Биыл елімізде бақша өнімдерінің алқабы 8,9 пайызға азайыпты. Energyprom.kz сайтының ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылы елімізде 98,1 мың гектарға қауын-қарбыз егілген. Былтыр 107 мың гектарда өсіріліпті. Бақша өнімдерін өсіретін өңірлердің алғашқы алтылығында аймағымыз да бар.

Қауын-қарбызды көптеп егетін өңірлердің көшбасында бұрынғыша Түркістан облысы тұр. Жалпы бақша өнімдері алқабының 75,2 пайызы — аталмыш ыстық аймаққа тиесілі. Бұл облыстың шаруалары биыл алқаптарды әртараптандырып, өнімнің табысты түрін өсіруге көшуді ұйғарыпты. Сарапшылар да осы пікірді алға тартып отыр.

Бақша өнімдерін өсірумен Түркістан облысынан бөлек, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу және Павлодар облыстарының диқандары айналысады.

Бақша өнімдері алқабының азаюы тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға жете ме деген сауал туындайды. Осы ретте, ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес былтыр 2,8 млн тонна бақша дақылдары жиналған. Оның 1,4 млн тоннасы – қарбыз. Мұндай мол өнімге былтырғы қуаңшылыққа қарамастан қол жеткізілген. Биыл жағдайдың оңалғанын ескерсек, мамандар өнімділік өткен жылғыдан да жақсы болады деп болжауда.

Қазақстанда өсірілетін қауын-қарбыздың 99 пайызы ішкі нарықта сатылатын көрінеді. Өзге елден маусымаралық кезеңде ғана жеткізіледі. Қазақстандық шаруалардың шетелге жіберетін көлемі де айтарлықтай көп емес. Көбінде Ресей мен Белорус елдеріне экспорттапты.

Күн сүйетін қауын мен қарбызды солтүстік өңірге жататын аймағымыздың диқандары да амалын тауып өсіріп келе жатқанын көпшілігіңіз білесіздер. Қауын-қарбыздың алқаптары облыста Аққулы, Павлодар ауданы, Екібастұз бен Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында бар. Басым бөлігі — Аққулы ауданында. Бұл ауданның қауын-қарбызын «өзіміздікі» деп өзгеден ерекше көріп, асыға күтетініміз де рас. Бір өкініштісі, бұл аудандағы шаруалар да бақша дақылдарының алқабын биыл азайтыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, былтыр 1938 гектарға қауын-қарбыз дәнін сепкен. Биыл бұл өнім егілетін егістік көлемі 38 пайызға азайған. Аққулы ауданында бақша дақылдарын өсіретін ірі «Қайрат» шаруашылығы мал шаруашылығына ден қойыпты. Сәйкесінше, көпжылдық шөптер өсіруге басымдық беріп, бақша өнімдері алқабын қысқартқан. Бұл дегеніңіз, биыл Аққулы ауданынан дүкен сөрелеріне әкелінетін қарбыз көлемі кемиді. Диқан өткен жылы 76,6 мың тонна қарбыз алса, биыл 48,2 мың тонна өнім жинайды деп болжануда. Павлодарлық қауын-қарбызды жаппай жинау қыркүйекте басталады.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.