Мемлекет 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласына субсидия төлеудің жаңа тәртібін енгізді. Жалпы, жергілікті фермерлер үшін осы ережелердің жиі өзгеруі өзекті мәселелердің біріне айналғаны жасырын емес. Себебі кейбір шаруалар жоспарлау кезінде өздерінің ұзақмерзімді жобаларын іске асыра алмай қалып жатады. Олардың тірлігіне қағазбастылық та тұсау болуда. Не де болса, осы субсидия төңірегенде дау-дамай тарқамайтын болды. Өйткені мемлекеттік қолдаудың кем-кетік тұстары жетерлік. Сонымен, 2024 жылы жағдай оңала ма, жалпы субсидия тақырыбында шешілмеген қандай түйіндер бар? Шаруалар нені білуі тиіс?

Субсидия талаптары өзгерді

Ауыл шаруашылығы саласын өркендету үшін шаруаларды қолдаудың маңызы зор. Мемлекет басшысы фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын. Бұл ретте шағын және орта шаруашылықтарға субсидиялардың ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету, оларды алу рәсімдерін оңайлату және автоматтандыру, субсидия алушылар үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, сондай-ақ, субсидиялау жүйесін мемлекеттің өнеркәсіптік саясатымен өзара байланыстыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы айтқандай, шаруалардың уақтылы субсидия алуларына субсидия талаптары қолбайлау болып отыр. Егер осы тұста жеңілдіктер жасалса, мемлекеттің қолдауы сезіліп, еңбеккерлер егін алқабы мен мал басын арттыра түсер еді. Нәтижесінде ішкі нарықтың қажеттігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Фермерлік шаруашылықтарға айтарлықтай әсер ететін субсидиялау жүйесіндегі өзгерістер, әсіресе бұқаларды жалға алу және шаруашылықтың есептік нөмірінің міндетті болуы контекстінде 2024 жылдан бастап күшіне енді. Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап өз құрылымында репродукторы мен бордақылау алаңы бар шаруашылықтар субсидия алмайды. Бұған дейін мұндай фермерлер репродуктордан мал бордақылау алаңына көшкен кезде мемлекеттен (басына 60 мың теңге) өтемақы алған болатын. Енді шаруашылықтар тек өз күштеріне сенуге мәжбүр болады. Бұдан бөлек, мал шаруашылығында асыл тұқымды мал басын сатып алу кезінде шошқа шаруашылығын қоспағанда, барлық қолданыстағы субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалды. Мұнда шошқаның аналық басы үшін өтемақы нормативі бұрынғы 140 мың теңгенің орнына 1 басқа 100 мың теңгеге дейін төмендеді.

Асыл тұқымдының жөні бөлек

Селекциялық-асылдандыру жұмысы шеңберінде субсидиялау да іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Жаңа ережеде селекциялық-асылдандыру жұмыстары мәселелерінде фермерлерге көбірек дербестік берілетін болады. Енді ол өз қалауы бойынша көбеюдің 3 тәсілінің кез-келгенін таңдай алады: жасанды ұрықтандыру, еркін ұрықтандыру, мамандандырылған жасанды ұрықтандыру құрылымдарының қызметтерін пайдалану. Сонымен қатар, 1 өндірушіге жүктеме ғылыми нормаларға сәйкес келтірілген, яғни фермер өзінің қаржылық мүмкіндіктеріне байланысты өндірушілерді бұрынғыдай, 1:25 қатынасында емес 1:20 және 1:30 арақатынасы арасында сатып ала алады. Жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты бұқалар мен қошқарларды жалға беруді субсидиялау ғана жойылады. Сондай-ақ, импортталған ірі қара малдың аналық басын сатып алу бағыты алынып тасталды, импортталған аналық мал басын сатып алумен қайталанатын және тұқымдық шығу тегіне сәйкес келу бойынша қайталанады. Тауарға тән субсидияларды бұрынғыдай жалпы сипаттағы трансферттер есебінен қалдыру ұсынылды. Бұл ретте, күркетауық еті мен суда жүзетін құсты субсидиялау жойылды, өйткені олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жатпайды. Өндірілген әрбір жұмыртқа үшін 3 теңге субсидия нормативімен тағамдық жұмыртқа өндірісін субсидиялау алынып тасталды. Сондай-ақ, асыл тұқымды малды импорттау кезінде Екінші деңгейдегі банктегі қаржы институтының арнайы шотына субсидиялар аудару жөніндегі норма жойылды. Бұқашықтар мен қойларды бордақылауға және ет комбинаттарына тапсыру бойынша субсидиялау нормативтері өзгеріссіз қалды. Бұл ретте, малды өзінің бордақылау алаңдарына ауыстыратын шаруашылықтар үшін орын ауыстыру нормасы жойылды.

