«Ағаш — жапырағымен, жер — топырағымен» дейді қазақ. Бабын таба алмасаң, жұмыр жердің торқалы топырағы да тозады. Ал топырақтың құнарын сақтау, жерді ауылшаруашылығында тиімді пайдалану бүгінгі таңда отандық аграрлық ғылымның басты міндеттерінің бірі болып отыр. Ертіс-Баян өңірінің ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері қара топырақтың құнарын арттыру мақсатында дәстүрлі ауыспалы егіс схемасын қайта қарап, мал шаруашылығына басымдық беру керек деп есептейді.
Топырақтың тозуына әкелді
Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру және оны ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалану мәселелерін шешу қазір еліміздегі аграрлық ғылымның басты міндетіне айналды. Ғалымдардың пайымдауынша, топырақтың құнарлылығын реттеуде негізгі рөлді ауыспалы егістер атқарады. Бірақ тың игеру кезінде ауыспалы егістерді ұзақ уақыт бойы пайдалану және тыңайтқыштардың әртүрлі әдістерін қолданбау топырақтың құнарлығын төмендетті. Бұдан соң, негізгі астық өндірілетін өңірлерде топырақты ұзақ уақыт бойы механикалық өңдеу жердің құнарлылығын арттыратын тиімді құрал деп саналды. Алайда, уақыт өте келе топырақтың механикалық өңдеуі әсерінен әсіресе таза сүрі жер танаптарының жиі (жазда 5-6 рет) өңделуі нәтижесінде қарашірінді құрамының мөлшері біршама азайып кетті. Сондай-ақ, су мен жел эрозиясының пайда болу көрінісі байқалып, нәтижесінде топырақ құнарлылығының азайып жоғалуына, яғни біртіндеп тозуына әкелді. Бірнеше жылдан бері тәжі-рибелі ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен арнайы ғалымдар аталмыш саладағы түйткілдің шешу жолдарын қарастырып, топырақ құнар-лылығын қалпына келтіру мен жақсарту мәселесін күн тәрті-бінен түсірген емес. Сала ғалымдары соңғы жиырма жылдың көлемінде жердің құнарлылығы 40 пайызға төмендегенін алға тартады. Шабындықтар мен жайылымдық жерлердің жағдайы нашарлап, ауыл тұрғындары мал азығы мен жайылымсыз қалу қаупінің алдында тұр. Бұл мәселені 20 жылға жуық уақыт зерттеп келген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Құдайберген Қанапияновтың тұжырымы бойынша, тың игеру кезінде жыртылған жердің терең қабаттарындағы табиғи тұздар жер бетіне көтеріліп, мұның салдары топырақ құнарлығының төмендеуіне, сондай-ақ, өнімнің азаюына әсер етті.
— Шамамен, 2000-шы жылдардың басында өңірде өсімдік шаруашылығына қатысты аталмыш мәселе туындап, аграрлық саланың қызметкерлерін біраз әбігерге салды. Мәселен, жергілікті диқандар дәнді дақылдардың тіпті, суперэлиталық түрін барлық технологияларды сақтай отырып, оңтайлы мерзімде еккенімен, кейбір жерлерде олардың өнімі көңіл көншітпеді. Бұның себебін түсіну үшін әріптесім екеуіміз егістік жерлерді бірнеше жыл зерттеп, бес метр тереңдіктен сынама алдық. Зерттеу жұмыстарымыздың бірінші кезеңі 2006 жылы аяқталды. Нәтижесінде, жердің 75-160 сантиметр тереңдігінде улы тұздардың мөлшері шекті рұқсат етілген концентрациядан 7-10 есе асып түскенін анықтадық, — дейді ғалым.
Мәселенің шешімі қандай?
