Кез келген салаға оны ілгерілетуге жігерлі жандар жиналған жағдайда қоғамда да жан-жақты даму байқалатыны сөзсіз. Қалауы мен қарымы қатар тоғысса, нәтижелер еселене түседі. Жастардың өңірлік кадрлық резервін қалыптастыру да дәл осындай мақсатпен қолға алынғаны анық. Яғни, өңірімізді өркендетуге жалынды, білікті жастарды іргелі істер айналасына шоғырландыру көзделген. Бүгінде наурыздың бірінен бастау алған бұл ауқымды іріктеу конкурсының аяқталуына да санаулы апта қалды.

 

Мүмкіндік

Естеріңізге сала кетейік, биыл наурыз айында өңірлік жастар кадрлық резервіне өтуге құжаттар қабылдау басталды. Резерв құру арқылы жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастырып, өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту көзделді. Сан сатылы сыннан өткен 20 адам сайланатын лауазымдарды қоспағанда жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға мүмкіндік алады. Әлбетте, резервке қатысатындарға нақты талаптар тізімі әзірленді. Үміткерлердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Жоғары білімді, Қазақстан азаматы болуы шарт. Кандидаттардың кез келген салада кемі 3 жыл еңбек өтілі болуы қажет. Яғни, міндетті түрде мемлекеттік қызметте еңбек еткені талап етілмейді. Өңіріміздің 230 жас азаматы бағын сынап көруге өтінім берген екен. Құжаттар қабылданғаннан кейін арнайы комиссия олардың талапқа сай келу-келмеуін жіті тексеріп шыққан. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, олардың 151-і ары қарай тесттен өтуге жолдама алыпты. Былайша айтқанда, заманға сай ойы ұшқыр, адамдармен тіл табыса алатын, идеяға толы жастарға болашақта басшылық қызметтер атқаруға баспалдақ ұсынылды.

Бақ сынап, тәжірибе жинап…

Шарбақтылық Бақтыгүл Айкүмісова өңірлік кадр резерві туралы насихат жұмысынан кейін бағын сынап көруге бел буады. Қазіргі таңда Шарбақты ауылының мектебінде логопед болып еңбек ететін ол бұған дейін мемлекеттік қызметтегі 12 жылдық тәжірибесін қайтадан кәдеге жаратуды ұйғарады.

— Жасым 35-ке жақындады. Жас ретінде пайдаланып қалатын соңғы мүмкіндік деп қабылдадым. Өзім еңбек еткен денсаулық сақтау және білім салаларындағы тәжірибемді өңіріміздің әлеуметтік блогын ілгерілетуге бағыттасам деген ниетпен келдім. Бастапқыда соншалықты сенім болмады. Алғашқы, екінші тестілеулерден өткенім туралы хабарлама келгенде ары қарай қызығушылығым арта түсті. Бәрі автоматтандырылған. Мен мемлекеттік қызметтен кеткеннен бері қызмет көрсету сапасы біршама дамып кеткенін көрдім. Ал Астанада Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтетін кезеңге жолдама алғанда қуанышымда шек болмады. Академияның ішіндегі көріністер, 8 сағаттық сын, қаншама өңірден келген үміткерлермен таныстық, тәжірибе алмасу өзіме ерекше әсер қалдырды. Кәдімгідей қанат бітіргендей болды. Сынақта берілген оқиғалық, экономикалық тапсырмаларды орындауда осы уақытқа дейін жинаған тәжірибеме сүйендім. Қазір бақ сынауға кіріскеніме тек қуанамын. Бұл жастар үшін алға басуға мол мүмкіндік деп ойлаймын, — дейді үміткер Бақтыгүл.

Жастардың кадрлық резерві құрылатыны жайлы ақпаратты ести салып, шама-шарқын таразылап көруді жөн санаған азаматтардың бірі – Айдын Темірболатов. Ол бүгінде Ақтоғай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы болып еңбек етеді.

— Алғашқы мамандығым – радиотехника, электроника және телекоммуникация. Осы білімімді цифрландыру саласына бағыттағым келді. Сондықтан резервке қатысуда цифрландыру бағытын таңдадым. 2016 жылы әкімдікте статист-техникалық персонал болып еңбек жолымды бастадым. Кейін қаржы бөлімінде бас маман қызметін атқардым. Кадрлық резервтің
іріктеу кезеңдерінен өту арқылы өзіме мол тәжірибе жинақтап жатырмын. Бойымда сенімділік пайда болғанын сеземін. Шыңдала түсуге мұндай сынақтар жастар үшін өте пайдалы, — дейді А.Темірболатов.