Су үшін тариф қымбаттайды

2024 жылдан бастап шаруалар үшін су тарифі қымбаттайды. ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, министрлік суармалы судың тарифін өсіру бойынша монополияға қарсы комитетпен жұмыс істейді. Сондай-ақ, тариф есебінен бес жыл ішінде ирригациялық жүйелерді жөндеуге қосымша 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады.

– Министрлік құрылғаннан бері біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бүгінде барлық облыста қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Сондықтан су тарифі көтеріледі деп айта аламыз. Ең алдымен бұл суды үнемдеумен байланысты. Суды нормативтен тыс пайдалану жаңа тариф бойынша төленеді. 2024 жылғы 1 қаңтардан (судың жаңа тарифін) енгізуді жоспарлап отырмыз, – деді Н.Нұржігітов. Министр су тарифінің өсуі қарапайым тұтынушыларға емес, шаруа-ларға қатысты екенін атап өтті.

Жайылым жерлер туралы заң өзгереді

Қазақстан жайылым жерлерінің көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұр. Бүгінгі таңда елдегі 184 млн гектар алқап мал жаюға қолайлы. Алайда ауыл халқы малын бағар жер таппай жүр. Осы мәселені шешу үшін мәжіліс жайылым жерлер туралы заң жобасын қарап, мақұлдады. Жаңа құжатта Жайылымдарды конкурссыз беру нормасы алынып тасталды. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметтері бойынша бұған дейін 2 миллион гектардан астам алқап жеке және заңды тұлғаларға конкурссыз берілген. Елдімекеннің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін нығайту үшін көпшілік пайдаланатын жайылымдар деген жеке ұғым енгізілді. Заң жобасын қарау барысында 200-ден аса ұсыныстар түсті, 72-сі қабылданды.

Фермер алдымен не істеуі керек?

Субсидия алғысы келетін фермерлер бірқатар қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мысалы, өтінімді қалыптастыру кезінде құжаттарды дұрыс емес толтыру. Бұдан басқа, жануарлар бойынша есепке алудың болмауы, құжаттардың жетіспеуі, заңгерлік білімнің болмауы, сондай-ақ меншік құқығында немесе мемлекеттен ұзақ мерзімді жалға алу кезінде жер телімдерінің болмауы субсидия беруден бас тартуға себеп болуы мүмкін. Өтінімді ойдағыдай қалыптастыру және мемлекеттен өтемақы алу үшін фермерлерге бірнеше кеңес беріледі. Бірінші кезекте құжаттарды уақтылы дайындау, қажетті деректемелердің бар-жоғын тексеру және ауыл шаруашылығы басқармасына субсидияларға қажеттілік туралы хабарлау қажет. Сондай-ақ, жануарларды есепке алу және тіркеу маңызды. Ірі шаруашылықтар жағдайында құжаттарды есепке алу және дайындау үшін мамандарды тарту ұсынылады. Жануарларды сәйкестендіруді, құжаттарды дайындауды және өтінімді субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы жіберуді қамтитын іс-қимыл алгоритмін мұқият орындау керек. Тек осылай ғана субсидияларды табысты алуды және мемлекеттен қолдауды қамтамасыз етуге болады.

Қаржы қай мақсатқа беріледі:

Бүгінде ауыл шаруашылығы саласында субсидияның 13 түрі бар екен. Олар мынадай мақсаттарға беріледі:

– агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін арзандату;

– агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау;

– агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату;

– тұқым шаруашылығын дамыту;

– агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыруды дамыту;

– мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру;

– басым дақылдардың, оның ішінде көпжылдық екпелердің өндірісін дамыту;

– отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын арзандату;

– ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантинді объектілерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын арзандату;

– ауылшаруашылық тауарларын өндiрушiлерге суды беру бойынша көрсетiлетiн қызметтердiң құнын субсидиялау;

– асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;

– қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау;

– агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру мен сақтандыру шеңберінде субсидиялау.

 

Жыл сайын мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында сатып алынған тұқым, жем-шөп, тыңайтқыш, гербицид және суармалы су шығыны мемлекет тарапынан субсидияланып келеді. Биыл да бұл мақсатқа қомақты қаржы қаралды. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мұндай қолдау шаралары отандық аграрлық секторға үлкен дем беретіні сөзсіз

 

А.МҰҚЫШЕВ.