Ақсу қаласына қарасты М.Омаров атындағы ауылдың Жамбыл орта мектебінің «Домбырашылар ансамблі» халықаралық байқауға қатысып, аспаптық өнер аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Байқау Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өтті.
Халықаралық байқаудың облыстық кезеңі республикалық байқаулардың лауреаты, «Шаңырақ» облыстық орталы-ғының эстрадалық студиясының жетекшісі Айгүл Қалтаева және халықаралық және республикалық байқаулардың ұйымдастырушысы Ләззат Оңалбайдың ұйымдастыруымен мамыр айында Павлодар қаласында өткен еді. Онда жас домбырашылар бас жүлдені иеленіп, Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауға жолдама алды. Жас домбырашылар бұл кезеңде де бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. Қазақтың киелі аспабы – домбырамен Дәулеткерейдің «Кероғлы» күйін тамаша ойнап, өз өнерлерін паш етті. Жас таланттарды өнерге баулып, домбыраға үйретіп, түрлі байқауларда бақ сынауларына, үлкен сахналарда өнер көрсетулеріне мүмкіндік жасап жүрген жетекшілері — Қуанышбек Уәлиев. Халықаралық байқаудың бас жүлдесіне ие болу — үлкен жетістік, биік белес. Осы жетістікке жетуде Қуанышбек Жәлелұлының еңбегі зор. Ансамбльдегі балалардың жас ерекшеліктері әр түрлі. Соған қарамастан, жас домбырашылар биік белестерді бағындыруда. Халықаралық байқау-фестиваль хореография, вокал және аспаптық өнер аталымдары бойынша өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттар өзара бақ сынасты. Аспаптық өнер аталымында Шымкент, Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарынан барлығы 12 қатысушы өз өнерін ортаға салды.
— Өзбекстан елінің Ташкент шаһарындағы «Sokol» спорттық-сауықтыру кешенінде өткен халықаралық байқауға шетелге алғаш рет шыққан балаларымыз зор қуанышпен қатысып, бас жүлдеге ие болып, сонымен қатар, тамаша табиғат аясында демалып келді. Спорттық-сауықтыру кешенде көптеген үйірме жұмыс істеді. Оның ішінде шахматтан біздің балаларымыз белсенді қатысып, өз білімдерін көрсетті. Шахматтан 7-8 бала бас жүлде кубогына ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды. Өнері мен білімін жоғары деңгейде көрсете білген балаларымызға қазылар алқасы тарапынан алғыс пен құттықтаулар айтылды. Сапар барысында балалар саяхаттап, Ташкент, Шымкент қалаларын аралады. Әсіресе, киелі жерлер мен балалар ойындары оларға ерекше әсер сыйлады. Осындай таланттарымен ерекшеленген балаларымызға «Әрқашан биіктен көріне беріңдер, жолдарың ақ, болашақтарың жарқын болсын дегіміз келеді, — деп қуаныштарымен бөлісті ата-аналар. Кішкентай жеңімпаздарды Павлодар қаласының теміржол вокзалынан ата-аналары мен жақындары гүл шоқтарымен, түрлі түсті шарларымен, әдемі ойыншықтарымен, шашу шашып, ән-жырмен қарсы алды. Ата-аналар ансамбль жетекшісі Қуанышбек Жәлелұлына ризашылықтарын білдіріп, естелік сыйлық тарту етті. Сонымен қатар, балалардың байқауға еш алаңсыз қатысуына жағдай жасап, Ташкент қаласына бірге барған аналарға да сый-сыяпат табыстады. Жарайсыңдар, жас домбырашылар! Алар асу, бағындырар белестерің көп болсын!
Аяла БЕКЕН, өнерпаз оқушы.
— Ташкент шаһарының табиғаты өте әдемі, ғимараттары да керемет. Маған қатты ұнады. Өзімді бақыттымын деп есептеймін, себебі шетелге барып, өз өнерімді көрсеттім және менің өнерімді өте жоғары бағалады, сондай-ақ әр түрлі ұлт өкілдерін көрдім, мен үшін бұл — үлкен бақыт! Ерекше алғысымды ұстазым Қуанышбек Жәлелұлына айтқым келеді.
Өз тілшіміз.