«Жұмыс, жұмыс» деп жүріп, анам былтыр жазғы демалыста туған ауылына бара алмады. Туған жерін қатты сағынған болуы керек, соңғы кезде маған жиі-жиі балалық шағы мен ауылы туралы  әңгімелеп жүр…

Бүгін анамыз екеуміз демалыс болса да ешқайда шықпадық. Ол қара түсті ескі іс машинасын алдына қойып, «Миым бір демалсыншы» деп құрақ құрауға кірісті. Анамша айтсақ, бұл «Іс тігу терапиясы» деп аталады.

Менің қолымдағы телефонды алып жанына қойды да, іс машинасының құлағын бұрап, инесін сабақтап, әңгімесін бастап кетті.

«…Өзің білесің, Баянауылдың әсем табиғаты біздің Ақшиде жоқ. Шеңгел-ши басқан жазық далада не көл, не өзен жоқ.

Менің бала кезімде ауылда клуб та, дүкен де, жұмыскерлерге арналған жатақхана да, дәрігерлік пункт те болатын. Тіпті, ауылда совхозбен, аудан орталығымен аптасына үш рет қатынайтын автобус та болған. Дүкенге азық-түлік, тұздалған балық, жеміс-жидек түсіп тұратын. Тиын-тебен жинап, шырын алып ішетінбіз. Әкеміз таңертең термосқа суын құйып алып, бригаданың машинасына қарғып мінеді де, шөп шабуға кетеді. Күннің ыстық-суығына, жаңбыр-қарына қарамай, далада қолдары май-май болып, трактордың асты-үстіне шығып жүреді. Бірақ өмірге налу, тағдырға шағымдану деген жоқ. Елдің дамуына, жердің көркеюіне үлес қосып жүрміз деп мәз. Кейбір ауылдықтар жаз жайлауда, қыс қыстауда колхоз малын бағатын…»

Анашым үзілген жіпті иненің көзіне апарып, мырс етіп күліп жіберді. Аузым ашылып, тырп етпей тыңдап отырған маған қарады да, инесін сабақтады. Ауыл әңгімесі мені қызықтыра түсті. Анам маған қарай қолын созды. Қасымда жатқан қара қайшыны жерден жұлып алып, алақанына салдым. Анамның езуіне күлкі үйіріліп, әңгімесін ары қарай жалғастырды.

«…Ауыл балалары күні бойы даладамыз, ойын баласы емеспіз бе?! Ойынның түбін түсіреміз. Қозы да бағамыз, қой түгендейміз, бұзау қараймыз, бие сауысамыз, ұлдар асық ойнаса, қыздар жағы қуыршақ, дүкен ойнайтынбыз. Сендер ғой үйге қамалып, телефонға шұқшиып отырасыңдар.

Жаңбыр мол жауған күні ауыл балалары аяқтарына резеңке етік киіп алып, су жалдайды. Етіктері жоқтары жалаңаяқ суды тіліп жүреді. Сонда аяқтарына шыны, ағаш кіреді деп қорықпайды, кірмейді де. Күн батқанша суда жүреді. Ертеңгі күні солардың біреуі ауырып, төсекте жатып қалмайды.

Кешке сиыр сауылып, сүт тартылып, мал қамалып, ел орнына қонғасын екі иығынан әзер демалып тұрған дәу самауырдың шайын ішіп, төсекке құлаймыз. Кейде ауыз қимылдатуға шамамыз келмей, отырған орнымызда ұйықтап қалатынбыз.

Жаз бойы ауылдықтар бірін-бірі қонаққа шақырумен болады: бие байлар (алғашқы қымыздан дәм татқызу), құрмалдық, тілашар, сүндет той, т.б. Күзде күздікке деп бір тайынша сойып, жас етті соғамыз. Қыста бір үй соғым соятын болса, кешке көрші-қолаң, туған-туыс сол үйдің қадірлі қонағы болады. Сосын күнде бір үйден омыртқа (соғымнан ауыз тигізу) желінеді. Ауызашар, айт, ішектік тағы бар. Етсіз отыра алмайтын әкем соғымға екі-үш мал сойып алады.

Әжем аудан орталығынан, совхоздағы дүкеннен бір сетке ойыншық алып келеді. Ең соңғы үлгідегі, ең әдемі, ең көп ойыншық біздің үйде болатын. Не ішем, не киемді білмей өстік. Кәмпит-пешене төр бөлмеде жәшігімен тұрады. Ал да жей бер. Молшылық.

Аумалы-төкпелі заманда әкем жұмыссыз қалды. Қолдағы малды бағып, аш-жалаңаш болған жоқпыз. Ұн және макарон өнімдерін малға сатып алып, қап-қап қылып үйіп қояды. Ауылдағы клуб иесіз қалды, дүкенді бұзып алды, жатақхана үйге айналды, сөйтіп ауылда мектеп қана қалды, оның өзі 3 сыныптық болатын. Үш жыл ауылда оқыған балалар совхозға, аудан орталығына барып оқиды. Біз де Баянауылға барып, интернатта болдық. Ауылға каникулда келсең, кете алмай жатасың, жол жоқ. Демалысты бір-екі жұмаға ұзартып, оқуға кешігіп баратынбыз…»

Анам телефоныма бас салған маған бір қарады да:

«Иә, менің ауылымда адам қызығатын ештеңе жоқ, жол да жоқ. Кетуіңе бір күн, жетуіңе бір күн қажет кіндік қаным тамған жеріме бармасам, тезектің иісін иіскемесем, қымыз-сүтін ішіп, ет жеп жатпасам, кәдімгідей ауырамын. Қаланың шуынан, жазғы қапырығынан кейін ауыл жұмақ іспеттес. Тыныштық. Таза ауа. Жоспар-идеяларыңды ойластыруға ештеңе кедергі болмайды. Пештен жаңа шыққан ыстық нанға сары майды жағып жіберіп, буы бұрқыраған самауырдың шайын шынтақтап жатып ішкенге не жетсін», — деп орнынан тұрып кетті.

Мен ішімнен «Анашымның ауылына баратын жаз тез болса ғой» деп телефоныма үңілдім.

 

Аңсар НАСИБУЛЛА, Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебінің
9-сынып оқушысы, Павлодар қаласы.