Өңірде сүтті мал шаруашылығы қалай дамуда?

 Бүгінгі таңда аймақтың ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып келеді. Әсіресе егін, мал шаруашылығы мен экспорт және инвес-тициялық жобалар бойынша өсім бар. Павлодар облысында сүт өндіру бағыты мен асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында биыл 4 тауарлы сүт фермасы ашылады. Сүт бағытын-дағы мал басын арттырудың маңызы зор. Сүт және сүт өнім-дерімен тұрғындарды тұрақты қамтамасыз ету – азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізудің маңызды бөлшегі.

 Инвестиция бойынша көшбасшымыз

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы екі жылда Павлодар облысы ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту бойынша республикадағы жетекші орындардың біріне ие болды. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 1,2 есеге өсіп, 136 млрд теңгені құрады. Ал 2023 жылдың жартыжылдығында агроөнеркәсіптік кешенге құйылған инвестиция көлемі 1,3 есе ұлғайып, 6,2 млрд теңгені құрады. Соңғы екі жарым жылда облыста 14 тауарлы сүт фермасы ашылды. Нәтижесінде сүт өндірісі 38 мың тоннаға артты, 49 млрд теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар, 700-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы екі жылда облыс көлемінде тағы 8 тауарлы сүт фермасын салу жоспарлануда. Олар сүт өндіру көлемін қосымша 43 мың тоннаға арттыруға және асыл тұқымды мал басын 6 мың басқа ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі қосымша 29 млрд теңгені құрайтын болады.

Агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде 2022 жылы 22,3 млрд теңге сомасына 16 жоба іске асырылды. Оның ішінде «Аgrо-Trade PV» ЖШС құны 6,9 млрд теңге болатын 1 200 басқа арналған ферманы салды. Аталмыш ферманың қуаттылығы жылына 10 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, былтыр «Ертіс» ЖШС құны 500 млн теңге болатын, қуаттылығы жылына 2 мың тонна сүт өндіре алатын 1000 басқа арналған кәсіпорынды қайта құрды. Алдағы уақытта бұл шаруа қожалығы мал басының санын арттыру үшін қосымша қоражай құрылысын жүргізіп, сүт өнімін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүт өнімімен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, «Буренка» ЖШС құны 300 млн теңгені құрайтын сүт өңдеу зауытының құрылысын бастады.

Инвестициялық жобалардың бірі – «Аgrо-Trade PV» ЖШС биыл голоштино-фриз тұқымының сүт бағытындағы импортталған асыл тұқымды 399 бас сиырын әкелді. Ірі қаралардың бұл тұқымы сүтті бағытта болғандықтан, тәулігіне орташа есеппен 24 литр сүт сауылады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Даниядан 337 асыл тұқымды мал әкелінеді деп күтілуде. Шаруашылықта өндірілген сүт қала аумағындағы қайта өңдеу цехтарына өткізіледі. Мұнда 70 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта шаруашылық қуаттылығын кеңейтіп, қосымша қоражай құрылысын жүргізіп, мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл жерде 1 700 гектар алқапта заманауи суару технологияларын қолдана отырып, көкөністер мен мал азығы дақылдары өсірілуде. Жалпы бұл фермада заманауи сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялар және сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Бұдан бөлек, шаруашылық мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауылшаруашылық техни­каларымен қамтылған. Шаруашылыққа сатып алынған асыл тұқымды ірі қара малдың аналық басына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасына сәйкес, мемлекет тара­пынан қолдау көрсетілген.

Кәсіпорын басшысы Қуаныш Темірғалин бүгінгі таңда шаруа қожалығында мал азығына қажет жем-шөп сақтайтын қоражайлар мен 10 мың тонналық көкөніс қоймасы салынғанын атап өтті. Оның айту­ынша, мал азығын дайындауда, сақтауда ешқандай ысырапшылдыққа жол бермей, қажетті әрі сапалы жем-шөпке қол жеткізу қажет. Бұл мәселені шешуге ең алдымен шаруа қожалықтарының басшылары құлықты болулары тиіс.

