Жаз — әр баланың сүйікті мезгілі. Себебі, ұзақ демалыс басталып, барлық бала отбасымен уақытты қызықты өткізіп, лагерьлерде демалады. 

Мен де демалысымды өте көңілді әрі қызықты өткіздім. Оқу жылы аяқталған соң аудандық білім беру бөлімі барлық мектептің үздік, белсенді оқушыларына  «Май Жібек жолы» жобасы аясында киелі жерлерге саяхат ұйымдастырды. Онда Ақшиман елді мекеніндегі «Қалмаққырылған» тауының тарихымен танысып, кейін Баянауыл өңіріндегі киелі жерлерге саяхат жасадық. Демалыс барысында бірнеше топқа бөлініп, түрлі ойындар мен байқауларға қатыстық. Кешкі уақытта барлығымыз аулаға жиналып, алау жағып, көңілді әндер айтып, думанды кеш ұйымдастырдық. Әр күніміз арнайы құрылған тәртіппен өтті. Тәрбиеші апайлар да бізбен бірге балаша қуанды. Сол күндерді әлі де қуана еске аламын. Саяхат кезінде достарыммен тез тіл табысып, қоштасқан сәтім әлі есімде. Осы оқу жылын тың серпіліспен бастап, озат оқушы боламын деген мақсатпен сабақ оқуға кірістім.

Аяжан ҚОСМАН,

А.Иманов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы, Май ауданы.