Жүректе мәңгі сақталады

Қаз 8, 2026

Бір ғана сөздің астарында қаншама мағына, қаншама тағдыр жатыр. Әсіресе, баланың мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәтінде оның қолынан ұстап, білім әлеміне жетелейтін алғашқы ұстаздың орны бөлек.

Біздің балаларымыздың мектептегі алғашқы қадамы Павлодар қаласының №25 жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, 34 жыл ұстаздық тәжірибесі бар білікті педагог Гүлназ Қайырболатқызы Әділхановамен бірге басталды.

Мектепке алғаш келген балалардың бірі жаңа ортаға тез бейімделсе, енді бірі ұяңдық танытты. Бірі ширақ болса, бірі сабырлы, тұйық мінезімен ерекшеленді. Дегенмен, Гүлназ Қайырболатқызы әр баланың табиғатын танып, оның жүрегіне жол таба білді. Балаларды бір-бірімен салыстырмай, әрқайсысының кішкентай жетістігін үлкен қуанышпен бағалауы — ұстаздың балаға деген шынайы құрметінің белгісі.

Гүлназ Қайырболатқызының сабақтарынан оның мол тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі анық көрінеді. Ойын мен ізденісті ұштастырған қызықты тапсырмалар арқылы балалардың білімге деген ынтасы артып келеді. Олар алған білімін жаттап қана қоймай, оны өмірде қолдануға, өз ойын еркін жеткізуге, сұрақ қойып, жауап іздеуге үйренуде.

Ұстаздың тағы бір бағалы қасиеті — шәкірттерімен сенімге негізделген қарым-қатынас орната білуі. Балалар ұстазынан именбей, оған өз ойын ашық айтуға ұмтылады. Бұл сыныпта өзара сыйластық пен жылылықтың қалыптасқанын көрсетеді.

Кейде баланың мектептен келгендегі бір ауыз сөзінің өзі көп нәрсені аңғартады. «Гүлназ апай айтты», «Гүлназ апай үйретті», «Гүлназ апай мақтады» деген сөздерді қуана жеткізуі — ұстаздың бала жүрегінен өз орнын тапқанының айғағы.

34 жылдық ұстаздық жол — жай ғана еңбек өтілі емес. Оның артында мыңдаған сабақ, жүз-деген шәкірт, талай тағдыр, ата-анамен болған сансыз сырласу, әр баланың қуанышы мен қиындығына ортақтасқан жылдар бар.

Ұстаздық — күн сайын жаңарып отыратын ұлы еңбек. Себебі, әр бала — қайталанбас бір әлем. Сол әлемге жол тауып, бойындағы жақсы қасиеттерді аша білу, білімге бағыттап, адамгершілікке тәрбиелеу — үлкен жүрек пен зор жауапкершілікті талап етеді.

Біздің балаларымыздың бүгінгі өзгерісіне қарап, Гүлназ Қайырболатқызының осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқанын көреміз. Ол шәкірттеріне әріп пен санды ғана емес, бір-бірін тыңдауды, сыйлауды, көмектесуді, жауапкершілікті сезінуді және бастаған ісін соңына дейін жеткізуді үйретіп келеді.

Біз, ата-аналар үшін білім мен тәрбиені қатар алып жүрген ұстаздың еңбегі — баға жетпес құндылық.

Адамның өмірінде алғашқы ұстаздың есімі жылдар өтсе де ұмытылмайды. Өйткені, ол — білім жолындағы алғашқы баспалдақ, баланың жүрегіндегі алғашқы шамшырақ. Ал біздің балаларымыздың білім жолының бастауында мейірімі мен сабыры, білімі мен тәжірибесі, балаға деген шынайы ықыласы бар Гүлназ Қайырболатқызы тұр.

Біз, 4 «Г»-сынып оқушыларының ата-аналары, сізге шын жүректен алғыс айтамыз! Әр баланың бойындағы мүмкіндікті байқап, кішкентай жетістігінің өзін бағалап, өзіне деген сенімін арттырып жүргеніңіз үшін ризамыз.

Ізгі ниетпен,

№25 орта мектептің 4-сынып  оқушыларының  ата-аналары, Павлодар қаласы.