Мен қазақпын! Татулығы мен тірлігі жарасқан қазақтай дархан елдің қызы болғаныма мақтанамын. Бал тілім былдырлап шыққанда «ана» деп үйренген өз ана тілімді анамдай құрметтеймін.

«Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте», – дегендей, мектепте орыс тілі сабағында орыс тілінде, ағылшын тілі сабағында ағылшын тілінде таза сөйлейміз. Бұл – әр пәннің бізге қойған талабы. Солай болса да, өз ана тілімді еш тілге айырбастамаймын. Тілге деген махаббат әуелі тал бесікте, содан соң мектепте үйретіледі. Қазіргі кездің өзінде де балаларын орыс мектептеріне беретін қазақ ата-аналар бар. Ел басқарып, жалпы халықты жақсы жолға бастайды, жағдайын дұрыстайды деген кей басшыларымыз халық алдына шығып алып, орысша шүлдірлеп, қазақшасы тек амандасудан аспайды. Өйткені, олардың бойында қазақпыз деген намыс жоқ.

Бүгінде қалалық жерлерде қазақша сөйлесең түсінбейтін жастар көп. Қазақша жөн сұрасаң түсінеді, бірақ орысша жауап береді. Себебі, ойын қазақша жеткізе алмайды. Дүкенге барғанда, кассада кезекте тұрғанда байқағаным: сатушы апай кез келген сатып алушымен орыс тілінде сөйлейді. Мейлі, ол қазақ болсын.  Біз неге өз жерімізде өз ана тілімізде сөйлей алмаймыз? Осы мәселе мені қатты қынжылтады.

 

Аяжан УӘЛИЕВА, Павлодар қалалық

№25 орта мектептің 8-сынып оқушысы.