Дала перзенттері — диқандар қауымы үшін тағы да мазасыз кезең басталды. Мұның бір жағы қуаңшылық қаупімен байланысты болса, екіншісі егістіктің басты жауы — шегірткеге қатысты. Шегіртке саяқ күйінде де алқап біткенді аралап, тал-қурайына дейін тақырлап кетуі ғажап емес. Осыған байланысты облыстық штаб өз жұмысын жандандыра түсті. Себебі,  өңіріміз астықты аймақ болғандықтан егінге зиян келтіретін аса қауіпті организмдермен күресу күн тәртібінен түскен емес. Олай болмаған жағдайда қанатты зиянкестер егіннің шығуына кері әсерін тигізіп, көптеген шығынға ұшыратуы мүмкін.

Химиялық зауыт қажет

Қазақта «шегірткеден қорыққан егін екпейді» деген сөз бар. Әрине, шегіртке — егіннің жауы, шыңдап келсе еңбегіңді еш қылуы мүмкін. Бірақ қазір — басқа уақыт, жаңа заман. Мұндай зиянды жәндіктермен күресуге толықтай мүмкіндік бар. Сол себепті, отандық фермерлер үшін шегіртке баяғыдай қорқынышты емес деуге болады. Десе де, салғырттық танытып, сәл тізгінді босатсаң, опық жеп қалатының анық. Сондықтан жергілікті әкімшіліктер мен жеке шаруа қожалықтары өз егіс алқаптарындағы күдікті, күмәнді жағдайларды дер кезінде жауапты мекеме өкілдеріне хабарлап отыруы тиіс. Шегірткемен күрес тек егіс алқаптары үшін емес, жалпы қоршаған ортаны қорғау мақсатында да жүргізіледі. Өйткені, қонған жерін тақырлап кететін бұл зиянкестер табиғатқа да көп кері әсер етеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл шегірткемен күреске 3,8 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. Болжам бойынша, шегіртке 1,6 млн гектар аумаққа таралуы мүмкін. Республикалық бюджеттен берілетін қаражат пестицидтерді және химиялық өңдеуді сатып алуға жұмсалмақ. Осыған орай, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бүгінгі таңда пестицидтің түрлі топтарындағы препараттары сатып алып жатыр. Сатып алу дегеннен шығады, біздің елде шегіртке және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерінің зиянкестерін жоюға арналған препарат дайындайтын бірде-бір химиялық зауыт жоқ. Сапалы дайын өнімді шетелден сатып аламыз немесе препараттың негізін құрайтын затты әкеліп, қоспасын қосып пайдаланамыз. Тек осыдан бірер жыл бұрын Степногорск қаласындағы кәсіпорын өзімізде өндірілетін қоспаларды қосып, өнім шығаруды қолға ала бастады. Енді осы кәсіпорынның жұмысын одан әрі жетілдіріп, толық циклды дайын өнімді алатындай жағдайға жеткізу керек.

Облыстағы ахуал қалай?

Жалпы, облыс көлеміндегі шегірткенің жайылуы, онымен күрес мәселелері жергілікті ауыл шаруашылығы басқармасының тұрақты назарында. Егістің басты жауы болып отырған шегірткенің таралу аймақтары қатаң бақылауда ұсталып, соған қатысты тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биыл Павлодар облысында 16 мың гектар егіс алқабында шегірткеге қарсы арнайы пестицидпен өңдеу жұмыстары өтпек.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облысы аумақтық инспекциясы шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасып жатқанын мәлім етті. Өңдеу жұмыстары Жетекші ауылында 204 гектар, Теміржолшылар ауылында 160 гектар, Кенжекөл ауылында 200 гектар, Павлодар кентінде 140 гектар жерге жүргізілетін болады.

— Химиялық өңдеу жұмыстары маусымның 11-і мен 30-ы аралығында өтеді. Өңдеу барысында улы химикаттар қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты олар жүргізілетін орындарда мал жаюға, шөп шабуға, саңырауқұлақ, жидек, емдік шөп теруге тыйым салынады.Сондай-ақ, омарташыларға сақтық шараларын сақтау жөнінде алдын-ала хабарламалар жіберілді. Бұдан өзге жер пайдаланушыларға да өз аумақтарын бақылауға алу, мониторинг жүргізу туралы ескерту берілді.Химиялық заттардың қорғаныш әсері 20 күнге дейін созылады, — деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімов үйірлі шегірткеге қарсы күрес жұмыстары 2016 жылдан бері қарқынды жүргізіліп келе жатқанын жеткізді. Өңделетін аймақтың азайып келе жатқаны марокко шегірткесінің көбею белсенділігінің жылдан-жылға төмендеп жатқанын көрсетеді. Қанатты жәндіктердің табиғатта осылайша көбейіп, азайып отыратын кезеңдері болады.

— Біздің өңірімізде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерінің екі түрі кездеседі. Олар: азиялық шегіртке және италиялық прус. Азиялық шегіртке аймағымыздың ну қамысты жерлерінде, дала егістіктерінде көп тарайды. Ал италиялық прус құмды, далалық шөлейт жерлерде көп кездеседі. Олар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ерекше қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілген. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлері мен мал жайылымдықтарын осы зиянкестерден қорғау шаралары (химиялық өңдеу жұмыстары, улы химикаттар, зерттеу) республикалық бюджет есебінен қарастырылған.Сондай-ақ, өңірде «Боз төбет» деген шегіртке бар. Олармен күрес жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 14 млн 700 мың теңге қаражат бөлінді. Жалпы, биыл шегірткеге қарсы күрес шарасы тыңғылықты ұйымдастырылды. Өңдеу жұмыстары облыс әкімдігінің тікелей бақылауында тұр. Қаражат та, дәрі-дәрмек те жеткілікті көлемде бөлінді.Соның нәтижесінде облыс бойынша шегірткелердің қауіпті ошақтары толығымен жойылды, – деді ол.

Түйін:

Бүгінгі таңда облыс бойынша шегіртке дернәсілдеріне өңдеу жұмыстары жүргізіліп, қанатты зиянкестер қатаң бақылауға алынған. Ескерте кететін жайт, ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары кезінде жауапты мекеме басшылары бал аралары мен ауылшаруашылық малдарын қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз етсе деген тілек бар. Ал кент пен ауылдық округтерде химиялық өңдеу шаралары жүргізілетін кезеңде қосымша хабарламалар берілетін болады.

А.МҰҚЫШЕВ.