Биыл белгілі геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтілмек. Осы орайда, жүзге жуық киіз үй тігіліп, танымал жұлдыздар өнер көрсетіп, бірнеше кітаптың тұсауы кесіледі. Одан бөлек, геология саласы бойынша жарияланған байқаудың жеңімпаз-дарына облыс әкімінің гранттары табысталады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан мәлімдеді.
Медет Алпысбайұлының сөзінше, жыл басынан бері Қаныш Сәтбаевтың мерейтойына орай 300-ден аса шара өткізілсе, жыл соңына дейін 100-ге жуық шара жоспарланған.
— Қаныш Сәтбаевтың мерейтойының негізгі бағдарламасы 16-17 тамыз күндері өтеді. Алдымен шара Павлодар қаласының Сәтбаев көшесінің бойында орнатылған Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алады. Одан әрі Павлодар қаласы «Достық үйінде» «Академик Қаныш Сәтбаевтың мұрасы: Данышпанның феномені және Қазақстан ғылымының дамуына қосқан үлесі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылады. Конференция шеңберінде геология бағыты бойынша конкурстың жеңімпаздары атанған 7 жас ғалымға тағайындалған гранттар табысталады. Сонымен қатар, Баянауыл ауданы Мұса Шорман ауылы, Қаныш Сәтбаевтың туған жеріне зиярат етіп, Лекер ауылының маңында, Ж.Аймауытов ашқан «Мәдени кіндік» ауылының орнына белгітас қойылады. Осы күні Баянауыл ауылы С.Торайғыров атындағы мәдени ойын-сауық орталығында республикалық ақындар айтысы өтеді, — деді басқарма басшысы.
Ал келесі күнгі мерейтойлық шаралар Баянауыл ауылы С.Торайғыров атындағы мәдени ойын-сауық орталығында Әлкей Марғұланға арналған энциклопедияның, Сайлау Байбосынның Жүсіпбек Аймауытовқа арналған кітабының тұсаукесері және «Сұңғыла» атты естеліктер мен Аспанбек Шұғатаевтың «Qanyshname» кітабының таныстырылымынан бастау алады. Одан бөлек, академик Қаныш Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық музейінің алдында Қ.Сәтбаевтың бюстіне гүл шоқтары қойылады. Одан әрі шара 100-ге жуық киіз үй тігілген Мойылды шатқалында орналасқан этноауылда жалғасын табады.
Бағдарламаға сәйкес, басты сахнада Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әртістерінің, облыс өнерпаздарының және арнайы шақырылған эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама, республикалық ақындар айтысының екінші күні өтеді. Сонымен қатар, этноауыл алаңында Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің басқа облыстарынан қатысатын ортаазиялық, халықаралық қолөнершілерінің жәрмеңкесі, павлодарлық суретшілердің көрмесі, көкпар, бәйге, қазақша күрес секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады.
Одан бөлек, басқарма басшысы тамыз айында Қимадиден Нығмановтың 100 жылдығы, Рүстембек Омаровтың 105 жылдығы, Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілетінін айтты.
— 3 тамыз күні Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылының «Тәуелсіздік» саябағында көрнекті ақын, өлкетанушы, қазақ өнерінің жанашыры, жыршы, сазгер, Ұлы Отан соғысының ардагері Қимадиден Нығымановтың 100 жылдығына арналған мерейтой өтеді. Айтулы шара аясында саябақта 10 киіз үй тігілген этноауыл құрылады. Сонымен қатар, сахнада Қимадиден Нығымановтың «Атырау» атты кітабының тұсаукесері, аудан өнер-паздарының қатысуымен концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады. 10 тамыз күні Аққулы ауылында Абай күніне, Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына және ауданның 85 жылдығына арналған мерейтой ұйымдастырылады. Іс-шара Аққулы ауылында орнатылған Абай бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алады. Одан әрі Аққулы ауылынан Шарбақты ауылына жолға шығып, Шарбақты ауылында орнатылған Р.Омаровтың тақтайшасына гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасады. Аққулы ауылының орталығында 16 киіз үйден тұратын этноауыл болады. Сонымен қатар, этноауыл алаңында қолөнершілер жәрмеңкесі жоспарланған. Қазақша күрес және бәйге бойынша жарыстар да өтеді, — деді Медет Алпысбайұлы.
Одан бөлек, 24 тамыз күні балалар жазушысы, журналист, өлкетанушы Мүбәрәк Жаманбалиновтың 100 жылдығына орай Ертіс ауданының Ертіс ауылында ақынның кітабының тұсаукесері, көрме, республикалық оқырмандар конференциясы ұйымдастырылады.
Айта кетейік, биыл белгілі тұлға-лардың мерейтойына орай жыл бойы 1700-ге жуық шара өткізу жоспарланып отыр.
Айдана БОРАНБАЕВА.