– «Сиырдың сүті – тілінде» дегендей, сүт өндіруді дамытудың алғышарттарының бірі – тұрақты әрі сапалы мал азығы қорын жасау. Біздің өңір аграрлы аймақ болғандықтан сүт бағытындағы мал басын арттыруға толық негіз бар. Бұл сала мал шаруашылығындағы және аграрлық саладағы ең күрделісі болып саналады. Оның сәтті дамуына көптеген факторлар, оның ішінде мал тұқымының асылдығы, сауын сиыр­ларды ұстау ерекшелігі, олардың саулығы мен дайындалатын өнімнің сапасы әсер етеді. Алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда мал табынын жаңартып отыру, мал азығы қорын нығайту, қолда бар мал қораларын жаңғырту, жаңашыл техноло­гияларды енгізу қажет, – дейді кәсіпорын басшысы.

Сүт өндірісі артпақ

Ауыл шаруашылығы саласында 2023-2026 жылдарға 226 млрд теңгені құрайтын 69 жобаны іске асыру жоспар­лануда. Оның ішінде 2 млрд теңгеге 100 млн теңгеге дейін 10 жоба, әрқайсы-сының бағасы 100 млн теңгеден жалпы сомасы 224 млрд теңгеге 59 жоба бар.

Биыл 200-ден астам жұмыс орнын құрумен 33 миллиард теңгенің 27 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 18,6 млрд теңгеге 3 мың басқа арналған 4 тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ. Атап айтсақ, «Аңдас» шаруа қожалығы құны 7 млрд теңгені құрайтын 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы бой көтереді. Қуаттылығы жылына 10 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін ферманың құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Ақсу қаласында «Кронос Павлодар» ЖШС құны 10,3 млрд теңге болатын 1200 басқа арналған дәл осындай заманауи тауарлы сүт фермасын іске қосады. Оның қуаттылығы жылына 6 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, биыл Успен ауданында «БИК» ЖШС де құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 515 басқа арналған шикізат алу орнының жұмысын бастайды. Қуаттылығы жылына 3 мың тонна сүт өндіре алатын ферма болашақта өндіріс көлемін арттырып, кеңеюді көздеп отыр. Сонымен қатар, Аққулы ауданында «Сабырхан» шаруа қожалығы 100 млн теңгеге 100 басқа арналған осындай ферма ашады. Алдағы уақытта аталған шаруашылық та қоражай құрылысын жаңартып, сүтті бағытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Жалпы, бұл жобаларды жүзеге асыру сүт өндіру көлемін 19 мың тоннадан астам, ет өндірісін 46 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Павлодар облысында сүтті мал шаруашылығын дамыту шеңберінде жалпы қуаттылығы 20 мың басты құрайтын 36 тауарлы сүт фермасы мен агроөнеркәсіптік кешендер жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 14 тауарлы сүт фермасы заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Тауарлы сүт фермаларындағы жалпы ірі қара малдың саны 34 908 басты құрайды. Оның ішінде бағымдағы сиырлар – 15 032 бас. Ірі қара малдың негізгі тұқымдарының ішінде 26 225 бас симментал, 4 509 бас голштин-фриз сиырлары бар. 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыс бойынша сүт өндірісі 34 700,6 тоннаны құрады.

Сүт бағытындағы мал басын арттыру жұмысы жолында шешерлік мәселе жетерлік. Алдымен оны халықтың бақуаттылығын арттыруға ықпал ететін экономикалық санат ретінде қарастыру тиімді. Бұл жұмыста мемлекеттік және салалық бағдарламалардың барлық артықшылықтарын барынша пайдалану қажет. Қалай десек те, аталмыш саланы дамытудың табысының кілті аграрлық құрылымдар басшыларының жаңашылдығы, іскерлігі мен белсенділігіне, ауыл тұрғындарының жаппай қатысуына тікелей байланысты болмақ.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.

А.МҰҚЫШЕВ.