Аңшыларға жаз басталды екен деп арқаны кеңге салудың қажеті шамалы. Әр аңды атуға рұқсат берілген мерзім бар. Аң-құстың тізімі бекітіліп, арнайы лимит те қарастырылған. Бүгінде аймағымыздағы жануарлар дүниесін қорғауға жауапты мамандар түрлі акциялар ұйымдастырып, табиғат тепе-теңдігін сақтауға барынша атсалысуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қалай? Заң бұзушылықтар азайды ма? Сауалдарымызға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев жауап берді.

– Руслан Мәлікұлы, жануарлар дүниесін қорғауға байланысты түрлі акциялар ұйымдастырасыздар. Нәти-жесі қандай?

– Иә, жыл бойы орманды және жануарлар дүниесін қорғауды мақсат еткен көптеген акция өтеді. Бұл ретте, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасының ауқымы кең. Қанша жерден тәртіпке шақырсақ та, акция барысында аң аулау ережесін бұзғандар анықталып жатады. «Киік» акциясының да жүгі ауыр. Биыл акция көктемгі кезеңде 15 сәуірден бастап 15 мамырға дейін өткізілді. Қысқы мезгілде 1-31 желтоқсан аралығында ұйымдастырылады. Акцияны өткізу кезінде құқық қорғау, табиғат қорғау және өзге де органдардың өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы бекітіледі және бірлескен іс-қимыл жоспарлары келісіледі. Көктемде 2 дербес жұмыс тобы, 1 табиғат қорғау органымен бірлескен топ құрылды. Қорғау шаралары барысында табиғатты қорғау заң талаптарын бұзушылықтар анықталған жоқ. Жалпы, жыл сайын заңбұзушылықтардың азайып келе жатқанын атап өткен жөн. Әрине, бұған акциялардың оң әсері бар.

– Қай уақытта қандай аңдарды аулауға рұқсат етіледі? Заң бұзушыларға қандай жаза қарастырылған?

– Құмсалғыш, бөдене, көгершінді 20 тамыздан 30 қарашаға дейін, қаз, үйрек, тазқұс , қарақұйрықты тамыз айының соңғы сенбі күнінен бастап 30 қарашаға дейін, кекілікті қыркүйек айының бірінші сенбісінен бастап 30 қарашаға дейін, борсықты 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін, сібір елігін 15 шілдеден аталықтарын, 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін аналық пен төлдерін, қоян, қарсақ, түлкіні 15 қазаннан 15 ақпанға дейін, суырды 15 маусымнан ұйқыға жату кезеңіне дейін аулауға рұқсат етіледі.

Жазаға тоқталсақ, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 382-бабын, яғни, Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу, Қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ, жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және (немесе) аң аулау қағидаларын бұзу – жеке тұлғаларға – 5 АЕК, шағын кәсiп-
керлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 25 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

– Аймағымызда ақбөкендердің саны күрт өсіп, шаруалар зар қақсап отыр. Жануар малдың жем-азығына ортақтасып, егіндерді таптауда. Бүгінде облыста ақбөкендердің саны қаншаға жетті? Оларды ату фактілері тіркелді ме?

– Ақбөкендерді заңсыз аулау-шыларға жаза күшейтілгеннен бері жануардың саны біршама өскені байқалады. Ақбөкендерді заңсыз аулау үшін жауапкершілік шараларын күшейту мақсатында Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің 2023 жылға дейін ғылыми мақсаттардан бөлек киіктерді аулауға тыйым салу туралы бұйрығы шыққан. Бұл ретте, жануардың еркегін атқандарға 500 АЕК (1 миллион 400 мың теңге), аналығы мен төлін аулағандарға 350 АЕК (1 миллион теңге) айыппұл қарастырылған. Соңғы рет ақбөкендерді ату фактісі 2018 жылдың 9 тамызында орын алғанын атап өткен жөн. Киелі жануар Баянауыл және Май аудандарының аумағында мекен етеді. Бүгінде облыс аумағын шамамен 25 мың ақбөкен мекен етеді. 2022-2023 жылдары ауыл шаруашылығы иелерінен, шаруа қожалықтарынан ақбөкендерден зардап шеккені туралы арыз, шағым түскен жоқ.

– Ақпаратыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.