Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров облысқа жұмыс сапарымен келді. Министр бірқатар ірі және әлеуметтік бағыттағы сауда және агроөнеркәсіптік нысандарды аралалап, кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жергілікті тауар өндірушілермен кездесті.
Өңірімізге жасаған жұмыс сапары аясында ведомство басшысы ат аялдатқан алғашқы алқап «AgroTrade PV» серіктестігіне тиесілі. Аталған агроқұрылым Павлодар ауданындағы Ольгино ауылында орналасқан. Мұнда 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Шаруашылықта қазір 40-қа жуық адам еңбек етеді. Ал алдағы уақытта тұрақты жұмыс орындарының саны 70-ке дейін көбеймек. Бір айта кетері, аймақта қазір осы іспетті 36 тауарлы сүт фермасы бар. Олардың 13-і соңғы екі жылда салынған. Нәтижесінде облыста сүт өндірісі екі есе ұлғайып, асыл тұқымды мал басы артты. Кәсіпорын директоры Қуаныш Темірғалиннің айтуынша, фермада күніне 30 мың литрге дейін сүт өндіріледі. Ал кәсіпорын толық қуаттылық деңгейіне шыққан кезде жылына 10 мың тонна сүт сауылмақ.
— Аграрлық несие корпорациясынан 7 млрд 600 млн теңге несие алып, мемлекеттің көмегінің арқасында біз осы жобаны іске асырдық. Осылайша жергілікті нарыққа сүт шығара бастадық. Салынған қаржының қайтарымы 7 жыл деп жоспарлап отырмыз. Жұмысқа жақын маңдағы ауыл тұрғындарын алып жатырмыз. Сондай-ақ, көктемде малдың жем-азығын дайындау сынды маусымдық жұмыстар басталады. Күзде жиын-терім бар. Оған да ауыл адамдарын жұмылдырамыз, — дейді Қ.Темірғалин. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мемлекеттік қолдау шаралары еліміздегі сүтті мал шаруашылығының әлеуетін арттырып, жергілікті кәсіпорындардың технологиялық жаңғыруына үлкен мүмкіндік бергенін айтты. Сондай-ақ, шаруалар нарығын тексеру барысында министр мұндай жобаны еліміздің өзге өңірлерінде де кеңейту қажеттігін атап өтті.
— Диқандарды қолдау мақсатында Үкімет биылғы қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету бойынша кешенді шаралар қабылдады. Біріншіден, егін ору науқанына 426 мың тонна (Павлодар облысында – 38,9 мың тонна), жем дайындауға 58,0 мың тонна (Павлодар облысында – 5,9 мың тонна), астық сатып алуға 62,5 мың тонна (Павлодар облысында – 2,0 мың тонна) жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Екіншіден, «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары тауар өндірушілерге қатысты өсімпұл қолданбай, қосым-
ша несиелер беруде. Бүгінгі таңда барлығы 1051 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 48,5 млрд теңгеге міндеттемелерді орындау мерзімін ұзарту туралы өтініштер келіп түсті. Оның ішінде 37 млрд теңгенің 852 өтінімі мақұлданды, 9,1 млрд теңгенің 138 өтінімі қаралуда. Соның ішінде Павлодар облысы бойынша 7,4 млрд теңгеге 140 өтініш (6,9 млрд теңгеге 132 өтініш қанағаттандырылды, 252,8 млн теңгеге 3 өтініш қаралуда) түсті. Үшіншіден, субсидияларды толық көлемде төлеу бойынша міндеттемелерді орындау шаралары жүргізілуде. 2023 жылға бекітілген бюджетте барлығы 432,3 млрд теңге субсидия қарастырылған, оның 33 млрд теңгеге жуығы Павлодар облысына бөлінген, — деді министр. Сондай ақ, ведомство басшысы тамақ өнімдері бағасының өсуі аясында бүкіл әлемде заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын ауыл шаруашылығы жобаларын дамытуға баса назар аудару керектігін айтты. Оның сөзінше, ең алдымен мұндай жобаларды қолға алу қажет. Мемлекеттік қолдау арқасында бұл үлкен әлеуметтік және экономикалық нәтиже бермек.
— Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Министрлік қазіргі уақытта қолданыстағы Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. 2030 жылға дейін егіс алқаптарын әртараптандыру, су үнемдейтін технологиялар қолданылатын суармалы жерлердің ауданын ұлғайту, машина-трактор паркін жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жалғасын таппақ. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде өнімді қайта өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылатын болады, — деді ол. Бұдан бөлек, жұмыс сапары барысында Министрлік делегациясы «Агро», «Молком-Павлодар», «Жан-Дос KZ» ЖШС сияқты бір-
қатар ірі компаниялар мен «Jailay» фермерлік базарын аралады. Министр бүгінгі таңда облыс ішкі тұтыну тауарлары өндірісін дамыту бойынша үлгілі өңірлердің бірі болып табылатынын айтты. Бұған аталмыш базардың ашылып, табысты жұмыс істеуі де мысал бола алады. Фермерлік базардың жалпы ауданы 1073 шаршы метрді құрайды, мұн-
да бүгінде 30-дан астам жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері қаладағы ең арзан бағамен ұсынылған. Айта кетейік, бүгінде облыста 25 базар, 4 гипермаркет, 119 супермаркет, 77 шағын маркет және 124 сауда үйі бар.
— ҚР Қаржы министрлігі биылғы жылы Үкімет резервінен өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына және қаржы құралдарына 30 миллиард теңгеден 90 миллиард теңге бөлуді қолдады. Өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға 60 миллиард теңге бөлініп, жергілікті бюджеттерге аударылып, шаруаларға төлемақы төленіп жатыр. Оның ішінде Павлодар облысына 6 млрд теңге тиесілі (өсімдік шаруашылығы – 3,9 млрд теңге, мал шаруашылығы – 2,1 млрд теңге), — деді А.Сапаров. Жұмыс сапарының соңында министр жергілікті фермерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесіп, тұқым шаруашылығын субсидиялау, техника мен минералды тыңайтқыштар сатып алу, мал шаруа-шылығын дамыту жөніндегі мәселелерді талқылады. Министрдің сөзінше, мемлекеттік көмек жоспарға сәйкес төленеді. Биыл оның көлемі екі есе артып, агроөнеркәсіптік саланы дамытуға бағытталмақ. Мәселен, ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін жергілікті бюджеттерге инвестициялық субсидиялар мен пайыздық мөлшер-лемелерді субсидиялауға 30 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.