Павлодар өңіріндегі ең астықты елді мекендердің бірі — Ертіс ауданында алғашқы зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым Құдайберген Қанапиянов егістік алқаптарында жердің сортаңдануының себебін анықтап, ауыспалы егістің жаңа схемасына негізделген технологияны ұсынды. Ғалымның пікірінше, солтүстік өңірлерде ауыл шаруашылығының басты бағыты өсімдік шаруашылығына емес, мал шаруашылығына бөлінуі тиіс. Себебі, жердің құнарлылығын сақтау және жақсарту үшін алты-жеті жылдық ауыспалы егістік қажет. Яғни, көпжылдық мал азығы. Бұл, біріншіден, мал шаруашылығын дамытуға өңірдің барлық аудандарын қажетті жем-шөппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан астық ауыспалы егісінен бас тартып, фитомелиоративтік егіншілік жүйесіне көшу керек, яғни топырақты жақсартуға көмектесетін шөптерді: бұршақ, көпжылдық өсімдіктерді егу керек. Екіншіден, мұндай жүйемен топырақтың құнарлылығы артып, егістік алқаптарындағы өнімнің де көлемі өседі. Мәселен, бидайдың бір гектарынан 10-12 центнерден емес, 20-30 центнерге дейін өнім жинауға болады. Атанға жүк болар аталмыш мәселені жергілікті ауыл шаруашылығы саласының арда-герлері мен сала мамандары бірнеше жыл қатарынан көтеріп, жауапты мекеме басшыларына арнайы хат та жазған. Олар Ертіс-Баян өңіріндегі егістік алқаптарын өңдеуді жақсартудың бағдарламасын әзірлеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін айтады. Ардагер аграрилер ауыспалы егіс реформасымен қатар тәжірибе станциялары-
ның базасында көпжылдық шөптерді өндіру және көбейту орталықтарын құру керек деп есептейді. Сонымен қатар, сала мамандары облыста мал шаруашылығының негізі жергі-
лікті ауа райына бейімделген ірі қара – солтүстікқазақстандық меринос пен Еділбай қойы, қазақтың ақбас тұқымы болуы керек деп санайды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев елдегі мал шаруашылығы өнімдерінің жартысынан көбін қамтамасыз ететін шағын жеке қожалықтарды қолдау шара-
ларын күшейту керектігін жеткізді.
– Мемлекет тарапынан мал шаруашылығына қазір орасан зор ресурстар жұмсалуда. Ет пен сүттің шексіз көлемін өндіру мүмкіндігін өткен ғасырдың 30-жылдары ұжымдастыру қар-
саңында Қазақстанда жүргізілген мал санағы дәлелдеп берді. Сол кездегі мәліметтер бойынша елімізде 40 миллион бас шартты мал тіркелген. Алайда, қазір қаражат көзінің басым бөлігі ірі кешендерге ғана беріліп отыр. Ал 60 пайызға дейін өнім беретін шағын шаруашылықтарға көрсетілетін қолдау қауқарсыз. Бұл олардың болашақта жоғалып кетуіне әкелуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларына шалғай ауылдардағы тауар өндірушілерге берілетін көліктік субсидиялар енгізу қажет. Облыс орталығынан шалғай ауылда тұратын кәсіпкерлер сүт немесе ет қабылдау және өңдеу орталықтарына жақын тұратын кәсіпкерлермен тең дәрежеде жұмыс істеуге құқығы бар, — дейді сала ардагері.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласының бір топ ардагерлері мен сала мамандары ауыл тіршілігіне қолайлы жағдай жасау үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, Павлодар облысында пилоттық жобаны іске қосуды сұрап отыр. Себебі ауыл төңірегіндегі шабындық және жайылымдық жерлердің жағдайы түзелмей, елдің де оңалмайтыны белгілі. Мәселенің маңыздылығын түсінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы былтыр егістік алқаптарындағы абаттандыру жұмыстарының технологиялық карталарын әзірледі. Алайда, ауыз толтырып айтатын нәтиже жоқ әлі.
Бетті әзірлеген – А.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.