Аудандағы ірі елді мекендердің бірі Песчан ауылында биыл жаңа су құбыры іске қосылады. Нақтысы, мұнда ескірген су құбыры жаңартылуда.
Аталмыш ауыл тұрғындары көптен бері мәселені көтеріп келген еді. Яғни, ескі құбырдан келетін судың сапасына көңілдері толмады. Халықтың өтініш-тілегі ескеріліп, өткен жылы құбырларды ауыстыру жұмыстары басталған. Аудан әкімі Азамат Маңғұтовтың мәлімдеуінше, екі жылдық жобаның құны – 2 млрд 215 млн теңге. Құбыр тарту және су тазарту қондырғыларын орнатуды «Толағай-2050» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Қазіргі таңда 30 шақырымдық құбырдың 27 шақырымы ауыстырылған. Мердігер айдың соңына дейін су желілерін тартуды аяқтамақ. Одан кейін су тазарту станциясы мен судың ағынын көтеретін бірінші сорғы станциясының жабдықтары орнатылады.
Г.МАҒЖАН.