Екібастұз десе көмір кеніштері ойға оралатыны белгілі. Мұнда соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді. Бұрындары шаруалар көбіне төрт түлікті түлетуге мән берсе, қазір егіншілікпен айналысып, малдың жем-азығын молынан әзірлеуді әдетке айналдырған.

Қалалық ауыл шаруа-шылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Сәдуақасовтың айтуынша, Екібастұз ауылдық аймағы жер көлемі бойынша облыста Баянауыл ауданынан кейін екінші орында тұр. Сәйкесінше, мұнда ауыл шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктері мол. Бүгінде екібастұздықтардың иелегінде 34 мыңға жуық жылқы, 50 мыңнан астам ірі қара, дәл сонша көлемде ұсақ мал тіркелген. Шаруалар малды асылдандыру жұмыстарын жүйелі жалғастырып жатыр. Атап айтсақ, ірі қара бағытында қазақтың ақбас сиырларының үлесі басым. Қала берді, герефорд және әулиекөл тұқымды ірі қараны ұстауға ниет еткендер көп.

– Шынын айту керек, көрсеткіш деген сөзді көп қолданбауға тырысамын. Бұл сөз жоспарлы экономика кезеңінде, яғни әр жіп, әр әскери техника есепке алынып, жоспарланған уақытта өзекті еді. Қазір нарықтық экономиканың заңдылығы басқа. Қуантарлығы, мал шаруашылығымен айналысып жүрген екібастұздық шаруалар заман ағымынан қалмай, жаңа технологияларды енгізуге ұмтылып келеді. Осы орайда, мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өткен жөн. Техника алсаң да, малды асылдандыру жұмыстарын жүргізсең де субсидия беріледі, – дейді Ж.Сәдуақасов.

Белгілі болғандай, биыл жергілікті шаруалар 20 мың гектарға көпжылдық шөп, картоп және дәнді дақылдарды еккен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Егіс алқабының 3 мың гектары суармалы екенін атап өткен жөн. Яғни, суармалы алқапты дамытуды мықтап қолға алған шаруашылықтар жауынды күтпей-ақ, табиғатқа тәуелді болмай-ақ шаруасын дөңгелетіп отыр. Бұл бағытта соңғы жылдары 5 жоба жүзеге асыпты. Бүгінде тағы бір жобаны өңірлік үйлестіру кеңесі қарас-тырып жатқан көрінеді. Жалпы, алдағы уақытта құны 3 млрд теңгені құрайтын 1600 гектар суармалы алқаптың жобасы жүзеге асады деп күтіліп отыр.

Жоғарыда Екібастұз өңірінде көмірден басқа ештеңе шықпайтындай көрінетінін жаздық. Десе де, мұнда да мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезініп, кәсібін дөңгелетіп отырған шаруалар аз емес.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде шағын шаруаларды біріктіріп, кооператив құру ісі мықтап қолға алынған еді. Жасыратыны жоқ, қазір бұл жоба өз нәтижесін бермей, жоспарланған шаралар қағаз жүзінде қалды. Қолға алған шаруаны аяқсыз қалдырмай, көштен қалмай келе жатқан кооперивтер некен-саяқ. Солардың бірі – Әлкей Марғұлан ауылдық округіндегі «Марғұлан-2017» ауыл шаруашылығы кооперативі. Оған «Бұламбаев» жеке кәсіпкерлігі және «Талан» шаруа қожалығы кіреді.

«Бұламбаев» жеке кәсіпкерлігі негізінен егін шаруашылығы және пішен дайындаумен шұғылданады. Көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, мол өнім жинауға ниетті. Соңғы жылдары техника паркін жаңартып алған. Күзгі ораққа «Есіл» комбайндары әзір тұр. Бірер жыл бұрын лизингпен оның әрқайсысын 38 миллион теңгеге сатып алыпты.

Шаруашылық соңғы жылдары алғаш рет судан шөбін өсіруді қолға алған. Себебі, судан шөбі құрғақшылыққа төзімді. Даланың қау шөбіне қарағанда 4-5 есе құнарлы, малға жұғымды. Ауа райы жайлы болса, судан шөбінен бір маусымда екі рет өнім алуға болады. Жалпы, тәуекелді егіншілік аймағына жататын Екібастұз өңірінде мал азығы үшін біржылдық және көпжылдық шөптерді егудің тиімділігі көп екенін атап өткен жөн.

Жасұлан Сәдуақасовтың айтуынша, жыл сайын жергілікті шаруалар шамамен 30 жаңа трактор сатып алады. Яғни, әр жылда техника паркін жаңарту үшін миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады. Бастысы – мемлекет тарапынан субсидия қарастырылған.

– Технологиялар қарыштап дамып келе жатқан заманда ешкім ескі техниканы тізгіндегісі келмейді. Бұл ретте, жаңадан сатып алынған техникаларда барлық жағдай жасалған. Желдеткіші, тоңазытқышы бар. Мемлекеттік қолдауды айтып жатырмыз ғой. Жаңа бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты». Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын агробизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Тағы бір атап өтерлігі, шаруалар несиені екінші жылдан бастап төлейді. Яғни, алғашқы жылы шаруасын дөңгелетіп алуға мүмкіндік қарастырылған. Міне, нағыз қолдау! Осындай бағдарламалар жалғасын тапса, ауыл тұрғындарының табысы артып, ауылымыз ажарлана түсетіні анық, – дейді Жасұлан Сәдуақасов.

Оралхан ҚОЖАНОВ,