Үкімет отырысы барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов жыл соңына дейін егістіктерді цифрландыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан басқа, Ауыл шаруашылығы министрлігіне егіс және егін жинау науқандарына байланысты туындайтын барлық мәселелерді шешу үшін республикалық жедел штабтың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жүктелді.

Отырыс барысында Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігіне өңірлердің әкім-діктерімен бірлесіп фермер-лердің агротехнологияларды сақтауын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімдеріне арамшөптер мен зиянкестерге қарсы егістіктерді химиялық өңдеуді бақылауға алу жүктелді.

– Облыс әкімдіктері «Қазақстан Ғарыш сапарымен» бірлесіп, жыл соңына дейін құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес өрістерді цифрландыру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет. Биыл 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік несиелеу және 21 млрд теңгеге өнімді форвардтық сатып алу көзделген. Аграрларға 522 мың тонна астыққа тауарлық несие берілді. Дизель отынын нарықтық бағадан 30 пайыз төмен бағамен қажетті көлемде жеткізу қамтамасыз етілді. Отандық минералды тыңайтқыштар өндірушілерімен жұмыс жүргізілді. Оларды субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге қарастырылған, – деді Премьер-Министр.

Бұған дейін хабарланғандай, АШМ субсидиялау қағидаларына түзетулерді бекітті, оған сәйкес агрохимиялық картограммаларды пайдалану жөніндегі талап 24 сәуірден бастап уақытша алынып тасталды. Сондай-ақ, 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы арқылы өрістерді цифрландыру бойынша кейінге қалдыру енгізілді. Алайда, белгіленген мерзімге дейін фермерлер осы егістіктерді құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес міндетті түрде түзетуі керек.

А.МҰҚЫШЕВ.