Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын мұқият тыңдадық.
Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуының басым бағыттарын айқындаған ауқымды мәсе-лелер айтылды. Соның ішінде көңіліме қонғаны – елімізге кірген инвесторлар мен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлерін елді көркейтуге, ауылды дамытуға, қарапайым халыққа қол ұшын созуға шақыруы болды.
«Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады» деп атап өтті Президент өз сөзінде.
Расында, инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер жасалып, экономикалық қылмыстар реті қысқартылған. Енді соның қайтарымы болу керек. Себебі, ауыл соған мұқтаж. Әсіресе, әркім өзінің туған ауылына қарайлассын, қолынан келген көмегін көрсетсін. «Туған елге туыңды тік» деген осы. Қазір мемлекеттің түрлі деңгейдегі жеңілдетілген несиелерін, қайтарымсыз гранттарын және басқа да қолдауын пайдаланатын азаматтар елдік мәселеге келгенде бұғып қалады. Міне, осындай азаматтарды ел игілігі жолындағы жұмыстарға жұмылдыру керек.
Мәдина ЖҰМАДИЕВА, кәсіпкер, Павлодар ауданы.