Өңір экономикасында аграрлық саланың алатын орны айрықша екені белгілі. Жергілікті тұрғындардың елеулі бөлігі — жерден несібе терген қарапайым еңбек адамдары. Сондықтан аталған сала әрдайым мемлекет қолдауына ие болып, бұл бағытта нақты қамқорлық көрсетіліп келеді. Жыл санап аталмыш «асыраушы сала» заман талабына сай бейімделіп, алыс және жақын шетелге шығатын экспорт өнімдеріне ден қоюда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаевпен сұхбат барысында осы бағытта атқарылатын жұмыстар барысы таразыланып, алдағы мақсат-міндеттер әңгіме өзегіне айналды.

– Төлеген Баянбайұлы, биылғы жылдың жиын-терім науқанын қорытындылап, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласында қандай ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтсеңіз…

— Биылғы жылы 3 мыңнан астам шаруа мемлекеттік қолдаумен қамтылып, 78 миллиард теңге көлемінде қаражат төленді. Оның ішінде 33 миллиард теңге субсидияға, 45 миллиард теңге жеңілдетілген несиеге тиесілі. Соңғы 3 жылда облыста ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,5 есеге (135 млрд теңгеден 320 млрд теңгеге дейін) өсті. Оның ішінде мал шаруашылығында 1,7 есеге (106 млрд теңгеден 184 млрд теңгеге), өсімдік шаруашылығы – 5 есеге жуық (28 млрд теңгеден 136 млрд теңгеге дейін) өсуі байқалады. Ауыл шаруашылығына негізгі капиталға инвестиция ағыны да 2 есеге өсіп, 98,4 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында да ауыл шаруашылығы жануарлары мен оның өнімдерінің өсімінің оң динамикасы байқалады. Жыл басынан бері сүт өндіру 4 пайызға (360 мың тонна), тірі салмақтағы ет 12 пайызға (81 мың тонна) өсті. Тұқымның өнімділігін арттыру мақсатында биыл өңірге 1432 бас сүтті ірі қара әкелінді. Бұдан бөлек, ауыл тұрғын-дарының табысын арттыру мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарлама аясында облыс кәсіпкерлеріне 192 шағын несие беріліп, 350 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде мал шаруашылығына 1212,2 млн теңге сомасына 160 несие, өсімдік шаруашылығына 43,8 млн теңге сомасына 5 несие, жабдықтарды сатып алуға – 199,9 млн теңгеге 22 несие және ауыл шаруашылығы емес кәсіпкерлік үшін 44,1 млн теңге сомасына 5 несие берілді. Жобаның арқасында ауылдық жерлерде 121 жеке кәсіпкер өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, 50-ден астам жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар шаруашылықтарын кеңейтті. 21 ауыл шаруашылығы кооперативі қаржыландырылды (19 жаңа және 2 жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығы кооперативі).

— Биылғы қолайсыз ауа райы салдарынан өнім шығым-дылығынан шығыны артқан жергілікті диқандар мемлекеттен көмек сұрап, дабыл қағуда. Шаруаларға қандай көмек көрсетілуде?

— Ағымдағы жылдың басынан бері 885 жаңа шаруа және фермер қожалықтары тіркелді. Биылғы жылғы қуаңшылық шаруалар үшін қиын болғаны жасырын емес. Қолайсыз ауа райы салдарынан облыс бойынша 153 мың гектар дәнді дақылдар мен 34 мың гектар майлы дақылдар есептен шығарылды. Дегенмен, мемлекет астық жинау науқанына қаржылық және материалдық-техникалық қолдау көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Атап өтсек, 1,5 мыңнан астам шаруаны (1199 ірі қара, 339 ұсақ шаруа қожалықтары) қамти отырып, жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жануарларының жем-шөбінің құнын төмендетуге 3 млрд теңгеге қосымша қаражат бөлінді. Бір ірі қара мал басына 7 мың теңгеден 15 мың теңгеге, ұсақ малға 3 мың теңгеден 5 мың теңгеге дейін арзандату үшін норма ұлғайтылды. Сондай-ақ, шөп шабу науқанына арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мың тоннадан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Операторлық қызметтерді есепке алғанда бір литрдің құны 232 теңгені құрады, бұл нарықтық бағадан 21 пайызға төмен. Бұдан бөлек, шөп дайындауға мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 25 мың гектардан астам шабындық жерлері бөлініп, 25 мың тонна шөп дайындалды. Халыққа сату үшін 5 мың тонна көлемінде азықтық астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Сонымен қатар, жақында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде республикалық бюджеттен жалпы сомасы 6,8 млрд теңгеге қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталды. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 3,9 млрд теңге (тұқым шаруашылығы – 1,4 млрд теңге, пестицидтер – 1,1 млрд теңге, минералды тыңайтқыштар – 1,4 млрд теңге), мал шаруашылығына – 2,3 млрд теңге, инвестициялық субсидияларға 605 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда облыстағы 38 шаруа қожалығы 1,3 млрд теңге көлемінде сақтандыру төлемдерін алды.

— Шаруалардың несие мерзімі ұзартыла ма?

— Бүгінде зардап шеккен шаруаларға қаржы институттары арқылы жеке негізде несие мерзіміне қатысты мәселе қарастырылуда. Қазіргі уақытта облыста 152 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер несиелерін өтей алмай қиналып отыр. Сол себепті несие мерзімін ұзартуға 97 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өтініш берді. Қазір оның 40-тан астамы мақұлданды. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ 4 өтінішті, «ҚазАгроҚаржы» АҚ 27 өтінішті және кредиттік серіктестіктер 11 өтінішті мақұлдады.

