Бексұлтан, Павлодар қаласы:

Жасым 14-те. Павлодар қалалық мектептердің бірінде 7-сыныпта оқимын. Осыдан 4 ай бұрын буллингке ұшырадым. Өзімнің сыныбымдағы ұлдар маған балағат сөздер айтып, ұрып-соға бастады. Бірақ мен оларға қарсы шықпадым. Осының нәтижесінде бүгінде қоғамнан алыстап, сабағым нашарлап кетті. Сырымды айтар достарым да жоқ. Ал ата-анама болған жағдайды айта алмаймын. Не істесем болады?

Сауалға тәжірибелі психолог Сәуле Ордабаева жауап береді:

– Балалар арасындағы буллинг бұрыннан бар. Тек қазіргі уақытта телефонға түсіріп алу, оны таратып жіберу секілді әрекеттер бұл мәселені одан бетер өршітіп жіберді. Сонымен қатар, қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты.

Жасөспірім өзінің жасына байланысты буллингтен өзін қорғап қала алмайды. Бұл – үлкендердің жұмысы. Дегенмен, мұндай мәселелердің алдын алу үшін ересектер балаларға түсіндіруі керек негізгі мәселелер бар:

– Өзі сенім артатын үлкендерге болып жатқан қысым туралы айту;

– Қудалауға қатігездікпен жауап беремін деп үміттену – дұрыс емес. Бұл тағы да басқа мәселелерді тудыруы мүмкін;

– Егер буллингтің куәгері болған жағдайда оны назардан тыс қалдырмауды үйрету.