Суретші осы еңбектері үшін Қазан революциясы, екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Оның есімі Шымкент көркемсурет училищесі мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер мұражайына берілген.  Танымал суреттерінің бірі – Шоқан Уәлихановтың портреті. Сонымен қатар, қазақ салт-дәстүрін айқындайтын картиналарды салған.

— Әрбір автор шығармашылық батылдығымен, өзіндік ерекшелігімен айрықша. Олардың туындыларымен танысқанда суретшілердің туған жеріне, еліне деген мақтаныш сезімі ерекше екенін түсінесің. Суретшілер үшін туған жер — халқының өткені мен бүгінін байланыстыратын алтын көпір. Олар өздерінің сүйіспеншіліктері мен қуаныштарын көрермендермен жомарттықмен бөліседі. Суретшілердің туындылары – авторлардың оқиғаларға көзқарасы ғана емес, сонымен бірге тарихымыздың бір бөлігі, — деп атап өтті «Ertis» мультимедиялық музейінің басшысы Айзада Бектемісова.

Аталмыш көрме тамыз айының 6-сына дейін жұмыс істейді.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.