Аудан аумағында полиция бөлімінің мамандары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасын ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді анықтады.

Жол-көлік оқиғасын азайту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында қырағылықты арттыру мақсатында қолға алынған шара жыл сайын өткізіледі. Мамандар жолдың арғы бетіне жүгіріп өткен, көлік рөлінде отырып ұялы телефон қолданған, мас күйде темір тұлпар тізгіндеген, жаяу жүргіншіге жол бермеген жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, скутер, мопед мінген жасөспірімдердің ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

— Бірер күннен кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар мектепке барған уақытта көшеде қозғалыс көбейеді. Сол себепті тұрғындар арасында жол ережесін түсіндірудің маңызы зор. Ата-аналардан жолда келе жатқанда жол тәртібін сақтауды, балаларға да жол ережесін үйретуді сұраймын. Ал жүргізушілер жылдамдықты шамадан тыс арттырмай, жаяу жүргіншіге жол беруі тиіс. Тәртіп сақталған жерде оқыс жағдай болмайтынын қаперде ұстау керек, — дейді аудандық әкімшілік полиция қызметінің бастығы Мадияр Қадірхан.

 

А.АСҚАРҚЫЗЫ.