Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылының тұрғындары жыл басында көше жолдарын жөндеу, жарықтандыру және су желілерін тартуға қатысты мәселелерді көтерген еді. Бүгінде бұл түйткілдер өз шешімін тауып келеді.

Шаһар басшысы Нұрлан Дүйсенбинов Қанаш Қамзин ауылдық округінің Алғабас ауылына жұмыс сапарымен барып, мұндағы ауылішілік жолдарды асфальттау бойынша жүргізіліп жатқан істердің барысын бақылады. Жыл басында Тәуелсіздік көшесінің тұрғындары әлеуметтік желілерде жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру және сумен жабдықтау желілерін жүргізу мәселелері бойынша жүгінген болатын. Бүгінде көше жарығы мен сумен жабдықтау желілері тартылып, Тәуелсіздік көшесіндегі жолдарды асфальт-тау жұмыстары аяқталып қалды.
Сонымен қатар, Нұрлан Дүйсенбинов Көктас ауылына ат басын бұрды. Бұған дейін газетімізде «Көктастың көпірі келмеске кетті ме?» деген мақала жазған едік. Мұнда шөп тасу кезінде қолданылатын көпір су астында қалып, жергілікті жұрт мал азығын тасып ала алмай қаламыз ба деп алаңдаушылық білдірген болатын. Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі уақытта понтон көпірі судан алынып, 9 бөлікке бөлінді. Енді екі жақты тексеру және қажет болған жағдайда дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық қажетті жөндеу жұмыстары жүргізілген соң понтон көпірі қайта орнатылады.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.