Бүгінгі таңда өңірде балық өсірумен айналысатын 20-ға жуық жеке шаруашылық жұмыс істейді. Жер қойнауын пайдаланушыларға балық өсіру үшін су айдындары 10 жылдан бастап 49 жылға дейінгі мерзімге жалға беріледі. Сондай-ақ, балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2021 жылдан бастап аталмыш салаға субсидиялар бөлінуде.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай облыс бойынша көлдерді жалға алған 8 жер қойнауын пайдаланушы ағымдағы жылы 47 мыңнан астам тұқы балықтарын табиғи ортасына жібергенін мәлім етті. Оның сөзінше, көлде кәсіптік балық өсіруге арналған су қоймаларына одан бөлек 16 мыңнан астам балық тұқымы жіберілді.

– Павлодар облысының балық шаруашылығы қорын халықаралық маңызы бар Ертіс өзені, республикалық маңызы бар 9 су айдыны (Екібастұз су қоймасы және Қ.Сәтбаев атындағы каналдың №1–ден №8 су тораптары) және жергілікті маңызы бар 219 су айдыны (оның ішінде 56 тұзды және 163 тұщы) құрайды. Ағымдағы жағдай бойынша жергілікті маңызы бар 63 су айдыны 38 жер қойнауын пайдаланушысына бекітілген. Бекітілген су айдындарының ішінде 30 тұзды және 33 тұщы су айдыны бар. Сонымен қатар, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың 8 су торабы (канал құрамына 9 су қоймасы кіреді) «Қаныш Сәтбаев атындағы каналы» филиалының «ҚазСуШар» РМК бекітілді, – деді Н.Қазтай. Сонымен қатар, басқарма басшысының орынбасары Ертіс бассейнінде кәсіптік балықтың 12 түрі мекендейтінін мәлім етті. Оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген бекіре балығы да бар. Сондай-ақ, спикер Ақсуда осы бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіретін балық шаруашылығы ашылғанын атап өтті.

– Павлодар облысында көбінесе балық өсіру үшін тұқы тұқымы таңдалады. Себебі бұл балық түрі ортаға тез бейімделеді. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап балық ресурстарын молайту аясында Ертіске бекіре балықтары жіберіле бастады. Олардың жалпы қордағы үлесі аз болғанымен мамандар болашақта оны көбейтуді көздеп отыр. Бүгінгі күнде табиғи тіршілік ету ортасына 8 жер қойнауын пайдаланушы 47 мың 735 дана осы жылғы тұқы тұқымын жіберді. Бұдан басқа, бекітілген су айдындарға 16 мың 500 дана көлемінде басқа балық түрлері жіберілді. Сонымен қатар, балық ресурстарына және басқа да су жануарларына келтірілген және келтірілетін зиянды өтеу шеңберінде Ертіс өзеніне «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ 122 мың 118 дана тұқы балығын, сондай-ақ, «Қазақстан су жолдары» РМҚ-мен 121 мың 485 дана тұқы балығын жіберді. Бұдан бөлек, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың «ҚазСуШар» РМК 1 млн 155 мың 950 дана тұқы тұқымын жіберді, – деді ол.

 

А.МҰҚЫШЕВ.