Бердібек Соқпақбаев — қазақ әдебиетінде балалар өмірін шынайы суреттеген белгілі жазушы. Оның шығармаларын оқығанда қарапайым баланың қуанышы мен мұңын, арманы мен қиындықтарын түсінуге болады. Маған ерекше әсер қалдырған шығармалардың бірі — «Балалық шаққа саяхат» повесі.
Бұл шығармада жазушы өзінің балалық шағын, көрген қиындықтары мен өмірден алған әсерлерін баяндайды. Басты кейіпкердің өмірі әрдайым оңай бола бермейді. Ол түрлі қиындықты басынан өткереді, бірақ соған қарамастан өмірге қызығушылығын жоғалтпайды. Оның басынан өткен оқиғалары маған шынайылығымен ұнады.
Шығарманы оқи отырып, мен сол кездегі балалардың өмірі қазіргі балалардың өмірінен өзгеше болғанын түсіндім. Бұрынғы балалардың тұрмысы қиын болғанымен, олар еңбекке ерте араласып, қиындыққа төзімді болып өскен. Кейіпкердің өмірі арқылы автор баланың қалыптасуына отбасы, орта және қоғамның әсері зор екенін көрсетеді.
Маған шығармадағы балалық шақтың суреттелуі ерекше ұнады. Балалық шақ — адамның өміріндегі қымбат кезеңдердің бірі. Ол кезде біз көп нәрсеге таңғаламыз, достарымызбен ойнаймыз, арман құрамыз. Бірақ кейіпкердің балалық шағы тек қуаныштан тұрмайды. Оның өміріндегі қиындықтар мені ойландырды.
Бұл шығармадан мен көп нәрсе үйрендім. Адам қандай қиын жағ-дайға тап болса да, өмірге деген үмітін жоғалтпауы керек. Сонымен қатар, ата-ананы қадірлеу, достықты бағалау, еңбекқор және төзімді болу маңызды екенін түсіндім.
Менің ойымша, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасы — оқырманды балалық шаққа жетелейтін, тәрбиелік мәні зор шығарма. Кітапты оқыған кезде кейіпкермен бірге қуанып, бірге мұңайғандай болдым. Бұл шығарма маған өз балалық шағымның әрбір сәтін бағалауға және жақын адамдарымды қадірлеуге ой салды.
Саида ИСБУЛАТ,
М.Катаев атындағы Оқушылар сарайы «Қаламгер» студиясының мүшесі.
