Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерін қолдау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Кең дала» бағдарламасы бойынша 3 млрд теңге бөлді. Сонымен қатар, шаруалардың жұмысын оңтайландыру мақсатында мобильді қосымшаны іске қосуды және кепілді онлайн тіркеуді жоспарлап отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Марлен Нәбиев Павлодар облысының шаруалары қаржылық қолдаудың қандай құралдарын пайдалана алатынын айтып берді.

– Бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қолдау аясында Аграрлық несие корпорациясында «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы жұмыс істейді. Ол арқылы агроөнеркәсіп кешенінің түрлі салалары қаржыландырылады. Бұл бағдарлама бойынша несиенің пайыздық мөлшерлемесі 22 пайызды құрайды. Оның 16 пайызы субсидияланады. Яғни, қарыз алушы үшін мөл-шерлеме 6 пайыздан аспайды. Бұл бағдарламаға ел бойынша 56,5 млрд теңге, Павлодар облысына 1,8 млрд теңге бөлінді.

Бүгінде оның 784,2 млн теңгесі игерілді. Бұдан басқа, «Кең дала» бағдарламасы аясында шаруалар көктемгі дала жұмыстарына айналым қаражатын толықтыра алады. Бұл жағдайда қарыз алушы үшін пайыздық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды, – деді ол.

Сонымен қатар, Марлен Нәбиев клиенттерге ыңғайлы болу үшін қазіргі таңда «Аграрлық несие корпорациясының» барлық жұмыс процестері жүйелі түрде автоматтандырылғанын жеткізді. Енді 6 миллион теңгеге дейінгі шағын несиеге өтінімді онлайн түрде беруге болады. Өтінішті мақұлдағаннан кейін азаматтар гаджетті немесе компьютерді пайдаланып, қажетті құжаттар пакетін жібереді. Бұл мақсатта Павлодар облысына 785 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта оның 170,8 млн теңгесі игерілді.

А.МҰҚЫШЕВ.