Мәреге жақындай түсті

Жуырда аталған өңірлік резервке іріктеудің кезекті кезеңі – ассессмент аяқталыпты. Әр кезең сайын үміткерлер қатары сиреп келеді. Себебі, талап бар, түрлі тапсырмалар бар. Солардан сүрінбегендер келесі кезеңге жолдама алып отырады. Сөйтіп, еліміздің заңнамасын білу жағынан өткен тестілеуді 135 кандидат тапсырған. Олардың ішінде арнайы бағдарлама ең жоғары балл жинаған 71 азаматты келесі кезеңге өткізіпті. Жеке қасиеттерін бағалау сатысында олардың 40-ы іріктеліп алынған.

— Іріктеуде маңызды кезеңдердің бірі — үміткерлердің құзыреттерін бағалау — ассессментке 40 үміткер жолданды. Бұл сынақ Астана қаласында ұйымдастырылды. Бір азамат отбасылық жағдайына байланысты бара алмады. Қалған 39 үміткер сәтті өтті, — дейді департамент басшысы Ержан Қарымсақов.

Айта кету керек, аталмыш кезеңге дейін жеткен үміткерлердің 31-і — қазіргі таңда мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген жастар. Ал 8 кандидат жекеменшік және квазимемлекеттік секторда жұмыс істейді. Олардың тұрғылықты мекені бойынша саралайтын болсақ, Екібастұз қаласы мен Ертіс ауданынан үміткер саны көп. Әрқайсысынан 4 кандидаттан соңғы кезеңге дейін жете алған. Павлодар мен Ақсу қалаларынан 2 үміткерден өтіпті. Алты кандидат облыстық басқармалардан қатысуда. Еліміздің екі министрлігінен 2 үміткер өңіріміздің жастар кадрлық резервіне кіруге ниет танытып, байқаудың соңына дейін сүрінбей келеді. Орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаментінде қызмет ететін тағы 2 азамат та резервке енуден дәмелі.

Соңғы шешім — комиссияда

Іріктеудің талабы бойынша үміткерлер өздері үлес қосқысы келетін нақты бір бағытты таңдауы тиіс. Өңірімізде мұндай 7 бағыт белгіленген. Олар — индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, әлеуметтік сала, экология, цифрландыру. Ержан Нағызханұлының айтуынша, ассесстент кезеңіне жеткен үміткер-лердің басым бөлігі, нақтысы,
9 адам әлеуметтік саланы таңдапты. 9 үміткер өңірдің экономикасы мен қаржы бағытына барын салуға әзірлігін білдірсе, 6 кандидат тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылығы саласында еңбек етуге ниет танытқан. 5 жас ауыл шаруашылығы кешенінің келешегіне алаңдаулы болса, 2 үміткер эколо-гия мен цифровизация бағытына үлес қосқысы келетін көрінеді.

Енді ассессмент кезеңінің есебі алдағы тамыз айының ортасында арнайы платформада әр үміткердің жеке кабинетіне түседі. Содан соң келесі кезеңге жолдама беріледі. Яғни, кандидаттың әрқайсысы облысымыздың өңірлік кадрлық комиссиясының алдында сұхбат береді.

— Бұл сұхбат үміткерлердің өздері таңдаған бағытына сәйкес жобаны таныстыру форматында өтеді. 5 слайдтан тұратын презентация ұсынады. Оған 5 минут уақыт бөлінеді. Осы аралықта олар ұсынып отырған идеясының мәнін, оны іске асырудың әр кезеңін аша білуі тиіс. Жүзеге асыру барысында кездесуі ықтимал кедергілерді, күтілетін нәтижені қысқа әрі ұғынықты жеткізе білуі шарт. Әрбір кандидатпен жүргізілген сұхбат бейнежазбаға түсіріледі. Содан соң комиссия мүшелері балл қойып, өңірлік кадрлық резервіне лайықты деген 20 азаматты іріктеп алады. Бұл жерде кандидаттың сараптай білуі, білім тереңдігі, коммуникативтік білімі назарға алынады, — дейді Е.Қарымсақов.

Осылайша, сан сатылы сыннан сүрінбегендер өңіріміздің кадрлық жастар резервіне қабылданып, басшылық қызметтерде аймақтың алға басуына аянбай еңбек етуге жол тартады. Бастысы, үміт ақталсын дейміз!

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.