— Өнеркәсіптің негізгі бағыттарының бірі – өсімдік шаруа-шылығы екені белгілі. Ағымдағы жылы егіс диқандарының еңбекті ұйымдастыру, техникалық жарақтануы қаншалықты дайын болды? Биылғы жылы өнімнің сапасы қандай?

— Биылғы қуаңшылықтың салдарынан 187,7 мың гектар жерден майлы және дәнді дақылдар есептен шығарылды. Бұл жалпы егістік алаңының 15 пайызын құрады. Оның ішінде дәнді дақылдар – 153,5 мың гектар, майлы дақылдар – 34,2 мың гектар. Осылайша құрғақшылық дәнді дақылдардың жалпы өніміне әсер етті. Облыстың өсімдік өсірушілері биыл 370 мың тоннадан астам астық өндірді. Бұл бұрынғы деңгейден 2 еседен астам (884,7 мың тонна) төмен. Алайда, құрғақшылық суармалы алқаптарға көп кері әсерін тигізе қойған жоқ. Биыл картоптың жалпы өнімі былтырғы жылмен салыстырғанда 133,4 мың тоннаға (672,9 мың тонна) өсті. Сондай-ақ, көкөністің де 19,2 мың тоннаға дейін өсу көрсеткіші тіркелді. Мұндай жоғары көрсеткішке облыстағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер заманауи егіс жүйелерін пайдаланып, перспективалы сорттарды, ылғал ресурстарын үнемдейтін технологияларды енгізу арқылы және 20 мың тонна минералды тыңайтқыштарды қолдану арқылы қол жеткізді. Қуаңшылыққа қарамастан биыл облыс диқандары республика бойынша картоптың 24 пайыздан астамын, сәбіздің 38 пайызын өндірді. Бұл – облысымыздың брендіне айналған, ішкі нарықта ғана емес, республикадан тыс жерлерге де экспортталатын 800 мың тоннаға жуық картоп пен 200 мың тонна сәбіз. Қазіргі уақытта облыс бойынша орылған алқаптың алаңы 1267,4 мың гектарды құрайды. Жалпы ағымдағы жылы облыс бойынша егістіктің аумағы 1649,5 мың гектар жерді құрады. Бүгінде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны толықтай аяқталды. 895,4 мың гектар алқаптан 368 мың тонна дәнді дақылдар жиналды. Орташа өнімділік гектарынан 4,1 центнерді құрады. Сондай-ақ, 244,8 мың гектардан 98 мың тонна майлы дақылдар, 24,7 мың гектар жерден 806,3 мың тонна картоп, 6,7 мың гектардан 261,2 мың тонна көкөніс жиналды.

— Өнеркәсіпке салынған инвестициялардың көлемін ұлғайту өңір тұрғындары үшін өте маңызды. Бұл тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Аталмыш бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Жыл сайын облыс бойынша ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, инвестициялық жобалар бойынша биыл облыс 98 млрд теңге көрсеткішпен республикада екінші орынға ие болды. Бұл былтырғы жылғы деңгейден 1,2 есеге артық. Жыл соңына дейін инвестиция ағыны 135 миллиард теңгеге дейін артады деген болжам бар. Инвестициялар ағынын арттыруда несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бағдарламалары, сондай-ақ, инвестициялық субсидиялар маңызды рөл атқарды. Биыл бұл бағдарламаларды жүзеге асыруға 16 млрд теңге бөлініп, жыл басынан бері 2,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жобасын субсидиялауға мүмкіндік туды. Биыл облыс бойынша жалпы құны 6 миллиард теңгеден асатын 18 жоба іске қосылды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы 19,5 млрд теңгеге 30 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. 2023 жылы «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрылымдық бөлімшелері жалпы сомасы 33 477,8 млн теңгеге 667 несие берді. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 14 798,4 млн теңгеге 431 несие, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 11 319,4 млн теңгеге 252 несие, «Кең дала» бағдарламасы бойынша 3000 млн теңгеге 113 несие және «Іскер» (қайта инвестициялау) бағдарламасы бойынша 479 млн теңгеге 66 несие берілді. Бұдан басқа, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 18 679,4 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 236 қарыз алушы қаржыландырылды.

— Шаруалардың техникалық базасы жыл санап жаңарып жатқанын айтып өттіңіз. Жалпы, жеңілдетілген бағамен жаңа техника сатып алу жолы қалай жүзеге асуда?

— Жалпы, биыл астық жинау науқанына 2284 комбайн, оның ішінде 2140 астық жинайтын комбайн, 1033 жатын комбайны, 2668 бірлік автокөлік және 1275 трактор тіркемесі жұмыл-дырылды. Айта кетейік, 2023 жылы облыс бойынша 36,5 млрд теңгеге 848 ауыл шаруашы-лығы техникасы, оның ішінде 16 астық жинау комбайны сатып алынды. Жеке қаражат есебінен 17,8 млрд теңге сомасына 160 бірлік техника сатып алынды. Лизингтік компаниялар арқылы облыс диқандарының техникалық базасы құны 18,7 млрд теңгені құрайтын 688 бірлік заманауи техникамен толықты.

— Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан — А.МҰҚЫШЕВ.