Ювеналды полиция қызметкерлері жаз мезгілінде түнгі уақыттағы рейдтік іс-шараны күшейтті. Мамандар сағат 22.00-ден кейін көше кезіп, түнгі клубтарда ойын ойнайтын жасөспірімдерді жөнге салады.

Мәселен, тек екі күн ішінде полицейлер ата-ананың бақылауынсыз түн ортасында жалғыз жүрген 38 баланы анықтаған. Сорақысы, олардың ішінде мас күйде көше кезгендер бар. Полицейлер Астана-Толстой көшелерінің қиылысындағы саябақта ішімдік ішкен 14 жастағы баланы жолықтырған. Сонымен қатар, 8 бала орталық жағалауда сағат 23.00-де қыдырған.

Павлодар қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов осындай тәртіпсіздікті анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылғанын айтады.

— Шара аясында сыртта жүрген 44 бала анықталды. Оның ішінде 10 бала орталық жағалауда жалғыз жүрген. Сонымен қатар, Май ауданы Малайсары ауылы, Павлодар ауданы Шақат және Луганск ауылдарында да жасөспірімдер қараусыз жүрген. Тәртіп сақшылары түнде көше кезген балаларды бөлімшеге апарып, ата-аналарын шақыртты. Оларға айыппұл салынды, — дейді ол.

Бұдан бөлек, ювеналды полиция қызметкерлері бала алдындағы ата-ана борышын өтемеген отбасыларды да анықтайды. Биыл 2 жасөспірім мен 8 ата-ана есепке қойылған. Тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы тұрақты түрде тексеріледі. Бұл ретте мамандар аталған отбасылардың туыстары және көршілерімен де әңгімелеседі. Балаларға үйде жасалған жағдайға мән береді. Биыл ұл-қызына дұрыс жағдай жасамаған 13 ата-ана жауапқа тартылды. Сонымен қатар, полицейлер қараусыз қалған үй-жайларды аралап, жасөспірімдерді есірткі саудасы, ішімдік тұтыну сынды фактілерден қорғайды.

Мамандар жайсыз отбасындағы күрделі жағдайдың куәсі болғандардан 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.